« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Елбасының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі бар. Сыр елі қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолында келе жатыр. Бір ғана тәуелсіздік жылдарын айтар болсақ, соңғы 15 жылдың өзінде біздің облыста 171 білім ошағы бой көтерген екен, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қазір аймақты шикізатқа тәуелділіктен арылту және металлургиялық кластерді дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру мақсатында жұмыстар жасалуда. Соңғы 3 жылда облыс бюджеті еселеп артты. Мұның барлығы елдің экономикалық даму әлеуетін көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібінің даму үрдісі, еңбек өнімділігі бойынша Қызылорда облысы алдыңғы орындарда.
Сыр өңірі туралы айтқанда, Байқоңыр қаласы қоса аталады. Қазір үкіметаралық келісімдердің нәтижесінде ғарыш айлағындағы 6 мектеп пен 1 балабақша қазақстандық оқу стандартына көшті.
Қызылорда облысында құрылыс қарқынды дамып келеді. Соңғы 6 айдың өзінде осы салаға бөлінген қаражат көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артып отыр. Биыл Қызылорда қаласында 80 көпқабатты үй салынуда. Осы көрсеткіштер Сыр өңірін құрылыс қарқыны дамыған алдыңғы қатарлы 3 аймақтың қатарына қосты.
Өңірде биыл 4 мектеп 2 балабақша бой көтерді. Республикалық, облыстық бюджеттер қаражаты есебінен 14 мектеп пен 7 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Жаңа оқу жылында шәкірттер оқулықпен толық қамтамасыз етілді. Байқоңырдағы мектептер де мультимедиалық құралдармен, соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталды. Облыста үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Апатты жағдайдағы мектептерді жоюға нақты қадам жасалуда. Аймақта 3 пен 6 жастағы балалар балабақшамен толық қамтылған.
Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалі 3 жылда бір рет өткізіліп келеді. Ежелгі астаналар – Сығанақ, Жанкент қалаларына архелогиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Облыстық драма театр, филармония ұжымдары аймақ басшысының қолдауымен алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен барды. «Қорқыт ата кешені» жаңғыртудан өткізіліп, «ЕХРО-2017» көрмесіне келетін қонақтарды күтуге дайын. Облыста ана мен бала өлімі төмендеді. Туберкулез дертінің азайғаны байқалады. Мұның барлығы әлеуметтік салаға жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында мүмкін болып отыр.
Жаз ортасында Қызылорда қаласында 6600 азаматқа жер телімдері берілді. Болашақта «Бәйтерек» шағын ауданы бой көтереді. Өңірде баға тұрақтылығы қадағалауда. Облыс бюджеттің әлеуметтік салаға бағдарлануы бойынша да үздіктер қатарында. Халық саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев жүзеге асып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталды. Жергілікті картаны өзектілендіру үшін одан майда жобалар шығарылып, жан-жақты талдаулар жүргізілді. Өңдеу өнеркәсібінің, шикізат емес экспорттың көлемі артты. Басқарма басшысы шыны, тампонажды цемент, ферроқорытпа зауыттары, ванадий кен орны мен Шалқия кенішіндегі ірі жобалардың жүзеге асу барысы туралы тарқатып айтып берді. Сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылған инвестиция тарту жөніндегі кеңестің, инвесторларға қызмет көрсету орталығының жұмысына, инвестициялық форумдар нәтижесіне, индустриялық аймақтар құрудың қорытындыларына тоқталды. Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары туралы да егжей-тегжейлі ақпараттар ұсынды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқарманың басшысы Б.Жаханов агроөнеркәсіп кешеніне көрсетілген қолдау мал басының артуына, тоқсаныншы жылдардағы қалпына келіп, асып түсуіне септігін тигізгенін атап өтті. Соңғы 3 жылда күріштен рекордтық өнім жиналып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына құйылған инвестиция көлемі ұлғайған. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы өте жоғары.
Одан әрі брифингке қатысушылар журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Н.Әбдірахманқызы, «24 Хабар» арнасы: – Қазір жаһандық қаржы дағдарысы салдарынан көптеген кәсіпорындар мен мекемелерде қысқарту жүріп жатыр. Сіздер осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар? Қысқартылған азаматтарды жұмысқа орналастыру қалай шешімін табуда? Екінші сұрақ, Астанада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі туралы толыққанды айтып берсеңіз...
Р.Рүстемов: – Облыста қызметкерлері қысқаруы мүмкін кәсіпорындар тұрақты бақылауда. Қысқарған азаматтар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс нысандарына, тұрақты жұмысқа орналасты. Байқоңыр қаласында ашылған облыстық медицина орталығы филиалында 100-ге жуық азамат жұмыс істеп жатыр. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіле бермек. Аталған медициналық орталықтан тағы да 60 төсектік бөлімше ашылмақ. Онда Арал, Қазалы аудандары, Төретам, Ақай елді мекендеріндегі халыққа медициналық көмек көрсетіледі.
Р.Сұлтангереев: – Мұнай бағасының төмендеуі мұнай өндіруші кәсіпорындарға қызмет көрсететін салаға ауыр тиді. Сондықтан қызмет көрсетуші кәсіпорындардағы жағдайды тұрақты қадағалап отырмыз. Қазір жоғарыда аталған ірі жобалар жанында жаңа сервистер пайда болуда. Мәселен, басқармалар өкілдерінен құралған жұмысшы топ Шиелідегі цемент зауытына жұмыссыз жүрген азаматтар тізімін түзіп жатыр.
Б.Жаханов: – Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі Б.Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайы маңында екі күн бойы өтеді. Оған қатысуға облыстан 50 кәсіпкер 26 көлікпен 380 мың тонна өнім әкелді. Күріш, ет, сүт, шұбат өнімдері, бір сөзбен айтқанда, аймақта өндірілетін және өңделетін барлық өнім түрлері 15-20 пайыз арзан бағаменұсынылады.
А.Құлшыманов, «BNews.kz»: –Шыны зауыты қашан іске қосылады?
Р.Сұлтангереев: – Зауыт құрылысы былтыр басталды. Осы айда дайын өнімдер қоймасы әзір болады. Алдағы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады. Жыл соңына қарай жұмысшылар мен мамандар қабылдана бастайды. Оларды жұмыс істеп тұрған шыны зауыттарында шетелдік мамандар оқытады.
Ж.Сердалина, «Bestnews.kz»: – Жұмыс істеп тұрған жергілікті тауар өндірушілерді қолдау қалай жүргізілуде? Облыстағы кәсіпкерліктің қазіргі ахуалы туралы айтып берсеңіздер...
Р.Сұлтангереев: – Кәсіпкерлерге қолдау көрсету жақсы жолға қойылған. Бізге мәселесін айтып келген кәсіп иелерінің барлығына көмектесуге дайынбыз. Грант, несие алуына, жер телімін иеленуіне жәрдем көрсетеміз. Кәсіпкердің ойындағы жобасын тезірек жүзеге асыруына барынша қолдау жасаймыз. Бір ғана мысал келтірейін, «Аралтұз» ЖШС калцийлендірілген сода өндіру жобасын қолға алды. Бұл өнімді біздің еліміз сырттан тасымалдайды. Жоба бойынша барлық салалық қорытынды алынды.
Б.Айтжанова, «Стратегия–2050»: – Агросаладағы инвестициялық жобалар жайында нақты мысалдармен толыққанды айтып берсеңіз...
Б.Жаханов: – Өткен жылы «Жанарай-Жем» ЖШС жанынан құрама жем зауытын аштық. Енді осы зауытта күріш өңдеу, макарон, нан өнімдерін шығару қолға алынбақ. Қазір 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңын салып, қозы етін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Егін шаруашылығында әртараптандыруды жүзеге асырдық. Күріштен басқа өнімдердің егіс көлемін ұлғайту қолға алынды. Майлы дақылдар, бақша өнімдерін өндіру қарқын алды. Құс фабрикасы, ет комбинаты сияқты ірі жобалар арқылы экспортқа өнім шығару мүмкіндігін арттыруға ден қойып отырмыз.
– Байқоңырдағы 6 мектеп қазақстандық стандартқа көшкеннен бері қандай өзгерістер орын алды?
Р.Рүстемов: – Байқоңырдағы 6 мектеп пен 1 балабақша соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. Мұғалімдердің жалақысы бұрынғыға қарағанда өскен. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, күрделі жөндеу жасау кезең-кезеңмен жүзеге асады. Бұл жөнінде облыс басшысының ұстанымы – «біз ғарыш айлағын жалға бергенімізбен, азаматтарымызды жалға берген жоқпыз». Байқоңырдағы 40 мыңдай Қазақстан азаматы тиісті әлеуметтік көмек алады.
Д.Әбибуллаев, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы:– Қызылордадағы «Мұрагер» мектебінде 19 бірінші сынып ашылғаны туралы айтылды. Бұл әзірге республикадағы рекорд болып есептеледі. Үш ауысымды мектептер мәселесі қаншалықты өзекті? Келесі жылы қанша мектеп салынбақ?
Р.Рүстемов: – Облыста 299 мектеп бар. «Мұрагер» мектебі алдыңғы жылы үш қабатты үлкен ғимаратқа көшті. Бұл мектептің ұзақ жылдардан бері қалыптасқан жақсы дәстүрі бар. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын сыныптар жасақталған. Біз халықтың мектепті таңдауына кедергі келтіре алмаймыз. Оқу-тәрбие берудегі озық мектеп типтік ғимаратта орналасқандықтан 19 сыныптың жасақталуы еш қиындық туғызбайды. Біздің облыста 3 ауысымдық мектеп жоқ. Бұл мәселе түбегейлі шешілген. Ал апаттық жағдайдағы мектептерді алдағы жылы толық жоятын боламыз.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |