ҰН ӨНДІРІСІНІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙДІ

Адам ағзасына құнарлы дәрумендердің, әсіресе ас атасы саналатын нанның тигізер септігі зор екендігі баршаға аян. Ұн өнімдерін күнделікті тіршілікте жиі пайдаланатынымыз, тіпті онсыз өмірді көзге елестете алмайтынымыз да жалған емес. Бәлкім «арпа-бидай ас екен» деген ескіден жеткен есті сөздің мағынасы осы шығар. Бұл тұрғыда теңіз төскейінде көпшілікке үлгі етер игі іс көрініс тапты. Оған Аралдағы «RANNAR» ЖШС ұн тарту комбинатының толымды тірліктері дәлел болады. Облыс, аудан басшыларының жас кәсіпкер Асхат Шүйіншіәлиевке артқан сенімі ақталды деуге негіз бар.

Кәсіпорынның бүгінгі мүмкіншілігіне қарап «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл жадыңа оралады. Рас, мекеменің төрт аяғын тең басуы үшін аз күш-жігер жұмсалған жоқ. Қостанайдан шақырылған білікті мамандар жергілікті тұрғындарға білгендерін үйретті. Мол өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ал өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорында жөндеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесі ойдағыдай. Соның арқасында тәулігіне 140 тонна бидай тартылып, одан 105 тонна ұн, 35 тонна жем өндірілетін дәрежеге жетті. Өнім ырғағы қалыпты болуы үшін кәсіпорынның алдына облыстағы наубайханалармен ауызбіршілікте жұмыс жасау міндеті қойылды. Бұл ретте аудан әкімі Абзал Мұхимов та біршама тер төкті. Осынау жауапкершілігі мол міндеттемені орындауда жас кәсіпкерге сенім артқан басшы «RANNAR» ЖШС-на ұн тартушы және таратушы операторлық дәрежесін алып берді. Сенім ақталды. Нақты кезеңде комбинат көп айналымдық қаражатты қажет етпей шығарған өнімді тәулік көлемінде сатып үлгеріп жатыр.

Алайда, 2015 жылдың күзінде теңгенің құнсыздануы тіршілігі енді жанданып келе жатқан ұжымды да айналып өтпеді. Бидай бағасының аяқ астынан қымбаттауы кәсіпорынның тынысына кері әсерін тигізді. Дегенмен, бұл сынақтан да сүрінбей өтетін жол табылды. Облыс басшыларының қолдауымен көршілес Ақтөбе облысының диқандарынан үздіксіз бидай алып тұруға қол жеткізілді.

«Зауытта бүгінгі күннің өзінде 500 тонна ұн шығарылып, облыс орталығына жөнелтілді. Кәсіпорын басшылары облыс көлемін өңірлік өніммен қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылармен айына 3 мың тонна ұн, 1500 тонна жем жеткізу жөнінде келісімге келді. Ақтөбе облысының диқандарымен жасалған қадам негізінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  көлік дәлізі арқылы шикізат таситын сатыға жеттік. Осылайша еліміздің тек солтүстік өңірлерінде ғана кездесетін мұндай өндірісті аралдық кәсіпкерлер де жүзеге асыруда» - дейді бізбен тілдескендер.

Біздің қосатынымыз Арал қаласындағы индустриалдық аймақтан жер бөлініп, осындай жұмыстарды әрі қарай дамыту мақсатында «Аралым» аталатын агрокешен салу жобасы қолға алынуда. Бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда зауыттан шыққан ұн, макарон өнімдері  Сыр өңірін толық қамтамасыз етіп, өнімнің 60 пайызын экспорттауға мүмкіндік туындайтын болады. Ендеше, іске сәт!

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2016 г. 763 0