« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Бүгінде кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан жасалып
жатқан жеңілдіктер аз емес. Шағын кәсіпті кеңейтіп, одан әрі дамыту
мақсатында пайызы төмен несиелер де қарастырылған. Осындай қолдаулардың арқасында
кәсіпкерлер шаруасын дөңгелентіп отыр. Біздің мақаламызға арқау болған
кейіпкеріміз де мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аясында
жұмысын жандандыруды көздейді.
Күнсұлу Испанова – он саусағынан өнер тамған нағыз іскер, еңбекқор жан. Оның ашқан «Ай-Күн» тігін шеберханасы көпшілікке жақсы таныс. Халыққа сапалы қызмет етіп ғана қоймай, үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын Күнсұлудың шеберлігіне қанықтар да көп. "Ай-Күнде” қыз жасауы, көрпе, көрпешелер,жастықтар, қоржындар, матрастар мен балабақшаларға арналған төсек жабдықтарының барлық түрлерін заман талабына сай етіп тігеді. Ұлттық өнерімізді дәріптеу негізінде жасағанбұйымдарына қазақы ою-өрнектерді кестелеп тоқиды. Әу баста Күнсұлу жұмысын ескі көрпе-көрпешелерді жаңартудан бастаған. «Адамдар пайдаланған дүниелерін қоқысқа тастай салады. Ол дұрыс емес. Қайта өңдеп, қалпына келтіріп тігуге болады ғой. Бірде көшеде кетіп бара жатып, қоқыстан ескі төсек жабдықтарын көріп ой келді. Содан жарнамаға алғаш болып, "ескі көрпе-көрпешеледі жаңартамын” деген тіркесті қосып қойдым», – дейді ісмер. Әңгімесін кезекті тапсырысын тіге отырып, сабақтаған кейіпкеріміз осы жолда талай тер төккенін жеткізді. Бір қарағанда жеңіл мамандық көрінгенімен, нағыз шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін кәсібін Күнсұлу мақтан етеді.
– Бала кезден тігін тігуге құмар болдым. Әжем тігінші болатын. Ол жоқта тігін машинасын пайдаланып ең алғаш көрпеше тіккенім есімде. Содан кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, тігінші мамандығын бітірдім. Алғашқы жұмысым қаракөлден бас киім тігуден басталды. Кейін тігін цехына жұмысқа орналастым. Тұрмысқа шықтым, үйде баламен отырған кезде көрпе, көрпеше тігіп, оны базарға апарып сатып келетінмін. Осылай қаражат жинап, жұмысым аз да болса алға басты, – дейді шебер.
Күнсұлу 2011 жылы қызы Жанармен бірлесіп «Ай-Күн» жеке кәсіпкерлігін құрады. Жанар да анасынан үйренген өнерін дамытып, осы салаға әбден машықтанып алған. Бүгінде кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның екеуі жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы келген. Жалға алып отырған тігін цехында жұмысшыларға жағдай жасалған. Соңғы үлгіде шыққан 4 тігін машинасын Қытайдан алдырыпты.
– Мен өз ісімді қатты жақсы көретін жанмын. Бала кезден кәсібімді дамыту үшін талпынып келемін. Кейде күніне 30-дан аса көрпе-көрпеше мен 3-4 қыз жасауына тапсырыс аламыз. Бастысы, тапсырысты уақытында бітіруге тырысамыз. Армандар көп. Жеке цехым болса, жұмыс көзін одан әрі кеңейтер едім. Сол себепті «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан жеңілдетілген несие алсам деймін. Қытайға барған сапарымда тігін құралдарын сататын үлкен дүкенге барған едім. Содан ескі көрпе-төсектерді қайта өңдеп шығатын құрылғыны көрдім. Маған ұнады. Оған қоса көрпе көктеуге арналған арнайы тігін машиналары да бар екен. Соларға қол жеткізсем деймін. Сонда күні-түні көзмайымды тауысып жасаған еңбегім ақталар еді,-дейді Күнсұлу.
Расында, еңбек қашанда өз нанын жегізеді. Бізде тігінші Күнсұлудың мемлекеттің қолдауы арқылы одан әрі жұмысын жетілдіретініне сеніміміз мол. Аса байсалдылықпен он саусағы майысып тігін тіккен шебердің ісіне іштей сүйсініп қайттық.
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |