ДӘН ДАЛАСЫ ДҮБІРГЕ БӨЛЕНДІ

ДӘН ДАЛАСЫ ДҮБІРГЕ БӨЛЕНДІӨткен сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен «Ақжарма» шаруа қожалығында болған аймақ басшысы егінге орақ салу рәсіміне қатысып, сырдариялық диқандардың қуанышына ортақтасты. Диқаншылар еңбегінің жемісін көретін айтулы шарада Социалистік Еңбек Ерлері Сәлима Жұмабекова мен Аманкелді Ахметов бата беріп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.

Үстіміздегі жылы «Ақжарма» шаруа қожалығы бойынша 2300 гектар жерге күріш, 151 гектар жерге аралас бидай және 189 гектар жерге жоңышқа егілген. Шаруашылық басшысы Марат Бисенов егіннің бітік шыққанына қарап, диқаншылардың еңбегі еселеніп қайтады деп сенім артуда. Биылдың өзінде 151 гектар жерге егілген бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Шаруашылықтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында 574 млн 25 мың теңге қаражатқа техникалар алынған. Материалдық-техникалық базасы жақсарған шаруашылық бүгінде егін жинау науқанына 100 пайыз дайын. Егіншілікпен қатар, шаруашылықта мал өсіру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінде 260 бас асыл тұқымды ірі қара кү­тімге алынып, тәулігіне 400 литр сүт өндірілуде. Үстіміздегі жылы шаруашылықтың мал бордақылау алаңында 9235 тонна ет өндірілді.

Іргелі шаруашылықтың қуа­нышына ортақтасқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мұнан соң «Дала күні – 2016» облыстық семинар-кеңесінің пле­наралық мәжілісіне қатысты. Аймақтың барлық аудандарынан ауыл шаруашылығы саласының мамандары егіс­­тіктің басында өткен се­минар-кеңеске жиналып, тә­жірибе алмасты. Жиында Қырымбек Елеуұлы барша шаруаларды егін жинау науқанының басталуымен құттықтады.

– Биыл облыс бойынша бар­лығы 168,5 мың гектар жерге дән егілді. Бүгінгі таңда бидай, жоңышқа жиналып болды. Аталған дақылдардан өт­кен жылға қарағанда мол өнім алдық. Биыл күріштен де гектарынан 55 центнерден өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Күздік бидайдың әр гектарынан – 15,7 центнерден, жазғы бидайдың әр гектарынан – 14,9 центнерден, ал жоңышқаның әр гектарынан – 14,7 центнерден өнім жиналды. Мұның барлығы ала жаздайғы шаруалар еңбегінің жемісі, – деді облыс әкімі.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы бойынша облысымызда атқарылған жұмыс­тарға тоқталды. Сонымен қатар Сырдария, Шиелі, Қазалы аудандарының әкімдері аталған өңірлердің егін жинау науқанына дайындық барысы туралы баяндады.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы облыс бойынша 168,5 мың гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдары орналастырылды. Аймақта күріш егу көлемі өткен жыл­мен салыстырғанда 4,4 мың гектарға кемігенімен, басқа да дақылдарды егу көле­мі артып отыр. Ағымдағы жылы 79,6 мың гектар жерге егілген күріштің 60,5 мың гектары жақсы, ал 16,7 мың гектары орташа деп бағаланды. Қазіргі таңда барлық күріш алқаптары өнімді жинауға дайын. Жиында «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС директоры Самұрат Көпешов қайта құрылған "Жалағаш Элеваторын” кеңейту және қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуға жақын екенін жеткізді.

Үстіміздегі жылы аталған нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, астық тазалайтын агрегаттар мен машиналар және жаңарту құрал-жабдықтарын сатып алу мақсатында 232 млн 912 мың теңге қаражат игерілді. Сонымен қатар, облысымыздағы 27 шаруашылықпен жалпы құны 1 млрд 300 млн 215 мың теңгені құрайтын 22076 тонна күріш салысын сату және сатып алу келісімшарттары жасалды. Бүгіннің өзінде астық тапсыруға бірқатар аудандардан ұсыныс келіп отыр.

Семинар соңында облыс әкімі егін жинау науқанымен қатар, келесі жылғы егін егудің дайындық жұмыстарын назардан тыс қалдырмау керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы егін жинау жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін, ал 2017 жылдың ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасын 1 қарашаға дейін аяқтауды тапсырды.

Семинар-кеңестен кейін «Ақжарма және К» шаруа қожалығының күріш ақтау зауы­тында болған облыс әкімі зауыттың жұ­мысына жоғары баға берді. Дәл осы күні Ақ­жарма ауылдық округінде күрішші, қо­ғам қайраткері Болат Нұрсейітовтің атына алаң ашылып, ауылда мерекелік шара ұйым­дастырылды. Күрішшілер бригадасын басқарған ол 15 жыл қатарынан мол өнім жинап, аймақтың ауыл шаруашылығын да­мы­туға зор үлес қосқан. Шараға жиналған ардагерлер бұл бастама еңбек адамына көр­сетілген зор құрмет деп бағалады. Осы ар­қы­лы жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулу керектігін айтты. Мерекелік шарада ор­талық алаңда қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш тақта ашылды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шау­хаманов Болат Нұрсейітовтің ауыл шаруа­­шылығы саласына сіңірген еңбегін атап өтті.

Ауданда өткен шараларға Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов қатысты.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 тамыз 2016 г. 696 0