КҮРІШ ЭКСПОРТЫНАН КӨШБАСШЫ ЕЛ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСПЕК

КҮРІШ ЭКСПОРТЫНАН КӨШБАСШЫ ЕЛ  ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСПЕККеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хйен ханымды қабылдады. Кездесуден кейін елші журналистерге сұхбат берді.

Мәртебелі мейман журналистерге берген сұхбатында Сыр өңірі жақсы әсер қалдырғанын айтып берді. Бұл мекенге Жаратушы Иеміздің айрықша ықыласы ауған деп айтуға болады деген пікірін білдірді.

Елші ханым облыс басшысымен кездесу барысында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар болып, 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс басты жобалар туралы ақпарат алғанын жеткізді. Ол облыс экономикасы мен қоғамдық өмірі белсенді дамып келе жатқаны айқын көрініп тұр деді.

Вьетнамдық қонақ әкіммен кездесуде барлық салаға қатысты әңгіме болғанын жеткізді. Оның ішінде мұнай өндіру және мұнай кеніштерін барлау жайы да сөз болған. Вьетнам Республикасының көпшілік қолданылатын тұтыну тауарлар өндірісімен аты шыққаны белгілі. Сондықтан, оның көптеген түрлерін жеткізу мүмкін екендігі айтылды.Сондай-ақ, Қазақстан тауарларын экспорттау, оның ішінде ет және ет өнімдерін шығару жайы да айтылған.

– Жалпы елшілердің дипломатикалық қызметіндегі басты міндеттерінің бірі екі ел арасындағы тиімді экономикалық ынтымақтастыққа жол ашу болып табылады. Ол үшін бизнесмендердің байланысын орнату қажет. Сондықтан да алдағы уақытта Вьетнам және Қазақстан кәсіпкерлерінің басын қосу мақсатында Астанада бизнес-форум ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл форумға Қызылорда облысының кәсіпкерлері де көптеп қатысады деген сенімдеміз, – деді елші сөзінің соңында.

 

* * *

Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хйен Сыр еліне сапары аясында «Жан Арай Жем» серіктестігінің жұмысымен танысты.

Сырдағы серпінді жобалар қатарындағы кәсіпорынның бүгінде жұмысы қызу. Тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіреді және күріш ақтау зауыты 150 тонна күріш салысын өңдейді. 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланады. Сондай-ақ, аталған ұжым үйрек-қаз өсіруді қолға алған. Жуырда қанаттылардың 10 мың басы көлге жіберіліпті. 10 гектар аумаққа орналасқан агрокешен әзірге 6 гектарын толық игерген, алдағы уақытта басқа да тың жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар.

Вьетнамдық елші агрокешеннің жұмысымен танысу барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына жоғары баға берді. Алдағы уақытта екі ел шаруаларының тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынастың дамуына екі жақ та мүдделі екендігін жеткізді.

 

* * *

Мұнан кейін Доан Тхи Суан Хйен облыстағы кәсіпкерлік палатасында болып, бизнес қауымдастық өкілдерімен жүздесті.

Кездесуде палата директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді төмендету, бизнес кеңес беру бағытында атқарылып жатқан шараларды сөз етті. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰҚП әзірлеген Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын таныстырды. Карта – өзінше бір сайт іспеттес. Оған кез келген кәсіпкер кіріп, көкейінде жүрген барлық сауалдарға жауап ала алады. Яғни, бұл еліміздің кез келген аймағындағы кәсіпкерліктің даму деңгейін бақылап отырумен қатар, инвестицияға мұқтаж саланы да анықтауға мүмкіндік береді. Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңыздағы 2 қаланы қамтитын Қазақстанның бизнес-картасынан бір өңірді таңдап, оның табиғи ресурстарымен, пайдалы қазбаларымен, өндіріс ошақтарымен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен танысуға болады. Карта Сыр өңірінің мүмкіндіктерін саралап жатқан вьетнамдық әріптестер үшін де жол нұсқаушы болмақ.

Ал Вьетнам елшісі Доан Тхи Суан Хйен Қазақстанмен, соның ішінде Қызылорда облысымен ынтымақтастық қарым-қатынасты арттыруға және сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірімізде инвестиция үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді оң бағалады. Күріш өнімін экспорттаудан әлем бойынша көш бастайтын мемлекет өкілдері Сыр маржанын сыртқы нарыққа шығарып қана қоймай, вьетнамдық күріш өсірудің тың тәсілдері бойынша тәжірибе алмасқысы келеді.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыс­тарында жұмыс сапарымен болған елші жоспарлаған жобаларының басым бөлігін біздің облыста жүзеге асырғысы келетінін жасырмады. Атап айтсақ, Вьетнам тарапы мұнай-газ саласына инвестиция салуға мүдделілік танытып отыр. Аяқ киім шығаратын фабриканы іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында сауда үйін ашпақ.

15 жылдан астам уақыт бойы Вьетнам елімен әріптестік орнатып келе жатқан «Source Invest Company» серіктестігінің құрылтайшысы Оралбек Қожамжарұлы: «Қыркүйек айында Астанада Вьетнамның ірі компаниялары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізіледі. Сонда қызылордалық кәсіпкерлер өз өнімдері мен мүмкіндіктерін көрсетіп, нақты келісімге келе алады. Ал бұл кездесулер мен келіссөздер соған алтын көпір болмақ», – деді.

Өз елінің ауа райы Сыр өңірімен ұқсас келетінін айтқан елші Доан Тхи Суан Хйен алдағы уақытта Вьетнамға біздің кәсіпкерлерді шақырды.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ,

Н.САҚТАПБЕРГЕН
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 тамыз 2016 г. 725 0