
Жапырағын жая, биікке тырмысқан көк өскінге қарап Барлекең
кейде ойға шомады. «Уақыт баланы да өсіреді, дананы да өсіреді», демекші өзінің
де ең алғаш еңбекке араласа бастағанына жарты ғасырдан астам мезгіл зырлап өте
шықаны ма?! Солай болғаны ғой,
«Төңкерісте» алғаш кетпен ұстап дала қосына шыққанында өрімдей ғана жігіт еді.
Күріш суарып жүрді. Ол кезде мұндай инженерлік жүйеге келтірілген алқап қайда,
су шығады ау деген сай-саланы қуалап, дән тастап, содан қара күзге дейін
арпалыс. Өткен күндерге ой жүгіртіп, барлай қарағанда кейде сол бір шаршамайтын
күндерін де сағынады. Содан соң трактор руліне отырды, үш-төрт жыл өткен соң
ұжым басшылары жас жігітке сенім артып, өндіріс бригадирлігіне көтерді.
Шаруашылыққа көзі қанығып, өзі төселіп қалған қажырлы жас бұл жұмысты да
дөңгелетіп әкетті. Жоспар түгілі міндеттемені асыра орындап, озаттар қатарына
қосылды. Өндірістен қол үзбей жүріп ауыл шаруашылығы институтын бітіріп алды.
Енді озат бригадирге аудандағы ірі ұжымның бірі – Гигант совхозының бас
агрономы қызметін атқаруға тура келді. Бұл 1989 жылдың көктемі еді. Міне, сол
қызметінен табан аудармай 24 жыл еңбек етіп, 2013 жылы зейнеткерлікке шыққан соң
ғана байыз тапқандай. Алайда, он екі мүшесі сау адамға үйде қарап отырудың өзі
де қиямет екен, Барлекең тағы бір ермек тауып алды. Онысы – жылыжайда көкөніс
өсіру. Агроном, дала жұмысына әбден төселген дегенімен, байырғы диқанға да бұл
шаруаның өзіндік сырлары мен құпиясын үйренуге тура келетін көрінеді. «Тәуекел деп тас жұт» демекші, отбасы
мүшелері де отағасының осы тоқтамына көніп, жыл басында есік алдындағы ауладан
10 сотық жерге жылыжай орналастыруға кірісіп те кетті. Әуелі, жерді тегістеп,
көң септі. Сонан соң жылыжайдың қаңқасын темірден жасатып орналастыру мен құдық
қазу жұмыстарымен жалғасты. Сырттан несие алмай, барлық шығын өз тараптарынан
орын алды.
Міне, маусым айының ортасы Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылының
тұрғыны Барлыбай Мұсаевтың жылыжайында «Боран» аталатын қызанақ сорты жеміс
беруге тақалды.
– Барлық жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарығаш
ауданында жылыжай ісіне ысылған мамандардың көмегі арқылы бастап жатырмыз.
Жоғарыдағы көлемге 3000 түп қызанақ көшетін орналастырдық. Уақытылы үстеп қоректендіру,
түрлі зиянкестерге қарсы дәрілеу шаралары агротехникаға сай атқарылып келеді.
Оларды өзім бастап, немерелерім – Ертуаған, Ерасыл, Мейіржан және басқалары
жабылып атқарамыз. Аманшылық болса, осы жерден 12 тонна өнім алсақ деген
ойдамыз, –дейді Барлекең ағынан жарылып.
Тағы да айтады, алғашқы жылдары тәжірибе жинақтау, кеткен
кемшіліктерімізден сабақ алу болса,келешекте өз жылыжайымызда бір
жылда екі рет өнім алуды жүзеге асырғымыз келеді. Оған мүмкіншілік бар екен.
Иә, отандық өнім осындай ізденімпаздық арқылы молаяды, өз
тұрғындарымыздың еңбегі арқылы жүзеге асырылады. Бұл – баршаға қажет тәлімді
іс.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылы.