КҮРЕЖОЛДАҒЫ КЕРУЕН САРАЙЛАР

жергілікті бизнестің дамуына ықпал етуде

КҮРЕЖОЛДАҒЫ КЕРУЕН САРАЙЛАРХХІ ғасырдың Ұлы Жібек жолы – «Батыс ЕуропаБатыс Қытай» мегажобасының арқасында біздің облыста тіршіліктің қазаны қайнай түсті. Тіпті, Сыр өңірі кәсіпкерлерінің екінші тынысы ашылғандай. Транзиттік дәліз жергілікті тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізуімен қатар, жол бойы бизнесінің дамуына мүмкіншілік туғызып отыр. Еуропа мен Азия құрлықтарын байланыстырып жатқан жолда кәсіпкерлер сапалы қызмет көрсететін сервистік орталықтар ашып, табыс табуда. Нақтыласақ, күре жолдың облыс аумағына тиесілі бөлігінде жүріп келе жатқан жолаушы аялдап, тамақтанып, тыныстап, демалуына, көлігіне май құйдыртып, кем-кетік жерлерін жөндетіп алуына толық жағдай жасалып жатыр.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, облыс орталығы мен барлық жеті ауданның арасын жалғастырып жатқан жолдың бойында заманауи талаптарға сай келетін 33 сервистік қызмет көрсету нысанын іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы құны 3 млрд 307 млн теңге болатын 12 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 105 тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Арал ауданында – бір нысан, Қармақшыда – екі, Сырдарияда – екі, Шиеліде – бір, Қызылорда қаласында – екі және Жаңақорған ауданында 4 нысан жұмысын бастаған.

Жолдағы жетістіктер мұнымен шектелмейді. Халықаралық автожол арқылы біздің облыс үстінен күніне шамамен 500 ауыр жүк көлігі өтсе, биыл оның саны 800-ге барады. Көлік дәлізіндегі автокөліктер ағынының бұлай артуы өңірде шағын және орта бизнестің өрістеуіне серпін береді. Бұған қоса, облыс халқының 93 пайызы осы күре жолдың бойында қоныс тепкен.

Жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін орталық ашып, кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Раушан Сейтжаппарова. Оның кешені Қызылорда қаласынан шығаберісте орналасқан. Мұнда 200 орындық кафе, 20 адамға арналған екіқабатты қонақ үй, техникалық қызмет көрсететін станса, сауна және ат спорты клубы бар.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл салада мол тәжірибе жинаған. Әкесі Амангелдінің Белкөл елді мекені маңындағы кафесінде ұзақ жылдар жұмыс істеген. Раушан отбасылық бизнестің өрісін кеңейтуді ойлап, жол бойы кешенін іске қосып отыр. Дәлірек айтсақ, 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры кәсіпкерге несие қаражатын бөлген. Жобаның құны – 100 миллион теңге. Алдымен ТЖО, сауна бой түзеген. Ал қонақ үйдің бірінші қабатының құрылысы толық аяқталып, келушілерді қабылдап жатыр. Сондай-ақ, ат спорты клубының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, кешен аумағында екі киіз үй тігілген. Онда кірген қонақтарға ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылады.

– Жол мұраты – жету. Ал діттеген жеріңе шаршамай, қиындықсыз баруға көлік дәлізінің бойындағы мұндай кешендердің көмегі көп, – дейді Раушан Сейтжаппарова.

Кешеннің арқасында кәсіпкер өзі табысқа кенеліп қана қоймай, оннан астам адамға тұрақты жұмыс орнын тауып беріп отыр.

Сонымен қатар, транзиттік жолдағы осындай орталықтардың бірі – «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанында орналасқан «Атамұра» нысаны. Қорқыт ата мемориалдық кешенін тамашалауға келген қонақтар мен туристер үшін де бұл кешен қолайлы болып тұр. Қызмет көрсету нысандары ежелгі Жібек жолының шығыстық үлгісінде салынған. Кешен іске қосылғалы бері мұнда мыңдаған жолаушы аялдапты. Кәсіпкер Мұрат Тілеулиевтің айтуынша, мұнда қонақүй, мешіт, ас беретін орын, дүкен мен шеберхана, киіз үй қалашығы, техникалық қызмет көрсету орталығы бар.

Кәсіпкерлік және туризм барқармасының мәліметінше, Ұлы жолдың бойынан түрлі бағыттағы сервистік қызмет көрсету орталықтарын салу және ашу жұмысы жалғасын табады. Биыл жалпы құны 1 млрд 372 млн теңге болатын 5 нысанның құрылысы жүруде. Атап өтейік: Арал ауданы – құны 50 млн теңге болатын 1 жоба; Қазалы ауданы – құны 498 млн теңге болатын 1 жоба; Қармақшы ауданы – құны 424 млн теңге болатын 2 жоба; Шиелі ауданында құны 400 млн теңге құрайтын 1 жоба жүзеге асып жатыр.

2017 жылы жалпы құны 2 млрд 460 млн теңге болатын 12 нысанның құрылысын салу жоспарлануда.

Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық дәлізінің әлеуетін толық пайдалануы қажет.

 

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 шілде 2016 г. 699 0