ЖАҢА ҒИМАРАТТАР ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Өткен аптаның жексенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кезекті іссапарымен облысымыздың оңтүстігіндегі Шиелі, Жаңақорған аудандарында болды. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті халықпен жүздесті.

Облыс әкімі әуелі Шиелі ауданындағы күрделі жөндеуден өткізілген Алғабас ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Бұл – елді мекендегі мәдениет ошағы сонау 1962 жылы клубқа ыңғайластырылып ұжымшар есебінен салынған ғимарат. Ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізу үшін аудандық бюджеттен 51,8 млн теңге қаржы қарастырылып, тендер жеңімпазы «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қысқа мерзімде атқарып шықты.  Осы саладағы оң өзгерістерді тарата айтсақ, биыл аудан орталығы және Ақмая, Бала би ауылдық округтеріндегі мәдениет үйлері де күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай халыққа қызмет көрсете бастады.

– Қазақстан мемлекетінің әлемдегі алар орны еліміздегі әрбір елді мекеннің көркеюі мен сол жерді мекен еткен халықтың мәдени өміріне байланысты екендігі ақиқат. Осы орайда Сыр өңірі жұртшылығы айтулы асулардан асып келеді. Ауыл шаруашылығымызбен қатар өнеркәсібіміз, орта және шағын кәсіпкерлігіміз нарықтық қатынастарға сай өрістеп келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне әсер ететін игіліктердің бастысы. Қызылорда облысы соңғы үш жыл көлемінде тұрғын үй салу құрылысы жөнінен елімізде алдыңғы қатарда. Мәселен, былтыр Алматы қаласында 51 тұрғын үй салынса, Сыр өңірінде 53 үй бой көтерді. Ал биылғы жылы 80 үй салынып, пайдалануға беріледі. Осы көрсеткіштердің өзінен өңіріміздегі жарқын істерді айқын аңғаруға болады, – деген облыс әкімі Шиелі ауданының да экономикалық-әлеуметтік дамуына қатысты оң пікір білдірді. Және де Конституция күнімен құттықтап, тұрғындарға табыс пен береке тіледі. Өз кезегінде ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері Шайзат Қалымбетов аймақ басшысына ауыл тұрғындарын қолдау барысындағы айрықша қамқорлығына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Салтанатты рәсімге қатысқан республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы, жерлесіміз Нұртөре Жүсіп жылы лебіз білдіріп, жұртшылықтың қуынышына ортақтасты.

Шиелі ауданының Нартай ауылы тұрғындарын қазіргі кезде алаңдатып отырған  бір жағдай елді мекенге жақын су қашыртқысы мен «Самара-Шымкент» автомобиль жолының қиылысқан жеріндегі көпірдің апатты жағдайы. Осының салдарынан қашыртқы тиісті суды тарта алмай, сол маңдағы көл суы шектен тыс молайып, кент пен Н.Бекежанов ауылын ыза су басу қаупі күшейді. Кезінде осы көпірді пайдаланған «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы АҚ Қызылорда облысы филиалы басшылығы оны қайта жөндеу туралы бірнеше рет хат жазылғанымен, еш нәтиже шығармай отыр. Аймақ басшысы аталған нысан басында болып, жағдаймен танысты. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың мәлімдемесін тыңдады. Өткір мәселені саралай келе, тиісті мекеме басшылары мен басқарма басшыларына жағдайды тез арада реттеу туралы тапсырма берді.

Шиелі ауданы орталығындағы бұрынғы емхана ғимаратын қайта жаңғыртуға 97,0 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж  жұмыстары жасалды. Мұның бас мердігері болып «Нұр-Талап и К» серіктестігі танылған еді. Белгіленген жұмыстар өз уақытында орындалып шықты.  Аудан басшылығының ұйғарымымен аталған ғимаратқа аудандық және балалар кітапханалары орналастырылды. Аймақ басшысы осы жерде ауданның білім саласы қызметкерлері және ардагерлерімен жүздесіп, пікірлесті. Жылы шуақты өрбіген әңгіме барысында елдің әлеуметтік дамуымен қатар, білім саласындағы өзгерістер, әрбір маманның өз орнында адал да сауатты жұмыс атқаруы басты міндет екендігі, сондай-ақ, алдыңғы толқын ағалардың үлгі-өнегесін қастерлеу туралы да айтылды.

 Осы күнгі саппар түстен кейін Жаңақорған ауданында жалғасты. Аймақ басшысы Манап ауылдық округіне қарасты Талап бекетіндегі жаңадан салынған 100 орындық мектеп ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Екі жүзге тарта отбасы тұратын елді мекендегі білім ошағы бұрындары көне үйде орналасса, енді міне, мемлекет қамқорлығының аясында жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Мұнда кең де жарық, сәулетті арнайы кабинеттер мен жаңа оқу құрал- жабдықтары бар. Балалар мен ата-аналардың қуанышында шек болмады.

Облыс әкімінің сапары кезінде Шиелі, Жаңақорған аудандарының әкімдері Қайратбек Сәрсенбаев пен Ғалым Әміреев өз аудандарындағы басқа да атқарылып жатқан шаруалар мен алдағы міндеттер туралы аймақ басшысына мәлімдеме жасады.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі, Жаңақорған аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 тамыз 2016 г. 723 0