БЕЙБІТ ӨМІР БАСТАУЫ

Кеше Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында Қазақстан Республикасының Конститутциясы күні мерекесіне орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Қазақстан Республикасының Конституциясы – қалыптасқан мемлекеттің негізгі заңы» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

Конференцияға облыстың зиялы қауым өкілдері, аталған универсиеттің ғалымдары мен өзге де білім беру ұйымдарының оқытушылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, сондай-ақ ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Басқосуды Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов жүргізіп отырды.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов алдымен қатысушыларды кемел келешектің кепілі, егеменді еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конститутциясы күнімен құттықтады.

– БҰҰ-ға қанша мемлекет мүше болса, солардың барлығының өз Конституциясы бар. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Оған дейін, яғни, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция уақыт талаптарына, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Осыған орай 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Негізгі заңымыздың авторы – Қазақстан халқы, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Иә, қазіргі негізгі заңымыз Бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Қазақстан халқы осыдан 21 жыл бұрын жаңа Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасаған еді. Осылайша 30 тамыз – Конституция күні болып бекітілді. Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық  пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді.

Жиын барысында баяндама жасаған мемлекеттік университеттің ғалымдары Конституцияның тарихы мен қалыптасу кезеңдерін тарқатып, Ата Заңымыздың мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі екендігін жеткізді.

Мерекелік конференция соңында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аймағымыздың қоғамдық-саси өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Мұнан соң жиынға қатысушылар аталған университеттің ғылыми-техникалық кітапхана қызметкерлері дайындаған тақырыптық көрмемен танысты.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 тамыз 2016 г. 693 0