СЫРДЫҢ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРҒАНДАР ерекше марапатқа ие болды

СЫРДЫҢ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРҒАНДАР ерекше марапатқа ие болдыСыр елінің ең дарынды жас түлектері – «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі Н. Бекежанов атындағы драма театрында өтті. Өздерінің қатарластарынан оқ бойы озық шығып, 11 жыл бойы алған білімдерін жоғары дәрежеде дәлелдеген 143 оқушыға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Алтын белгі» тағып, бағалы сыйлық тапсырды. Салтанатты шарада аймақ басшысы білімді өрендердің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына лайықты тартуы мен мерейтойға қосқан үлестеріне ризашылығын білдірді.

– Білімді ұрпақты, талантты түлектерді демеу үшін біз барлық мүмкіндіктерді жасап отырмыз. Соныңнәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер де бар. Биылғы жылы 6564 оқушы мектеп бітірген болса, оның 70 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Облыс бойынша орташа балдық нәтиже 82,7-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны біршама артты. Сол сияқты «Үздік аттестат» иегерлері де көбейді. Облыс бойынша 68 мектеп бітіруші «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздары атанған 37 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, қалаған жоғары оқу орындарына жолдама алды. Ал 100 және 100-ден жоғары балл алған 722 оқушы болса, оның ішінде 4 мектеп бітіруші ең жоғары 122 балға ие болды. Жалағаш ауданындағы №123 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейі биыл да ең жоғары көрсеткішпен республикада «Ең үздік 100 мектептің» қатарынан орын алды.

Жылдан жылға дамып келе жатқан жүйелі жұмыстың арқасында озық отандық және шетелдік озық оқу орындарында білім алатын бала саны өсіп келеді. Биыл үшінші жыл қатарынан Ресей Федерациясындағы жоғары оқу орындарына 400-дей түлек жолдама алды. Облыс әкімінің әлеуметтік жағдайы төмен балаларға берілетін оқу гранты бойынша Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарында 364 оқушы білім алып жатса, биыл оның саны 500-ге жетті. Жалпы өткен жылы біздің мектеп бітірген түлектеріміздің 93 пайызы оқу орындарына түсіп, білімдерін жалғастыруда. Мен облыс әкімі ретінде аймақ үшін ең жоғары көрсеткіш осы талантты балалардың жеткен жетістіктері деп айтар едім. Сондықтан олардың ата-аналары мен ұстаздар қауымына алғыс айтамын,–дей келе, бітіруші түлектерге сәт сапар тіледі.

Халқымызда «Білікті-бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген әдемі сөз бар. Ой-өрісі жоғары, көкірек көзі ашық білімпаз ұрпақ келешектің кемел белгісіндей. Олардың үлкен болашаққа басқан қадамдарына құтты болсын айтқан аймақ басшысы Сырдың ең білімді өрендерімен бірге естелік суретке түсті.

«Алтын белгі» иегерлерінің атынан сөз алған Жалағаш ауданының №202 мектеп түлегі Болат Нұрсұлтан ұстаздарының үмітін ақтап, еліміздің өркендеуі мен дамуына күш жұмсайтынына уәде берді.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

Бағдат ЕСЖАНОВ (фото).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 маусым 2016 г. 765 0