БАРЛЫҒЫ БАЛАЛАР ҮШІН

БАРЛЫҒЫ  БАЛАЛАР ҮШІНКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» 1-сынып табалдырығын аттайтын бүлдіршіндермен және олардың ата-аналарымен кездесті. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған шарада аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін 20 балаға мерекелік сыйлықтар табысталды. 

– Айналайын, балақайлар! Сіздер көп ұзамай мектеп табалдырығын аттап, жаңа достар табасыздар, жаңа ұстаздарыңызбен танысасыздар! Бұл оқу ордасынан білім қуған жасқа қажеттінің барлығы табылады. Алдағы уақытта аймағымызда осындай 42 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Яғни, біз сіздердің білім алып, әулеттің емес, елдің азаматы болуларыңыз үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Сабақтарыңызды өте жақсы оқып, білікті де білімді азамат болып өсіңіздер, - деп Қырымбек Елеуұлы бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту деңгейі, материалдық-техникалық мүмкіндігі бүгінде еліміздегі көшбасшы оқу ордасы саналады. Қызылорда қаласындағы білім ошағының көрген көзді сүйсінтер ғимараты, сынып бөлмелері, оқу зертханалары бұл сөзімізді айғақтай түссе керек. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен мұнда «Аймақ экономикасы» кабинеті жасақталған. Бүлдіршіндермен кездесу осы кабинетте өтті.

Аймақ басшысы балақайларға айтқан ақыл-кеңесі барысында қазақтың асылдары Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтың өлеңдерінен үзінді оқып берді. «Әрдайым халық даналығынан тәлім алып, өмірге қажетті жақсылық, адамгершілік, шыдамдылық, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді бойларыңа дарытып өскен Мәңгілік елдің нағыз патриоты болатындарыңызға мен сенемін», – деген облыс әкімі әрбіріне оқуға қажетті құрал-жабдықтары бар оқу портфелін сыйға тартты. Сонан соң, балақайлар тақпақтарын айтып, еліміздің Әнұраны шырқалды, естелік үшін суретке түсті.

Бүгінгі таңда Сыр елінде аймақ басшысының ұсынысымен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің бір күндік жалақылары «Сыр мейірімі» қайырымдылық қорына аударылуда. Бүгінге дейін 3 мыңнан аса бүлдіршінге мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыс етілген. Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады.

 

Нағымжан САУЯЕВ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 тамыз 2016 г. 669 0