АЙМАҚ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ЕҢБЕК ЕРІН ҚАРСЫ АЛДЫ

АЙМАҚ  ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ЕҢБЕК  ЕРІН  ҚАРСЫ  АЛДЫЖексенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған топ пен Сыр елінің жастары Қорқыт ата әуежайынан Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевті гүл шоқтарымен күтіп алды.
Дана жұртымызда «Елдің атын ер шығарады» деген қанатты сөз бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы серпінді дамушы компаниялардың бірегейі саналатын «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан еліміздің ең жоғары наградасы –  Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Қуанышты хабар елге Сыр ананың абзал ұлынан бұрын жетті. Өйткені мұндай биік марапат азаттықтың самалымен тыныстаған 22 жылдың ішінде қызылордалық кәсіпкерге алғаш рет беріліп отыр. Сондықтан бұл қуаныш Сыр елінің, осындағы жалпақ жұрттың қуанышы.
Жұлдызды перзентіне деген елдің ақеден көңілі мен ыстық ықыласын айтыс өнерінің ақтангері атанған Мұхтар Ниязов тамаша жыр жолдарымен жеткізгеннен кейін Сейілбек Шаухаманов аталық ақ батасын арнады.
Сыр өңірінің негізгі дақылы – күрішті баптап өсіріп, өндірушілер үшін ақталған өнімді шетел нарығына экспорттау, оның өтімділігін арттыру секілді маңызды мәселелердің басы-қасында жүріп, туған ауылының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кәсіпкер Абзал Ералиев ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингте: 
– Шын мәнінде, бұл Елбасы мен елдің маған берген биік марапаты. Бұны мен Сыр бойындағы диқандардың жеңісі, барлығымызға ортақ қуанышымыз деп білемін! Сырдың көгінде тағы бір еңбек жұлдызы жарқырады. Алтын жұлдыз маған үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп ағынан жарылды. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 16 желтоксан 2013 г. 1 475 0