« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел тәуелсіздігін алған сәттен күні бүгінге дейін ең көп реформаға ұшырап келе жатқан саланың бірі бұл – денсаулық сақтау саласы екені белгілі. Мұның барлығы әрине, қазақстандықтар саулығын сақтау мақсатында қолға алынып жатқан ауқымды шаралар. Себебі, дені сау адам ғана мемлекеттің баға жетпес байлығы бола алмақ. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсу, Реформалар, Даму» атты Жолдауында: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – деп нақты айтқан болатын. Осы уақыт аралығында Сыр медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті. Қаншама белестерді бағындырды. Осы орайда газет тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасқан еді.
– Ақмарал Шәріпбайқызы, егемен ел атанып, бөлек шаңырақ көтерген алғашқы жылдар қоғамның қай саласына да оңай болмағаны белгілі. Әсіресе, мемлекетіміздің құнды байлығы болып табылатын адамның саулығын сақтау ісінде кездескен қиындықтар аз болмаған шығар? Яғни, тәуелсіздік жылдарындағы Сыр медицинасының дамуы жайлы айтып берсеңіз...
– Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр медицинасы да бірден аяққа тұрып кеткен жоқ. Кеңес дәуіріндегі жүйе жаңартылып, денсаулық сақтау саласы көптеген қиындықтарға ұшырады. Дегенмен, 1992 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен облыстық диагностикалық кеңес беру орталығының іске қосылуы мен Қазалы аудандық емханасының жаңа ғимаратқа көшірілуі Сыр медицинасын бір серпілтіп тастады. Сол жылдары облыстық денсаулық сақтау саласын Ернияз Омаров басқарды. Облыс бойынша 7500 төсек-орын болып, барлық жерде ауылдық ауруханалар жұмыс істеді. Өңірде екі мыңға жуық дәрігер, жеті мыңдай орта буын қызметкер сырбойылықтар саулығын қорғауға еңбек етті.
1994-1996 жылдары облыстың денсаулық сақтау саласына Тұрғанбай Маханов ағамыз жетекшілік етті. Бұл еліміз үшін қиын кезеңдердің бірі еді. 1994 жылы саланы қаржыландыру 860 млн теңгеге, 1996 жылы 900 млн-ға жетті. Жалақысы төмен болған соң медицина қызметкерлері басқа салаға ауысып кетіп жатты. Медициналық құрал-жабдықтар алуға қаржы бөлінген жоқ.
1997-1999 жылдары облыстық денсаулық сақтау саласына Бақыт Исмағанбетов басшылық жасады. Сол кездегі ел саясаты бойынша барлық қалалық мекемелер жекешелендірілуге көшіп, аурухана төсек орындары қысқартуға ұшырады. Барлық жерде аудандық денсаулық сақтау саласы қысқарды. 1998 жылы республика бойынша «ДОТС» бағдарламасы енгізілді.
– Денсаулық сақтау саласы қай жылдан бастап қарқынды түрде дами бастады?
– 2000 жылдан бастап саланы жүйелі қаржыландырудың тиісті қадамдары жасала бастады. Бұл уақыт аралығында, яғни, 1999-2003 жылдары саланы Дамир Дәулетбаев басқарған болатын. Облыстағы емдеу-алдын алу мекемелерінің функциялары айқындалып, дәрігерлердің білімін жетілдіру, айлық жалақыларының төлену тәртібі түзілді. Облыс әкімдігімен бірлесе арнайы бағдарлама жасалды. Осы бағдарлама негізінде қай жерде медбекеттер, ауылдық ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, яғни, жаңадан салынатын құрылыстар айқындалып, медициналық құрал-жабдықтар, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлер бөлінісі төңірегінде жүйелілік орнатылды. 2000 жылы аудандық денсаулық сақтау саласы қайта қалпына келтіріліп, қысқартуға кеткен ауруханалар қайта ашыла бастады. 2001 жылы облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілді.
Жалпы, жоғарыда айтып өткенімдей, 2000 жылдан бастап Сыр медицинасы дамудың даңғыл жолына түсті. 2003-2005 жылдары салаға өзім басшылық жасаған кезеңде де бірқатар тың істер атқарылды. Онан кейінгі жылдары Марат Абдуллаев, Мұрат Көшімбаев, Болатбек Баймаханов басқарды. Сыр медицинасының дамуында бұл кісілердің әрқайсысының қосқан үлесі таудай деп айта аламыз. Кезең-кезеңімен бірінен соң бірі жаңа денсаулық сақтау нысандары бой көтерді. 2005 жылы саланы қаржыландыру 5 млрд теңгені құраса, 2010 жылы 13 млрд теңгеге жетті. 2009 жылы облыста Кардиохирургиялық орталық ашылып, ашық жүрекке ота жасала бастады.
– Осы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында біздің дәрігерлер қандай жетістікке қол жеткізді, мақтанарлық көрсеткіштеріміз қаншалықты?
– Иә, биыл ел болып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын тойлаймыз деп отырмыз. 25 жыл деген онша көп уақыт та емес, алайда біздің мамандарымыздың жеткен жетістіктері қуантарлық көрсеткіш деп айта аламыз. Мәселен, 2000 жылдан бері қарай сараптасақ, жалпы туу көрсеткіші 6,7 пайызға артты, ана өлімі көрсеткіші 42,4 пайызға төмендеді, сәби өлім-жітімі 10,8 пайызға азайды, ал, өмір сүру ұзақтығы 64,4 жастан 71,9 жасқа жетті. 2005-2010 жылдар аралығында аймақтық терапевтер мен педиатрларды жалпы дәрігерлермен алмастыру 15,9-дан 60 пайызға өсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2008 жылы 47 санитарлық автокөлік алынса, 2009 жылы – 42, 2010 жылы 20 санитарлық автокөлік алынды.
– Осы жылдар аралығында денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Сол бағдарламалардың Сыр өңірі медицинасының дамуына ықпалы қандай болды?
– Әрине, елімізде ең көп реформаға ұшыраған саланың бірі ол –денсаулық сақтау саласы екені белгілі. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Солардың біріне ғана тоқтала кетейін. Мәселен, 2011-2015 жылдар аралығындағы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында саланы қаржыландыру 14 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл жылдар аралығында аймақта заманауи үлгідегі «Ана мен бала орталығы», №3 қалалық емхана, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Жалағаш аудандық емханалары, ауылдарда 38 жаңа денсаулық сақтау ғимараты салынды. Саланың санитарлық автокөліктерге деген сұранысы толық жабылып, 5 жыл ішінде 375 мамандандырылған санитарлық автокөлік жаңадан алынды. Соның ішінде, шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын тексеру мақсатындағы жылжымалы медициналық кешеннің қызметі орасан болды. 2012 жылы Нейроинсульттік орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды. 2014 жылы облыс дәрігерлері елімізде 4-ші болып бүйрек ауыстыру отасын жасады. Облыстың медицинасы алыс-жақын 28 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты.
Облыстың денсаулық сақтау саласын көтеруде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев үлкен қолдау танытып келеді. Мәселен, 2013 жылы облыс әкімінің қолдауымен «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданып, оны іске асыруға 4,4 млрд теңге қаралды. Жол картасы аясында ана мен бала денсаулығын нығайтуға, заманауи қондырғылар алуға, жедел жәрдем қызметін жетілдірілген автоматты жүйеге көшуге мүмкіндік алды. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Жалпы, салада істелген істер аз болған жоқ, дегенмен Тәуелсіздігіміздің 25-ші жылында бекітілген 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бізден мұнан да көп шаруаны күтеді. Биылдың өзінде «Ана мен бала орталығында» босанудан кейінгі сауықтыруға арналған 30 төсектік бөлімше ашылды, облыстық онкология орталығында 15 төсектік, аудандарда 35 төсектік паллативті көмек бөлімдері және барлық ауданда 5 төсектік неврологиялық науқасы бар балаларға арналған бөлімшелер ашылды. Жүктілік және балаларға арналған көмекті ұйымдастыру мақсатында жол картасын орындау шеңберінде ана өлімін болдырмау және сәбилер өлімін төмендету мақсатында, бірінші кезекте ұйымдастыру шаралары қолға алынды. Ол үшін халықтың орналасу аймағы, елді мекендер алшақтығы, мамандармен және медициналық көмек көрсету кезеңіндегі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне сараптама жасалды. Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында перзентхана бөлімдері екінші деңгейге ауыстырылды. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап облыстық перинаталдық орталықтың негізінде 5 төсектік балалар гинекологиясы бөлімшесі ашылды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында 77 маманның жетіспеушілігі бар, олардың орнын мамандарды қайта даярлаудан өткізу арқылы жыл аяғына дейін жабу жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап неонатолог дәрігерлерді қайта даярлау циклі жүріп жатыр. Облыста алғаш рет туа пайда болған ақаулардың инвазивті пренаталды диагностикасы әдісі енгізілді. Облыс бойынша 18 дені сау бала кабинеті қызмет көрсетуде. Олар жас аналарға бала күтімі, дұрыс тамақтандыру жөнінде толық ақпарат береді. Жүкті әйелдерді ерте 12 аптаға дейін анықтау мен есепке алу жұмыстары күшейтілді. Сонымен бірге, ұрпақ өрбіту жасындағы жүкті болуға абсолютті қарсы көрсеткіші бар әйелдердің анықталуы 1900-ден 3407-ге жеткізілді. Оған қоса, барлық жүкті әйелдерге алғаш келгенде және жүктіліктің 30 аптасында міндетті түрде ЭКГ түсіру енгізілді. Жалпы, 2016 жылдың алты айында облыс бойынша 8963 сәби дүниеге келіп, табиғи өсім көрсеткіші 10,4-ті құрап, облыс тұрғындары 7658-ге артты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген:
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |