ШИЕЛІНІҢ ЖАҢА СЕРПІНІ

ШИЕЛІНІҢ ЖАҢА СЕРПІНІОсы аптаның сейсенбісі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданында іссапармен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.       
Аграрлы сала мен өнеркәсіпті қатар дамытып келе жатқан оңтүстік ауданда көкөніс, бақша өнімдерін жылыжайда өсіріп, жыл он екі ай бойы тұтынушыларға ұсыну қолға алына бастағалы біраз болды. Соның бір тиімді тәсілін жүзеге асыруға Шиелі ауданындағы «Ақтілек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәуекел еткен екен. Олар жылыжайды бұрынғысынша сыртын пленкамен көмкеріп жауып қана қоймай, топырақты белгілі бір дәрежеде жылылықта ұстауды іске асырды. Өсімдіктің қалыпты өсуі үшін жарық пен су қандай қажет болса, жылылықтың да қажет екендігі белгілі. Ол үшін газ трубасы арқылы қыздырылатын пеш жылыжай  ішіндегі топыраққа, сол арқылы оның ішіне жылу беріп отырады. Мына жаңа жағдайда осы мәселені назарға ұстауға мүмкіндік мол. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік 0,33 гектар жерге жаңа типтегі жылыжайды орналастырып, оған 12 мың көшет отырғызды. Онда әзірге қиярдың екі сұрыпы егілді. Сыртта желтоқсанның аязы, ал мұнда 25 градус жылылық, жапырағы жайқалған өсімдіктер гүлдеу дәуірінде тұр. Енді бірер аптадан соң олардың жемісін көруге де болады. Аймақ басшысы аталмыш жылыжайға арнайы ат басын бұрып, жылыжайдың жұмысымен танысты. Осындағы жұмысқа басшылық жасап жүрген маман Ораз Тоқсанбаев қолға алынған бұл шаруаның келешегі кемел екендігін тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен танысты. Жылыжай жоспарланған өнімді өндіре бастасымен оларды осындағы мекемелерге, базарға шығарып саудалай бастайды. Мұнда нақты кезеңде сегіз жұмысшы еңбек етсе, келешекте жұмыспен қамтылғандар саны мұнан да артуы мүмкін. 
– Осы тұрғыдағы бастамаларға қолдау көрсету жергілікті атқару орындарының міндеті. Бұл жаңа идеялардың өріс алуымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жергілікті жерде өнім өндіруді реттейтін болады, – деді жылыжай басында Қырымбек Елеуұлы.
Шиеліліктерді қуантқан тағы бір жақсы жаңалық – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығында жаңа мектеп  құрлысының  аяқталуы еді. №270 мектеп деп реттік саны белгіленген бұл оқу ордасында 600 оқушы білім алатын болады. Қазір педагогикалық құрамды қалыптастыру мен мектеп оқушыларын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба- сметалық құны 780,7 млн. теңге тұратын мектеп құрылысын мердігерлік мекемесі «Бақ-Жай» ЖШС жүргізіп, оны сапалы аяқтады. Екіқабатты және төрт бөліктен тұратын оқу ғимаратын аралаған облыс басшысы оның сапасына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да талапқа сай  білім беру керектігін ескертті. Осы ғимаратта аймақ басшысымен кездескен аудан ардагерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын да жеткізді. Ауданның құрметті азаматы, ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған Рақым Мәуияев аудан тұрғындары атынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтарға алғысын білдіріп, еліміздегі білім саласына жасалып жатқан қолдаудың молдығын айтты.      
Облыс басшысы осы сапары кезінде Шиелі кентінде жаңадан салынған 250 орындық жаңа емхананың құрылысымен де танысуға уақыт тапты. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылыс толықтай аяқталып, жақын арада пайдалануға беріледі. Республикалық бюджеттен 1452,8 млрд. теңге жұмсалынған денсаулық саласының мекемесінде түрлі кабинеттер жұмысын толықтай пайдалануға мүмкіндік бар. Тек, онда білімді маман кадрларды сайма-сай ету арқылы халыққа қызмет аясын кеңейту қажет. Қырымбек Елеуұлы осында медицина қызметкерлерімен жүздесіп, оларға қойылар талаптың да артып келе жатқандығын ескертіп, Елбасы тапсырмасына орай әлі де көптеген әлеуеттік нысандардың ел игілігіне берілетіндігін жеткізді. 
Шиелілік спортшылардың ел спортының дамуына қосып келе жатқан үлесі де айтарлықтай, қазақ күресінің палуандары, зілтеміршілер және де таэквондо шеберлері арасынан ел намысын қорғап жүрген спортшылар қатары жылдан жылға молайып келе жатқандығы анық. Сондай-ақ, жас футболшылары да жақсы нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Міне, осы жас талаптарды тәрбиелейтін спорт кешені де күрделі жөндеуден өткізілу үстінде. Оны «СМП- Қызылорда» ЖШС лайықты атқарып келеді. Облыс әкімі спортшылар ордасындағы құрылыс жұмысымен танысып, тиісті тапсырмаларын берді. 
Аудан орталығында ел Тәуелсіздігін аңсаған қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай атындағы алаң бар. Ондағы қоғам қайраткерінің ескерткіші күз айында қайта жаңғыртудан өткізіліп, алаңға үлкен экран қойылды. Мұның бәрі жаңа ғасырдың жаңалықтары. Оларды тиімді пайдалануға Шиелі халқы құлықты. Қырымбек Көшербаев мұндағы жаңалықтарға да назар аударып, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толғандығын білдірді. 
Иә, Елбасы бағдарламаларын орындау жолында Шиелі ауданы толымды табыстарға жетіп келеді. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің, елдің ынтымағы, істің көзін таба білген іскер азаматтардың арқасы. Осы үрдістің орайлы жалғасуына облыс басшысы серпін берді.
Нұрмахан Елтай. 
Шиелі ауданы. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 19 желтоксан 2013 г. 1 095 0