МЕРЕКЕДЕ МЕРЕЙІМІЗ ТАСЫДЫ

Биыл барлығы 75 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланып отыр.

МЕРЕКЕДЕ МЕРЕЙІМІЗ ТАСЫДЫКонституция мерекесі күні Сыр елінде124 отбасы баспаналы болып, жаңа балабақшаның тұсауы кесілді. Сондай-ақ, қаланың Шиелі бағытындағы кіреберіс қақпасы пайдалануға берілді. Мерекелі шараларға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Қызылорда қаласында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер қатары артып келеді. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да, білек сыбана тер төгіп жүрген құрылысшыларды, тынымсыз техникаларды көресіз. Бұл – аймақ әл-ауқатының артқанын, сырбойылықтардың болашаққа деген сенімі зор екендігін айғақтаса керек. Мақтана айтардай жөніміз бар, соңғы 3 жылда Қызылорда қаласы бойынша жалпы ауданы 265 мың шаршы метрді құрайтын, 3,5 мың пәтерлік 82 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді. Биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп, үш жылда Қызылордада жаңадан 11 шағын аудан бой көтерді.

Ата Заңның төл мерекесі күні Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы 60 және 40 пәтерлі екі тұрғын үй табысталды. Шарада аймақ басшысы: – Елбасы, Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықты, соның ішінде көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау жөнінде әрқашан айтып келеді.

Көрсетілетін қолдаулардың бас­тысы – баспанамен қамтамасыз ету. Бұл мақсатта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аймағымызда сәтті жүзеге асып, бүгінде Алаштың анасы атанған қасиетті мекен қарқынды құрылыс аймағына айналды. Аймақта әлеуметтік нысандардан бөлек, тұрғын үйлер де көптеп салынып жатыр. Облыста былтырдың өзінде құрылыс көлемі 3,5 есеге өссе, оның ішінде Қызылорда қаласында аталған көрсеткіш 8 есеге артты, – деп өңір дамуынан хабардар етіп, елдің дәулеті мен сәулетінің артуына негіз қалаған Ата Заңымыздың қадір-қа­­сие­­тіне тоқталды. Әлем­­нің көшбасшы ел­дері санасатын Қазақстанның абы­рой-беделінің өсуі Ел­­басымыздың сараб­дал саясатының же­місі екендігін жеткізді.

Биыл – ел тәуел­сіздігінің 25 жылдығы. Осыған орай, ресми түрде 25 пәтер иесіне үй кілті берілді. Аталған тұрғын үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» бағдарламасы бойынша бой көтеріп отыр. Желтоқсан айында «Арай-3» шағын ауданынан тағы 200 пәтерлік 6 үй пайдалануға берілетін болады. Айта кетейік, пайдалануға берілген үйлердің сметалық құны – 903 млн 134 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын «Абу-Сер» ЖШС мен «СМП-Қызылорда» ЖШС жүргізген.

«Өз үйімнің» арқасында өз үйіне жеткен қызылордалықтар қуанышына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та ортақтасты. Ол мерейлі күндегі мерекелік сөзінде:

– Сыр елі «Өз үйім» бағдарламасын алғашқылардың бірі болып қолдап, жүзеге асуына бар жағдай жасады. Нәтижесінде, 100 отбасы баспаналы болып отыр. Құрылысшыларға көптен-көп алғыс айтамыз, нысанды уақытынан бұрын тапсырып, қуанышты сәтті барынша жақын­датты. Қоныс той­ларыңыз құтты болсын! - деп игі тілегін жеткізді.

Сонан соң, еңбек ар­да­гері Тәуекел Жақ­сы­лық­ов ақ батасын беріп, меймандар жаңа пәтер иесі Әбіләкім Ізбасардың шаңы­рағына кіріп, астан дәм татты.

Мерекелік шара одан әрі Тасбөгет кентіндегі Аманкелді көшесінде салынған жаңадан 24 пәтерлік қызметтік үй пайдалануға берумен жалғасты. Мемлекеттік қызметкерлер, спорт саңлақтары, құқық қорғау саласының өкілдері қоныстанған үйдің ашылу рәсіміне де аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы қатысып, жүрекжарды лебізін арнады. Баспаналы болған жандар атынан мәнерлеп сырғанаудан халықаралық сайыс­тар жеңімпазы Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев алғыс айтты.

Ата Заңын ардақтаған Сыр жұртшылығы мұнан соң Шиелі бағытындағы кіреберіс қақпаны салтанатты түрде пайдалануға беру шарасына куә болды. Дәмнен шашу шашылып, бата берілді. Еліміздің көк байрағын көтерген авто шеру ұйымдастырылды.

Бұл күні «Сыр шуағы» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Ашылу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы:

– Біз 2014 жылы үш ауысымдық мектептер мәселесін шештік, былтырғы жылы бүлдіршіндерімізді 100 пайыз бала­бақшамен қамтыдық, келер жылы облысымызда апатты жағдайдағы мектептер болмайды. Яғни, Сыр елі Елбасымыздың 2020 жылға дейінгі тапсырмаларын уақытынан бұрын орындауға қол жеткізуде. Аймағымызда халық саны жыл санап көбейіп келеді. Қазіргі таңда өсім 6 пайызды құрап отыр, осы қарқынмен көбейе берсек 6-7 жылда облыс тұрғындары 1 млн-ға жетеді. Әрбір жас отбасының үйі болса, балалары тәрбиеленетін балабақша болса, қаракөздеріміз көптеп дүниеге келеді деп ойлаймыз. «Сыр шуағының» табалдырығын аттайтын әрбір бала қазақтың асыл арманы мен үкілі үмітін жүзеге асыратын азамат боп өседі деп сенемін, - деп ақ тілегін арнады.

Сондай-ақ, осы күні облыс әкімі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен танысты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қыркүйек 2016 г. 712 0