ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУ

ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУАзаттықтың самалымен тыныстап, еркіндікте өмір сүргенімізге биыл ширек ғасыр толады. Осы ұлы мерекеге орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің бас қаласы – Астанада «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» тақырыбымен облыс­тардың күндерін өткізу шарасы белгіленді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық меретойына арналған бұл думанды шара қыркүйек пен қараша айларында өтеді. Арқа төріндегі ару шаһардағы өңірлердің күндерін кешегі сенбі-жексенбіде Қызылорда облысы бастады. Астанаға қызылордалық делегацияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап барды.

 

Қыркүйектің 3-і күні Қызыл­орда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегацияны Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жылы шыраймен қабылдады.

Елорда басшысы Тәуелсіздігі­міздің 25 жылды­ғына орай өткізіліп жатқан шараның маңызына тоқ­талды. Ең бірінші мақсат – қол жет­кізген табыстарды көрсете отырып, өңірлердің байланысын жақсарту екендігін баса айтып өтті.

– Астана мен Қызылорда облысы арасында ауыл шаруашы­лығы, мәдениет, туризм, сауда-экономикалық салалар бойынша тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Үнемі тәжірибе алмасып отырамыз. Астанада Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына байланысты қызу іс-шаралар жүргізілуде. Жыл соңына дейін елордада осынау мерекеге байланысты 160-тан астам шара өткізіледі. Қызылорда облысы да барлық сый-сияпатымен келіп, айтулы мерекеге мәдениеті және өнерімен, арзан азық-түлік жәрмеңкесімен жан-жақты үлес қосқалы отыр. Таңертеңнен бері Сыр өңірінің табиғи өнімдерін тұтынып үлгерген астаналықтар жергілікті қауын-қарбыз және басқа көкөніс түрлерінің, Қызылорданың атақты ақ маржан кү­рішінің дәміне ризашылықтарын біл­ді­ріп жатыр. Сондықтан облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғысымызды білдіргім келеді. Ел мерейін көтеретін шараға қош келдіңіздер! – деді Әсет Өрентайұлы.

Ал облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өз кезегінде Астана әкімі мен әкімдіктің барлық өкіл­деріне осынау жылы қабыл­даулары үшін ризашылығын білдірді.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғына байланысты Астанада өтетін өңірлердің күндерін Қызылорда облысының баста­ғаны да бізге үлкен абырой. Алты Алаштың баласы, әр аймақтың қазағы өздері­мен шекаралас империялармен ұрысқа түскенде, осы Сыр өңіріне келіп ес жинап, жерімізді қорғау бағытындағы шайқасын қайтадан жалғастырып отыр­ғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, тарихы да, мәдениеті де бай Қызылорда облысы бүгін Конгресс-Холда «Сыр – Алаштың анасы» деген кон­церттік бағдарлама ұсынып, «Тә­уелсіздіктің дара жолындағы Сыр өңірінің жетістіктері» атты сурет көрмесін өткізеді. Айтулы шаралар астаналықтардың көңілінен шығарына сенімдімін, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдің экономикалық-әлеуметтік салаларда жеткен жетістіктері жай­­лы айтып берді. Сонымен қа­тар, келешекте Астана күндерін Қызылорда мен Байқоңырда өткізу жөнінде ұсыныс тастады. Астанадан космос мұражайы ашылса деген тілегін де жеткізді. Келер жылы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушылардың Қызылорда өңі­ріне сапарын ұйымдастыру да ойластырылып жатқанын айтты. Қазір салынып жатқан күллі түркі әлеміне мәлім «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағы шеттен келетін туристерді бейжай қалдырмайтынына да сенім білдірді.

Жиын соңында Қырымбек Елеу­­ұлы Астана әкімдігіне Қорқыт атаның әдеби-музыкалық мұрасы іспетті қобыз бен картинаны сыйға тартты.

Бұдан соң екі жақтың өкілдері Бауыржан Момышұлы даңғылында орналасқан Оқушылар сарайы жанындағы жәрмеңкені аралауға аттанды.

 

Елордаға сый

 

Астанадағы Қызылорда күн­дері аясында ұйымдастырылған бірнеше та­ғы­­лымды ­шараға біз де куә болдық. Ал­ды­мен 3-4 қыркүйек күндері елорда­мыз­дағы Оқушылар сарайы жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрм­ең­­кесі өтті. Ақ күріштің отаны, сырлы да жырлы өңірден шыққан автокөлік көші 2-қыр­күйекте Астана қаласына ат басын тірепті. Сыр топырағында өн­ген ауылшаруашылық өнімдерін бас қаланың тұрғындары қуана қабылдады. «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты өңірлер күндерінің беташарын бастаған Қызылорда облысының мәдени күндері шең­беріндегі жәрмеңке облыстық филармония өнерпаздарының әуезді ән, күмбірлеген күйімен өрілді. Осылайша шынайы мерекелік рухта сенбінің таңында басталған екі күндік жәрмеңкеден астаналық тұрғындардың көңілі тоғайып қана қоймай, қыстық азық-тү­ліктерін сайлап алды. Осы мол­шы­лық мерекесіне ел­ордалық тұр­ғындармен бірге аймақ басшысы Қ.Көшербаев, ­Астана қа­ла­­сының әкімі Ә.Исекешов және ҚР Парламенті Сенаты мен Мә­жілісінің депутаттары бастаған топ та келіп, жәрмеңкені аралап көрді.

ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУОблыс диқандары мен кәсіп­керлері елорда тұрғындарына барлығы 400 тон­на болатын құны 70 млн теңгенің ауыл­ шаруашылығы өнімдерін әкеліп, нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен ұсынды. Бұған әрине, бас қала тұрғындары дән риза.

– Азық-түлік бағалары қуан­тады. Мен күріш, болгар бұрышын, алма сатып алдым. Бәрі арзан. Осындай жәрмеңкелер жиі өткізілсе екен, – дейді Астана тұр­ғыны Гүлнар Әлімжанова.

Осынау айтулы оқиға даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Жәр­­меңке өтетін алаңның төріне ұлт­­тық өрнекпен безендірілген ақшаңқан киіз үйде «Ақ күріштің атасы – Ыбырай» атты көрме ұйымдастырылды. Осы маңда ор­на­­­ласқан өнер сахнасында биші­лердің мың бұралған биі және сырлы саз бен күмбірлеген күй асқақтап тұрды.

Облыс әкімі бастап келген делегация жәрмеңке сөрелерін аралап көрген соң осы көрмеге аялдап, дарабоз диқан атамыз тұтынған заттар мен еңбек құралдарын тамашалады.

ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУБұған қоса, жәрмеңке өтіп жат­қан алаңда Сыр елі ­тауар өн­дірушілерінің жетістіктерін көр­се­тетін көрмеге келушілердің на­зарын аударды. ­Облыстық ин­дус­­триялық-инновациялық даму бас­қармасының ­басшысы Ри­нат Сұлтангереевтің айту­ын­ша, көрме астаналық әріптестермен іскерлік қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мұнда өңірде өндіріліп, жо­ғары сапасымен тұтынушы кө­ңілінен шыққан озық өнімдер қойылыпты. «Қазақстанда жасал­ған» маркалық белгісін иеленген бренд өнімдер қатарында өзіміздің «Аралтұз» АҚ өндірген ас тұзы, «Ару ана» шаруа қожалығының құрты мен шұбаты, «РЗА» АҚ-ның сүт өнімдермен қатар елімізге кеңінен танымал «Абзал и К» ТС және «Жан-Арай», «Сыр-мар­жаны» ЖШС ақмаржаны, «СПК Қы­­зыл­орда Балық» кәсіпорны ба­­лығы, «Браунис» өнімдері, яғни жеке кәсіпкер Сайлығараевтың конфеті мен қазалылық кәсіпкер Ф.Қазбергенованың кондитер өнім­дері, сонымен қатар «Тату Агро» ШҚ-ның табиғи шырындары және өзге де өнімдер бар. Озық өнімдер көрмесімен танысқан Астана қа­ла­сының әкімі Ә.Исекешов өз ризашылығын білдіріп жатты.

Осы жерде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг берді. Сыр өңірі еңбеккерлерінің ел Тәуелсіздігінің мерейлі жылына елеулі жетісіктермен жеткенін айрықша атап өткен аймақ басшысы ойын былайша өрнектеді:

– Өздеріңізге белгілі, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында облыс­тардың Астана қаласындағы күндері өтуде. Мұны бірінші болып Қызылорда облысының бастауы – біз үшін үлкен мәртебе. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына Қызылорда облысы да үлкен жетістіктермен жетті. Елбасының қолдауы арқасында біздің аймағымызда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы, «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі салынып, «САРАТС» жобасының бірінші кезеңі іске қосылды. Қайтқан теңіз Арал қаласына 17 шақырым ғана қалды. Бұл ауқымды жобаның Дүниежүзілік банкпен бірге алдағы уақытта өз мәресіне жететініне сенімдіміз.

Биыл Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, ала жаздай егіс алқабында тер төккен күрішшілердің несібесі жоғары болғалы тұр.

Ал енді құрылыс саласына келсек, өткен жылы облыста тұрғын үй құрылысы 3,5 есеге, Қызылорда қаласында 8 есеге өсті. Облыс орталығы елордамыз Астана қаласына қарап бой түзеп келеді.

2015 жылы пәтерге кезекке тұрған халықтың 17 пайызы баспаналы болды. Биыл кезектегі тұрғындардың тағы 24 пайызы пәтер кілтін алады. Осылайша, соңғы 2 жылда баспана кезегін күткендердің 41 пайызы пәтерлі болады. Осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының Сыр өңірінде іске асуының дәлелі, – облыс әкімі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жахановтың айтуынша, жәрмеңкеге аймағымыздың 50 кәсіпкері 26 автокөлікпен өнімнің 45 түрін әкеліпті. Мысалы, ел ырысы – Сыр күрішінің алғашқы орағынан жиналған өнімнің 70 тоннасы, сондай-ақ, 90 тоннаға жуық көкөніс, 70 тонна бақша дақылдары, 33 тонна картоп, 20 тонна Арал балығы, 6 тонна алма және жеміс-жидектер, 4 тонна сүт өнімдері және қымыз бен шұбат, 2 тонна бал, 3 тонна кондитерлік өнімдер, 6 тонна жылқы еті мен шұжық өнімдері, сонымен қатар тоннаға жуық ұлттық тағамдар мен 5 тонна Арал тұзы ұсынылды. Бастысы, бұл өнімдердің барлығы да нарық бағасынан 20 пайызға төмен. Мәселен, ақталған күріштің келісі – 160, картоп – 50, сәбіз бен қырыққабат – 55-65, Сырдың тәтті қауыны – 70, тауық еті – 550, жылқы еті 1200 теңгеден ұсынылса, көксеркенің жон еті 2500 теңге, торта – 200, табан балық – 150, шортан – 300, ақ амур – 400, мөңке – 400, сазан – 600, жайын мен дөңмаңдайдың 1 келісі 700 теңгеден саудаға шығарылды.

Астаналықтар жәрмеңке сөресінен алдымен өңір бренді болып табылатын Сыр күрішінің бірнеше сорттарын алып жатты. Сонымен бірге Арал теңізінің атақты балықтары сазан, көксерке, табан, ақмарқа сияқты балық түрлері мен жылқы еті жәрмеңкенің алғашқы күнінде-ақ үлкен сұранысқа ие болды. Жәрмеңкенің сауда сөрелерінен Сыр бойының аузыңнан дәмі кетпес бірнеше тонна бал қауыны мен қарбызын да алып жатты. Осылайша, Сыр диқандары астаналықтарға тарту жасап алғыс алды. Жәрмеңке барысында Сыр елінің өнерпаздары да өз жетістіктерін паш етті.

 

ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУАқмешіттен Астанаға жеткен жылулық

 

Түс ауа облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев Астанадағы Балалар ауылында өткен қайырымдылық шарасына қатысты. Мұнда қызылордалық делегацияны «SOS Астана Балалар ауылы» бағдарламасының директоры Зәуреш Арыстанова қуанышпен қарсы алып, №8 отбасылық үйге бастап барды.

Балалар ауылының негізі 2000 жылы қаланған. Қазір 14 отбасылық үйде еліміздің әр түкпірінен келген 67 бала тәрбиеленуде. №8 үйдің ана тәрбиешісі Манат Есенова қонақ­тарға өз балалары туралы айтып берді. Қазір мұнда барлығы 14 ана тәрбиеші бар. Манаттың өзі осы жерде 16 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Сыр бойының тумасы Манат Тәжденқызы бүгінгі таңда 6 бала тәрбиелеп отыр, олардың үлкені жуырда шаңырақ құрыпты.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов балаларға игі тілегін айтып, 8 балаға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың атынан мектеп құралдары мен естелік сыйлықтар табыс етті.Балалар өз кезегінде өнерін ортаға салып, «Қадірлі қонақтар» кітапшасына қолтаңба қалдыруды сұрады. Емен-жарқын өткен кездесуден соң қонақтар балалармен естелікке суретке түсті.

Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Сыр бойынан шыққан талантты перзенттер, қоғам қайраткерлері студент жас­тармен кездесіп, көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

 

Ел табысын көрсеткен көрме

 

Сыр елінің елордадағы күндері аясындағы ша­ралар Конгресс-Холл фойесінде жалғасты. Мұнда «Тәуелсіздіктің дара жолындағы Сыр елінің жетіс­тіктері» атты фото-көрме және «Тәуелсіздіктің сырлы бояулары» тақырыбында облыс суретшілерінің көрмесі өтті. Елордалық тұрғындар, қала қонақтары Қызылорда облысының әлеуеті мен жемісті жұмыстарын «сөйлеткен» суреттермен, қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты.

Жалпы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы көркемсурет галереясы форумында 300-ге жуық Қазақстанның белгілі суретшілерінің туындылары сақталған. Ал көрмеге көркемсурет гале­реясы қорында жинақталған Қызылорда өңірінің тума­лары, белгілі Сыр суретшілерінің қолынан шыққан 60-тан астам кескіндемелік шығармалары қойылды.

Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкіровтің, белгілі қылқалам шеберлері Ағымсалы Дүзелхановтың, Рахым Шегебаевтың, Иассауи Ағытаевтың, Жәркен Ысмағұловтың, Аманкелді Кененбаевтың, Шәкірбек Сәменовтің, Өркен Мамақованың, Батырбек Тұрабаевтың туындыларымен қатар, бейнелеу өнеріне өз үлестерін қосып келе жатқан Сыр елінің жас суретшілері Р.Әлжан мен Д.Тойшыбаевтың шығармалары да көпшілік назарына ұсынылды.

Шара барысында фото және бейнелеу өнері насихатталып қана қоймай, екі өңірдің өнер шеберлері өзара тәжірибе алмасып, шығармашылығын шыңдады. Ал көрме Астана жұртшылығына эстетикалық көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, осы күні Астанадағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өңірдің тарихымен және мәдениетімен таныстыратын «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

 

 

ЕЛОРДАҒА ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЕРЕКШЕ ТАРТУСЫР ЕЛІНЕН ЖЫР СӘЛЕМ

 

Қызылорда облысының Астана қаласындағы күндері аясындағы түрлі шаралар легі Конгресс-Холл залында өткен «Сыр – Алаштың анасы» атты облыс мәдениет майталмандарының гала-концертімен қорытындыланды. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.

Сыр өнерпаздарының өнерін тамашалауға жиналған халықта есеп болмады. «Сыр елі – жыр елі» деп әу бастан-ақ тегін айтылмаған. Талай өнер саңлақтарының ордасына айналған мекеннен түлеп ұшқан талантты перзенттер Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергеновалар да көрермендер сапынан табылды.

Думанды кеш театрландырылған қойылыммен басталды. Алдымен құлаққа Қорқыт бабаның үніндей болып күмбірлеген қобыз үні жетті. Қазақтың ұлы даласының қақ ортасынан орын тепкен тарихы бай, көшпелілердің үш бірдей астанасының ізі сақталған Сыр өңірінің кешегісі мен бүгіні қойылымда егжей-тегжейлі қамтылды. Мұнан соң деректі фильм көрсетілді. Онда Тәуелсіздік жылдары түрленген Қызылорданың бүгінде бақыт қонған аймаққа айналғаны, Сырдың бойындағы қалың елде Елбасының қолдауымен ірі-ірі ұлттық жобалардың сәтімен жүзеге асқаны баяндалды.

Сахна шымылдығы Тұрмағамбет атындағы халық-аспаптар оркестрінің орындауындағы талантты композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр Баба» симфониялық күйімен түрілді. Келесі кезекте өнер сахнасына талай-талай республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Руслан Ахметов шығып, Ақ кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» атты әйгілі термесін орындап, жырға сусаған жұртшылықтың делебесін қоздырды. Ал Т.Қалауовтың «Қызылорда вальсі» орындалғанда көрермен қауым бір серпіліп, рухтанып қалды.

Жыршы-жыраулардың Сырдағы әйгілі төрт мектебінің өкілдері Майра Сәрсенбаева, Нұртілек Ақтаев, Шолпан Бейімбетова және Жарасқан Төлебай да өнер көрсетті. Сырдың мақам сазын сағынған Арқа жұрты рухтанып, бәрекелді десті. Одан соң қобызшылар ансамблі Қ.Шілдебаевтың «Отан-Ана» күйін төкті.

Концертте классикалық әндер шеруіне де кезек тиді. Халықаралық фестивальдардың лауреаттары, белгілі опера әншілері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақова, Азат Мәлік, сондай-ақ Самал Байсейітова, Назым Сағынтай, Мағжан Аманжолов пен Мақсат Мақұлбеков И.Штраус, И.Кальман және Дж.Вердидің классикалық шығармаларынан попурри орындады.

Ал «Томирис» би ансамблі мың бұралған биімен сахна ажарын ашса, Сыр сандуғаштары, Халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарының лауреаттары Диас Омар, Бағдаулет Исабеков, Зүлфия Айтбай, Дильназ Төлеген, Аида Еркін, Дінмұхаммед Әбуов секілді жас әншілеріміздің өнеріне астаналық қауым дән риза болысты. Олар К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» әнін нақышына келтіре орындаған еді.

Мерекелік концерт О.Хегайдың «Астана» және Р.Таймановтың «Сыр Ана» әнімен аяқталды.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ (Астана),

Дәурен ОМАРОВ (Қызылорда).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қыркүйек 2016 г. 1 247 0