АЙМАҚ ДАМУЫНДАҒЫ АЙҚЫН БАҒЫТТАР

Кеше ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов жұмыс сапарымен облысымызда болды

АЙМАҚ ДАМУЫНДАҒЫ АЙҚЫН БАҒЫТТАРКеше ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Үкімет басшысы бастаған делегацияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңырдың «Крайний» әуежайында күтіп алды. Алғашқы кезекте мәртебелі мейман жұлдызды қалашықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жаңа сипаттағы «Союз МС» көліктік басқарылатын ғарыш кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран-тасығышы көкке сәтті көтерілген еді. Бортына ресейлік ғарышкер Анатолий Иванишин, жапондық Такуя Ониши мен НАСА-дан Кэтлин Рубинс секілді астронавттарды мінгізген ғарыш кемесі стансамен 9 шілде күні түйіседі.

Үкімет басшысы мұнан соң қалалық перзентхана ғимаратында орналасқан 100 адамға арналған диаг­ностикалық-кеңес беру және көпсалалы 120 төсектік аурухана жұмысымен танысты. Тағы да атап өтейік, Байқоңырдағы медицина саласы да былтырдан бастап қазақстандық стандарттарға көшкен еді. Қызылорда облыстық медицина орталығының филиалы ретінде жұмыс істейтін мекемені қажетті қондырғылармен жабдықтау үшін республикалық бюджеттен 606,3 миллион теңге бөлініп, 112 бірлік медициналық құрал-жабдықтар алын­­ды. Стационардың ашылуы арқылы офтальмология және оториноларингология бойынша жаңа медициналық қызмет түрлерін көр­­­сетеді деп болжанып отыр. Диаг­ностикалық кеңес беру емханасы бар жаңа көпсалалы стационар Қармақшы және Қазалы аудан­дарының тұрғындарына ме­ди­­циналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта 336 адам­ға жұмыс орны ашылады деп кү­­тілуде. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Ақ­марал Әлназарова медициналық орталықтың жұмысы туралы баян етті.

Былтырдан бастап Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп қазақстандық стандартпен білім беруге көшкен болатын. Премьер-министр «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ла­масы бойынша салынған №277 мек­тепке арнайы барды. Мектеп республикалық бюджеттен бө­лін­ген қаржы есебінен пән­дік кабинетпен жабдықталған. Он­да 57 оқу кабинеті, 3 компьютер сыныбы, 13 лабораториялық-прак­ти­­калық кабинеті, 2 оқу залы бар кітап­хана, 640 орынға арналған акт залы, 100 орындық конферен­ция залы мен мұражай, 320 балаға лайықталған асхана, 2 спорт залы бар. Бұл білім ордасының 82 оқушысы аудандық, облыстық, рес­публикалық және халықаралық түрлі пәндік олимпиадалардың жүл­дегерлері мен жеңімпаздары болып табылады. Алдағы оқу жылында мұнда физика-математикалық ба­ғыттағы бес лицейлік сынып ашу жоспарланып отыр. Негізі Бай­қоңыр қаласында жалпы білім бе­ретін 14 мектеп жұмыс істеп тұр. Оның алтауы қазақ тілінде білім береді. Сонымен қатар, мұндағы 14 балабақшада 2789 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы 14 бақшаның біреуі ғана қазақстандық стандарттарға көш­кен. Облыстық білім басқар­ма­­сының басшысы Бақытжан Сайлыбаев Сыр өңіріндегі, оның ішінде Байқоңыр қаласындағы білім беру мәселелері жайында баяндама жасады.

Жұмыс сапары барысында Кәрім Қажымқанұлы Байқоңыр қаласының Бас жоспарымен де танысты. Облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Бай­қоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Серік Қожаниязов пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко Үкімет бас­шы­сына Байқоңыр қаласымен іргелес Төретам және Ақай елді мекендерімен қоса, қаланың бола­шақ­тағы даму барысы жайында мәлім етті. Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар Байқоңыр қаласын Қазақстан мен Ресейдің қаржысы есебінен қаржыландыру мәселесін де талқылады.

Жұлдызды қалашыққа сапар аясында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ресей ғарыш агент­тінің төрағасы Игорь Комаровпен кездесті. Кездесуде атақты велошабандоз Андрей Кашечкин Кәрім Қажымқанұлына «Байқоңыр» велоклубының футболкасын сыйға тартты. Спорт саңлағы, сондай-ақ, «Байқоңыр» брендін насихаттау мақсатындағы жұмыстар жайынан хабардар етті.

Байқоңыр қаласындағы мәсе­лені жан-жақты қарап, жұмысын пы­сықтап алғаннан кейін Үкімет басшысы Арал ауданына жол тартты. Онда «Аралтұз» АҚ кәсіпорнында болды. Кәрім Мәсімов дайын өнім цехын, орау және шикізатты өңдеу цехтарын көріп, тұз өндірудің технологиялық үдерісімен таныс­ты. «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев Премьер-министрді кәсіпорын қызметі туралы ақпараттандырып, дайын өнім үлгілерін көрсетті. Ол өз сөзінде кәсіпорынның Қазақстан ғана емес, Орта Азия нарығында орны бар өндіруші мекемеге айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда кәсіпорында 900-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Сондай-ақ, төраға зауыттың жаңа технологиялармен жұмыс жасайтындығына тоқталды.

– Мемлекеттік ин­дустрия­лық-инновациялық бағдарламаның арқасында 2014 жылы еуропалық технологиялармен жұмыс жасайтын жаңа Испан зауытын іске қостық. Бүгінде йод қоспаларымен тұздың тоғыз түрін өндіреміз. Өніміміздің 57 пайызы экспортталуда, тек соңғы екі жылда Ресей нарығының 10 пайызын жеңіп алдық. Зауыттың қайта жабдықталуы өндірістік шығындарды 40 пайызға азайтып, 340-тан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, айына 5 мың тоннадан 13-15 мың тоннаға дейін ас тұзын шығарудамыз. Халықаралық стандарттарға сәйкес йод, тұз байыту және минералдардың жаңа жүйесі енгізілді, - деді ол.

«Аралтұз» компаниясы бағдар­ланған мамандануды енгізу арқылы тұз өнімдерін өндіруден пайдалануға дейінгі барлық сегменттерін қамтуға бағытталған. Осы жылдың шілде айында компания азық-түлік және техникалық тұз өндіретін екінші испан зауытын пайдалануға берді. Жаңа зауытқа 200-ден астам адам жұмысқа орналасатын болады. Бұл жобаның нәтижесінде ас тұзын тегістеу өндірістік қуаты нөлден 7 есеге артады.

Сонымен қатар, Премьер-министрге өндіріс орнындағы кальцийлендірілген сода зауыты құрылысының жобасы таныстырылды. Бұл зауыт «Аралтұз» АҚ-ның өндірісті әртараптандыру бас­тамасы аясында салынбақ. Бү­гінде кальцийлендірілген сода өн­дірістің барлық саласында кеңінен қолданылады, күн сайын ерекше маңызға ие болып келе жатқан жан-жақты өнім. Ал Қазақстан нарығы бұл өнімді 100 пайыз (жылына 400 мың тонна) сырттан алып отыр. Ал Аралдағы сода зауыты жылына 200 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бүгінде жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталған. Құрылысқа қажетті қаржыға Қазақстан Даму Банкінен инвестиция тарту арқылы қол жеткізу жоспарлануда.

Сапар барысында Үкімет басшысы жаңа цехтағы тұз өндіру технологиясымен танысты. Мұнан кейін тұзшы қауымның 90 жылдық тарихын баяндайтын мұражайды аралап көрді. Сонымен қатар, кәсіпорын клубының фойесінде аудан ардагерлерімен және жас­тар өкілдерімен кездесті. Өңірдегі негізгі саланың бірі – балық шаруа­шылығы болғандықтан, кездесуде Арал теңізінің алдағы тағдыры сөз болды. «Қарашалаң» сервистік дайындау орталығының аға шебері К.Кемалова Үкімет басшысына жақсы күндерде жолы­ғудың сәті түсіп тұрғандығын айтып, балықшы қауымның бас­ты мәсе­лесіне айналған САРАТС жо­ба­сының екінші кезеңін жүзеге асыру жайын сөз етті. Бұл ұсыныс төңірегінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов тұшымды жауап қайтарды. Ал Үкімет басшысы:

– Әрбір жанның, әрбір елдің пе­ше­несіне түрлі тағдыр жазылады. Біздің, қазақ елінің пешенесіне осындай тәуелсіз елде тұру мен ұлт қамын ойлайтын дара да көреген басшымыз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бақытты өмір сүру жазылған. Елінің қамы үшін үлкен істерге бас тігіп келе жатқан Елбасымыз барда біздер барлық қиындықтарды еңсереміз. Сыр елінің мәселесі шешіледі. Сіздер тарапынан көтерілген бұл мәселелерді реттеуге жұмыс жасаймыз, – деп өз ойын жеткізді.

Аралдықтардың ата кәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар ардагер балықшы Ә.Әйімбетов те әріптесінің сөзін қоштап, көтерілген мәселе шешімін тауып жатса, теңіз жағасындағы ел тағдыры түбегейлі өзгеретінін айтып өтті. Мұнан соң, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Арал аудандық бөлімінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Ә.Ізбасаров ел жастарының мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Бүгінгі күні Қазақстан жас­тарына жасалып жатқан қолдауға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта мемлекеттік жастар саясатымен айналысатын Агенттік құрылса деген ұсыныс айтты. Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл ұсыныстың алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетінін, жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.

Түстен кейін Үкімет басшысы «Қамбаш» оқу-сауықтыру орта­лығының базасында суармалы жерлерде су шаруашылығының инфрақұрлымын жаңғырту мәселе­лері бойынша кеңес өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министр­лігінің өкілдері, өзге облыс әкім­дерінің орынбасарлары мен су шаруашылығының сарапшылары қатысты. Премьер-министрдің орын­басары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов өз сөзінде суармалы жерлердің өзекті мәселелерін атап өтті. 90-жылдарда суармалы жерлердің алаңы 2,3 млн гектарға жетіп, республиканың барлық егістік жерінің 5 пайызын құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің 30 пайызын қамтамасыз етті. Бүгінгі күні суармалы жерлердің алаңы 1,4 млн гектар ғана болып отыр. Ол бұрынғыдан 1 млн гектарға аз. Ирригациялық жүйелердің бүлінушілігі суармалы жерлерді толық пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Мұнан бөлек министр елдi ме­кен­­дердi ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, облыс­та бұл бағытта оңды жұ­мыстар атқарылғанын атап өтті.

Вице-премьер Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында халқының саны 60 мың адамды құрайтын 82 ауылдық елді мекендерді қосып, бұрын 2012-2013 жылдары басталған топтық су құбырларын аяқтау үшін (сомасы 28,7 млрд теңге) тағы Ислам Даму Банкі қаржысын тарту жоспарланып отырғанын жеткізді. Жос­парлау 2013-2014 жылдарынан қолда бар ЖСҚ негізінде, қымбаттатылмай жүргізілуде. Одан басқа, «Бірыңғай ұлттық оператор» пилоттық жобасы аясында «Қазсушар» РМК-ның «Арал» СКБД филиалы республикалық теңгерімге Қызылорда облысының топтық су құбырларына қосылған елді мекендерінің кентішілік желілерін қабылдады.

Осындай жұмыстағы тәжірибе оң нәтижесін берді. «Арал» СКБД тұтынушылардың үйлеріне су беру мен су есептегіш құралдарын орнатуды 100 пайыз қамтамасыз етті, ол халықтың ауыз суды үнемді пайдалану есебінен 2,9 есе өндірістік емес шығындарды азайтуға, 3,7 есе ауыз су тұтынуды қысқартуға мүмкіндік берді, қазіргі уақытта суға есептегіш құралдарының жеке көрсеткіштеріне сәйкес төлейтін болады және, әрине, тәулік бойы және үздіксіз су беру қамтамасыз етілген.

Кеңесте Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының өкілдері су жетіспеушілігіне қатысты жайттарға Үкімет басшысының назарын аударды.

Кеңес барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Қырымбек Елеуұлы суармалы жерлерге қатысты негізгі проблемаларға тоқталды. «Өткен ғасырдың 90-жылдарында ірі шаруашылықтар ұсақ шаруа қожалықтарына бөліну нәтижесінде гидромелиоративтік инфрақұрылымдар иесіз және тиісті техникалық күтіп-баптаусыз қалды. Мұның бәрі суару, дренаж жүйелерінің тозуына және жерлердің экологиялық-мелиоративтік жай-күйінің нашарлауына әкеп соқты. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 1992 жылмен салыстырғанда 100 мың гектарға дейін қысқарған. Суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымынан шығуда. Суландыру және қашыртқы-дренаждық жүйелерінің техникалық жағдайының нашарлауынан 60 мың гектарға жуық суармалы жерлер пайдаланылмай отыр. Аталған қиындықтар басқа өңірлерде де бар болғанымен, Сыр өнірінің халқының тыныс-тіршілігі судың және суармалы жерлердің жағдайына тікелей тәуелді екені баршаңызға мәлім.

Біріншіден, трансшекаралық Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан өзеннің сулылығына, оның жоғары ағыста орналасқан мемлекеттердің ұстанымына да қатты тәуелдіміз.

Екіншіден, Басқа облыстар сияқты бізде тәлімді егістік жер жоқ. Сондықтан біз көп шығынды қажет ететін инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердегі мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүрміз.

Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, көтерілген екі мәселе бойынша өз ұсыныстарымызды білдіргіміз келеді.

Соңғы жылдары сумен қамтамасыз етудегі қиындықтар көбейіп отыр. Әсіресе, олар су аз жылдары қатты сезіліп, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан біздің облыс су тапшылығынан көп зардап шегеді», – деді аймақ басшысы. Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары Арал-Сырдария бассейнінде су қорларының тапшылығы өткірлене түсуі мүмкін. Сондықтан, жағдайды жақсарту үшін бірінші кезекте САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру қажет.

Бүгінгі таңда өңірдің бірқатар агроқұрылымдарының өз беттерінше инженерлік тегістеу жүргізуі де маңызы ие болуда. Соның нәтижесінде өнімділік пайызға артып отырған жайы бар. Облыс әкімі мұндай шаруашылықтарды экономикалық түрде ынталандырудың маңыз­дылығын атап өтті. Қырымбек Елеуұлы сонымен бірге, Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына үлкен үміт артылып отырғанын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жоспарына 127 су шаруашылығы жобаларын енгізу жөнінде ұсыныс берілген.

Кеңесте сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы Су және балық шаруашылықтары министрлері Нариман Қыпшақбаев пен Құдайберген Саржанов өз пікірлерін ортаға салды. САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру жайы сөз болды. Мамандар жоба жүзеге асырылған жағдайда теңіз суының көлемі 27-ден 52 текше шақырымға көбейіп, теңіз жағалауы Арал қаласынан 1 шақырым қашықтыққа дейін жақындайды. Теңіз суындағы тұздың құрамы азайып, балық аулау көлемі артады. Сонымен қатар, 63 мың гектар суармалы алқапты тұрақты түрде суландыруға қол жеткізіліп, 250 мыңдай мал жайылымдық жерлер мен шабындық алқаптарға су жетеді. Осы ретте Қырымбек Елеуұлы САРАТС-2 жобасы сәтті жүзеге асқан жағдайда халықтың жағдайы жақсарып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, аймақта туризм дамитынын жеткізді. Егер қазіргі таңда аймақта 8 балық зауыты жұмыс істеп тұрса, жобаның жүзеге асуымен олардың саны 25-30-ға дейін жететін болады. Бүгіннің өзінде зауыттар өнімдерін шетелдерге экспорттауда. Сонымен қатар, облыс басшысы «Қызылорда» су торабына күрделі жөндеу қажет екендігіне Үкімет басшысының назарын аударды. Егер жағдай реттелмесе, Қызылорда сусыз қалуы мүмкін екенін жет­кізді. Үкімет басшысы бұл мәселе жайында А.Мыр­захметовке ұсыныс дайындап әкелуді тапсырды.

Кәрім Мәсімов суарылмайтын жерлермен салыстырғанда, суармалы жерлердің өнімділігі жағынан 8-10 есе артық болатынын атап өтті. Сәйкесінше, олардың айналымға енгізілуі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің артуына ықпалын тигізуі мүмкін екенін, бұл экономиканың бүгінгі таңдағы негізгі міндеті болып табылатынын атап өтті. Премьер-министр ирригациялық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық қаржы ұйымдарының мүмкіндіктері мен кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарын барынша пайдалану қажеттігін айтты. Кеңес қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекетттік органдар мен аймақ әкімдіктерін аталған іске жұмыла кірісуге шақырды.

Арал ауданынан соң Үкімет басшысы Қазалыдағы «РЗА» акционерлік қоғамының тауарлы сүт фермасында болып, оның жұмысымен танысты. «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов өзі басқарып отырған компанияның құрылу мен жұмысы жайлы баяндап берді.

«РЗА» АҚ ұлттық экономиканың Қазақстандық мазмұнын құрайтын аймақтағы өндірістің қарқынды дамуына зор үлес қосып келе жатқан құрылым болып табылады. Ол 2010 жылы құрылыс саласындағы компания ретінде құрылып, кейін АШК дамыту жөніндегі Үкімет бағдарламасы қабылданғаннан кейін әртараптандырудан өтті.

Сүт өндірісі «РЗА» АҚ-ның инвестициялық жоспарының маңызды тармағы болып табылады. Бұл жоба «2010-2014 жылдарғы арналған Қазақстанның Индустрияландыру картасы» аясында жүзеге асырылды. Сүт-тауар фермасынан дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық кезеңі жолға қойылған.

2010 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылық қолдауымен «РЗА Асыл түлік» ЖШС сүт-тауар фермасы құрылды. Венгриядан 660 бас жоғары өнімді асыл тұқымды голштинофриз сиыры әкелінді. Кешен Германия, Голландия және Италия мемлекеттерінің заманауи озық технологиялық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Барлық процестер толығымен автоматтандырылған. Бүгінгі күні ірі қара басы 1600-ге жетсе, әрбір сауын сиырдан жылына 9000 кг сүт сауылуда. Ферма биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 79 миллион теңгенің 1506,4 тонна шикі сүтін өндірді. Осылайша, өндірістік жоспар артығымен орындалды.

Сүт фермасымен қатар сүт өңдеуші кешен («РЗА сүт» ЖШС) құрылған болатын. Онда «Дәмді» маркасымен пастерленген, ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май өнімдері шығарылады. Алдағы уақытта балмұздақ, йогурт, ряженка, брынза өнімдерін шығару жоспарлануда. Зауыт нақты кезеңде тәулігіне 15 тонна сүт қабылдап, сүт өнімдерін дайындауда. Болашақта тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт қабылдауға толық мүмкіндігі бар. Сүт өнімдері облыстың барлық аудандарында, Қызылорда және Байқоңыр қалаларына, сонымен қатар Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына сатылуда.

«РЗА» АҚ жұмысымен танысу барысында Кәрім Қажымқанұлы ауыл шаруашылығы са­ла­сы жетекшілерімен кездесіп, елді мекен тұр­ғындарының жұмыспен қамтылуын, АШК өнім­­дерін өндіруді арттыру, жеке шаруа қожа­лықтардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру арқы­лы өңдеу кәсіпорындарын дамыту мәселесін тал­қылады. Шаруашылық жетекшілері күріштің әр гектарына берілетін субсидияның тоқтатылмауын сұрады. Премьер-министр бұл ұсыныс назарда болатынын айтты.

Ы.Тәжіұлы,

Н.Сауяев
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 шілде 2016 г. 783 0