ТӨЛ МЕРЕКЕДЕ ТӨРГЕ ОЗДЫ

ТӨЛ МЕРЕКЕДЕ ТӨРГЕ ОЗДЫБейсенбі күні А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде облыстағы көлік саласы қызметкерлері кәсіби мерекелеріне орай құрметке ие болды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен салтанатты шарада алдымен лэд экран арқылы облысымыздың көлік тасымалы туралы бейнефильм көрсетіліп, өңірдегі жолаушылар көлігі және тасымалы саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер марапатталды.

Сала ардагерлері Баймұрат Асанов, Жақсылық Тәуекелов, Василий Мищенко "Құрметті автокөлікші”, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұртай Қуанышбаев "Құрметті жолшы” атақтарына ие болса, Төретам автостансасының басшысы Шолпан Махмұтова ҚР Инвестициялық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен, "Қыран” ЖШС бас инженері Қоныс Шалболов министрліктің Алғыс хатымен, облыс бойынша көліктік инспекция басшысы Ержан Жолдасов, "УАД” ЖШС директорының орынбасары Ұзақ Орынбасарұлы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан басқа көлік саласының жиырмаға жуық қызметкерлері облыс әкімі мен министрліктің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарына ие болды.

Көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі транспорттық инфрақұрылымды дамытпай, экономиканы өркендету, тіпті адамдардың күнделікті тіршілігін қамтамасыз етудің өзі мүмкін емес екендігін атап өтті.

– Аймағымыздағы көлік саласында өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келесіздер. Еңбекке деген құлшыныстың нәтижесінде өңірдегі және облыс орталығындағы автокөлік мекемелері тұрақты да тоқтаусыз жұмыс жасап, жолаушылар тасымалы қызметін ойдағыдай атқаруда. Осындай ел игілігі үшін жасалып жатқан қызметтеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Мерекелік шара соңы облыс көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 тамыз 2016 г. 628 0