«АҚБОТАНЫҢ» ШҰБАТЫ

«АҚБОТАНЫҢ» ШҰБАТЫЕрінбей еңбек еткеннің күні нұрлы екендігіне Қайрат Мұсабековтің әрекетінен байқар едіңіз. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» демекші, сонау кеңестік қоғамның дәуірлеп тұрған жылдары Жаңақорған ауданындағы «Красная звезда»совхозының озат түйекеші Мұсабековтің есімі биік мінберлерден жиі-жиі аталып жататын-ды. Сол әке жолын бұл күндері оның ұлдары жалғастырып келеді. Түйемен бірге төрт түлікті де қатар өргізіп, «үрлеп ішіп, шайқап төгіп» жақсы да, жайлы өмір сүргендердің қатарында.

Олар бірігіп «Ақбота» шаруа қожалығын құрып, мал басын жылдан жылға молайтып келеді. Біздің бүгінгі айтарымыз, «Ақбота» шаруа қожалығының төрағасы Қайраттың жұртшылыққа ұсынған жаңа қызметі жөнінде болмақ. «Жаңа» деп айдар таққанымызбен, түйе сауып, оның сүті мен шұбатын жұртшылыққа ұсынуы бұрыннан да бар, алайда, соңғы жылдары осы қызмет көрсету аясы бір жүйеге түсіп, Мұсабековтердің қымыранына құмартатындар Жаңақорған кентінің бергі жағындағы оның қыстауына жиі-жиі соғып, ағарғанды саудалап жатады. Біршет еді деп алыссынбай, 5-10 литрлеп алып кетушілер қатары мол. Тіпі той, жиын, тағы да басқа шараларға сусын ретінде халқымыздың ұлттық сусыны – шұбатты дастарханына қоятындар қатары молая түскендей. Өйткені осында сауылып күніге дайындалатын 70-80 литр шұбат сол күні-ақ, түгесіліп, ендігісіне жұртшылық тапсырыс беріп жатады.

– 30 сауын түйе күніге үш мезгіл сауылады. Бұл жұмысқа үлкен-кіші демей бала-шағамызбен түгел жұмыламыз. Дегенде, негізгі салмақ отанасы Жанарға түседі. Оған балаларымыз Мақсат пен Бекзат, келініміз Ардақ, менің өзім де араласып кетеміз. Мал шаруашылығы көп болып атқармаса, жеке кісіге қиындау, – дейді шаруашылықтың төрағасы Қайрат Мұсабеков бізбен әңгімесінде. Қымыранды сақтайтын арнайы бөлме, салқындатқыш ыдыс және басқа да керекті жабдықтармен қамтамасыз етілгендігіне осы сапар барысында көз жеткіздік.

«Ақбота» шаруа қожалығындағы жалпы түйенің басы 150-ден асса, оның ішіндегі аналығы 100 бас. Ұжым мүшелері қыстау басына ерте жаздан қажетті жемшөпті жиып, алдағы қысқа дайындықтарын бекем жүргізіп жатыр. Автокөлік, тракторлары, басқа да жабдықтары сай. Мал басын көбейту мен оны күтімге алу жолында табысты еңбек етіп жатыр.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2016 г. 731 0