ЖОСАЛЫДА ЖАҢА КЕШЕН БОЙ КӨТЕРДІ

ЖОСАЛЫДА ЖАҢА КЕШЕН БОЙ КӨТЕРДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барды. Аймақ басшысы Жосалы кентіндегі «Достық» кешенінде болды.

Кәсіпкер Бақтияр Жұмабеков тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарынан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Кәсібінің әліп­песін шағын азық-түлік дүкенінен бас­таған ол кешеннің алғашқы бөлігі "Достық” авто­станция орталығының ірге­тасын былтыр қалапты. Аудандағы бірегей жоба болғандықтан мемлекет тарапынан қызығушылықтар туындап, көмек ұсынылғанда кәсіпкер «Қызылорда» Өңірлік инвестициялар орталығы” ЖШС-нан 10 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл қаражатқа автостанция құрылысын толық бітірген ол өз қаражатымен аталған нысанның жанынан "Достық” сауда орталығын салады. Нәтижесінде тұтастай "Достық” кешені бой көтерді. Жаңа нысанды аралап, жолаушыларға жасалған жағдаймен танысқан аймақ басшысы кәсіпкердің еңбегіне оң бағасын берді.

– Бұл – жақсы орталық екен. Жұртшылық базардан қажетін алады да, автобусқа мініп, тиісті мекен-жайға барады. Мұндай жобаларды қолдау керек. Дағдарысқа қарамай, Сыр еліндегі қарқынды құрылыстың өзі аймағымыздың экономикалық тұрғыда дамып жатқанын айғақтайды. Жеке кәсіпкерлеріміз қарапайым халық үшін жайлы жағдайлар жасап жатса, бұл – үлкен қуаныш, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Бұл автостанцияның еншісінде жолаушылар тасымалдайтын 10-нан астам автобус бар. Оның 2-і "Жосалы-Қызылорда” бағытына қатынаса, қалғаны ауданға қарасты елді мекендерге қатынайтын кіші және орта сыйымдылықтағы автобустар.

– Алдағы уақытта кентішілік бағыттарды да қолға аламыз. Әзірге ауылдар мен облыс орталығына автобустарымыз қатынап тұр. Болашақта ісіміз өркен жайып, кең ауқымда жұмыс істейтін боламыз. Сауда орталығымыз да халықтың көптеп келетін жеріне айналады деген сенім бар, – дейді Б.Жұмабеков.

Базар аумағына бір мезетте 100 адам емін-еркін кіріп-шыға алады. 70 сауда орнына арналған базардың сыртқы ауласына тағы 50 орынды сауда қатары орналасады деп жоспарланған. Осы ретте аудан әкімі С.Мақашов кәсіпкермен төмен бағада өнімдер сатуға байланысты меморандум жасалатынын жеткізді. Ал қармақшылық ақса­қалдар батасын беріп, кәсіпкерге ыстық ықыласын білдірді.

 

Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2016 г. 636 0