ДАНИЯ ДЕМЕГЕН ЖОБА

«Каттегаттан Аралтеңізіне дейін» жобасына– 20 жыл

ДАНИЯ ДЕМЕГЕН ЖОБАКөк теңізіміздің кемерінен асып, күндіз-түні кеме қатынап тұрған кезеңді үлкендеріміз әлі күнге ертегідей айтады. Құдды құдайдың құдіретімен күні кеше Аралымыз айбынды портты қалаға айналып, бүгін жағасында қайық қайырлап қалғандай. Уақыт озды, ұрпақ алмасты. Бүгінгі ұрпақ сол баяғы ертегінің жалғасына куә болуда. Кеткен теңіз келді, ел еңсесі тіктелді.

Тарамдалған тарихтың әр парағында қаншама сыр болса, теңіздің әр толқынында өткен күннен із жатыр. 1996 жылы «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» атты халықаралық дат-қазақ біріккен жобасы басталды. Нәтижесінде мұхиттың ащы суын мекендейтін камбала балығы Арал теңізіне жіберіліп, аралдық балықшылар судағы бейтаныс тіршілік иесін аулай бастады. Әрине, бұрын бекіре мен сазан сүзіп үйренген аралдық балықшылар бұл балықты аулаудың қыр-сырын жетік білмеді. Содан соң, даниялық әріптестері көмек қолын созып, қажетті ау-құралдармен қамтамасыз етті. Айталық, Дания елінен осы мақсатта Арал балықшыларына 1 млн АҚШ долларына жуық қаржы аударылды. Бұл Арал теңізін құтқару жолындағы алғашқы қадамдардың бірі еді.

Биыл 1996 жылы «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» атты халықаралық дат-қазақ біріккен жобасына 20 жыл толып отыр. Осы мерекелік датаға орай аталған жобаның жетекшісі Курт Бертелсен-Кристенсен бастаған даниялық делегация Сыр еліне сапарлап келді. Кеше мәртебелі меймандарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, сұхбаттасты, құрмет көрсетті. Қонақтар қатарында делегация мүшесі Хенрик Дж.Бьерре, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қызметкері, ғалым-биологМахамбет Таиров, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айна Баймахановалар болды.

– Арал теңізі бірде-бір тіршілік иесі мекендемей, өлі теңізге айналудың алдында тұрғанда Даниядан камбала балығы әкелініп теңізге жіберілді. Бұл балық тіршіліктің тамырына қан жүгіртті, болашаққа деген сенімнің шоғын үрледі, - деді облыс әкімі даниялық қонақтармен кездесуінде. – Елбасымыз Арал теңізін құтқару үшін проблемаға әлем назарын аудартып, БҰҰ-ның мінберінде сөз сөйледі. Сол қиын кезеңдерде қолдау білдірген Сіздерге алғысымыз шексіз. Менің білетінім, сол уақытта Нұрсұлтан Әбішұлының алдына екі шешім жобасы әкелінді. Бірі – Қызылорда облысын тарату, екінші – Арал өңірі тұрғындарын басқа аймаққа көшіру. Бірақ, Арал теңізінің проблемасы Мемлекет басшысының бастамасымен басқаша шешілді. Бүгінде Солтүстік Арал теңізін құтқару жобасының бірінші кезеңі бітіп, теңіз жағалай қонған балықшыларымыз атакәсібімен қайта қауышты. Қазіргі таңда екінші кезеңді бастау жоспарлануда. 6 бөліктен тұратын жобаның 4-іне қаржы ел бюджетінен, қалған 2-іне Дүниежүзілік банктен бөлінеді деп күтіліп отыр.

Облыс әкімі, сондай-ақ, Иордания мен Израиль мемлекеті ортасындағы өлі теңіздің кейпіне Арал теңізі де ену алдында қалғанын, оған жол бермеу үшін даниялықтар жасаған қамқорлықтың ерекше екендігін жеткізді. Бүгінгі ұрпақ бұл еңбекті қалай бағаласа, келешек ұрпақ та әрдайым құрметтеуді парыз санайтынын айтты.

– Біз Данияда өздеріңіздей бауырымыз бар деп есептейміз. Екі ел арасында қаншама мың шақырым болса да, бір-бірімізбен табыстық. Сыр елінде жыл сайын балықшылар слеті өтеді, келер жылғы шарамыздың құрметті қонағы болыңыздар, - деп аймақ басшысы қонақтарға естелік сыйлық табыс етті.

Өз кезегінде Курт Бертелсен-Кристенсен:

– Біріншіден, осындай үлкен, жоғары талғаммен салынған әкімдік ғимаратында қарсы алып, көрсетіп жатқан құрметтеріңізге көптен-көп рахмет. Әрине, біз камбала балығын Арал теңізіне әкелген уақыт өте қиын кезең еді. Сәтін салып, еңбегіміз еш кетпеді. Камбала Арал халқының өміріне өзгеріс әкелді. Қазір жағдай басқаша. Мен Қаратерең, Ақбасты ауылдарын білемін, ауыл тұрғындары ешқайда кетпеген. Ауланатын балықтың түрі көбейіп, өмірлері жақсарған, жасарған. Әрине, біз әкелген камбала тұщы суда өмір сүре алмайтын болғандықтан, оның тұқымы азаяды. Десе де, өз басым 65 жасыма шейін қаншама балықшылармен жұмыс істедім, солардың ішінде Аралдың азаматтарының қайсарлығына, жігерлілігіне ерекше тәнті болдым. Алдағы уақытта да ел үшін бірге қызмет ете береміз деген сенімдемін, - деп ризашылығын жеткізді.

Кездесу соңы естелік суретке түсуге ұласты.

Нағымжан САУЯЕВ.

Суретті түсірген: Б.ЕСЖАНОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 тамыз 2016 г. 933 0