« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Облысымыздың оңтүстік
аудандары орналасқан қарт Қаратау мен сырлы Сырдың аралығы мал шаруашылығына
тіптен қолайлы. Кешегі атакәсіп бұл күндері қайта қолға алынды. Ауыл
шаруашылығының ауқымды саласының берік тағаны – мал шаруашылығын мемлекеттік
қолдау күн санап артып келеді. Қой бағып, қозы қайырған кешегі аға ұрпақтың
табысты жолын жалғастырғысы келетін ізбасарлары бұл бастаманы қуана құптап,
саланы дамытуға кірісті. Нақты кезеңде Шиелі ауданында ірі қара саны 45 мыңға
тақалса, қой мен ешкі саны – 83666 басқа, жылқы – 1288 басқа, ал түйенің саны
1288 бас болды. Ал құс саны 15401-ге жетті.
– Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді қолданылуы мал басының өсіміне айтарлықтай серпіліс берді. Оның үстіне ауыл жұртшылығының атакәсіппен шындап шұғылдануына жол ашып, жастардың бойына сенімділік оятқандығын айтуымыз керек. Бұл орта жолда үзілмей, әрі қарай жалғастырылатын өте тиімді, ауыл тұрғындарына қажетті бағдарлама екендігін дәлелдеді, – дейді Шиелі ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұқабай Мақаш өз сөзінде.
Биыл ауданда 110 бас асыл тұқымды ет бағытындағы бұқалар сатып алынып, бұл бағытқамемлекет тарапынан 12,5 млн теңге субсидия алынды. Ал «Сыбаға» бағдарламасына сай 350 бас сиыр, 12 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспарланып, қазіргі кезде ол 66 пайызға орындалды. Иіркөл ауылындағы «Қазына», Гигант ауылындағы «Ербол», Талаптан ауылдық округіндегі «Бакиров», Шиелі кентіндегі «Нәлібай» шаруа қожалықтары осы мақсатта жүйелі жұмыс өргізіп, үлкен нәтижелерге иек артып отыр.
Сонымен қатар, Сұлутөбе ауылдық округіндегі «Перизат» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 25 млн теңге несие қаржы алуға жұмыс жасап отыр. Сол секілді Еңбекші ауылдық округіндегі «Аңшы ата» шаруа қожалығы 12 млн теңге, Иіркөл ауылдық округіндегі «Жерұйық» шаруа қожалығы 11 млн теңге несие қаржы алуға құжаттарын реттестіру үстінде.
Мал тұқымы асылданбай, айтарлықтай табыстарға жету жоқ. Сондықтан бұл мәселе де мамандар тарапынан қозғаусыз емес. Мәселен, Майлытоғай ауылдық округіндегі «Асан» шаруа қожалығының жетекшісі Жалғас Асанов мамандармен бірлесе отырып, ізденісті еңбек етуде. Ол өз қарауындағы 1264 бас қойын осы бағытта күтімге алған. Сол секілді Ақмая ауылдық округіндегі «Әсет» шаруа қожалығы, 279 бас ет бағытындағы мүйізді ірі қараны шығынсыз өсіріп келеді. Ақмая ауылдық округіндегі үздік мал дәрігері Төрехан Рсайдың адал бейнеті мен Жиделі ауылдық округіндегі үздік техник ұрықтандырушы Айдос Байділдаевтардың еңбегін үлгі етуге болады.
Шиелі ауданында биылғы жылы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 700 бас аналық қой, 24 бас қошқар сатып алынды. Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан Еңбекші ауылындағы «Өмірбек» шаруа қожалығы қаңтар айында 335 бас тұсақ, 18 бас қошқар, Шиелі кентіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығы 1 млн теңге несие қаржысына 56 бас асылтұқымды тоқты сатып алды.
Ауданда «Құлан» бағдарламасы бойынша 290 бас бие, 20 бас айғыр алуға ұсыныс түсірілді. Сол секілді «Ырыс» бағдарламасы аясында Бидайкөл ауылындағы «Асылхан» шаруа қожалығы 100 бас сауын сиырға арналған сүт фермасын іске қосу бағытында жұмыс жүргізді. Онда қора-жай мен сүт өңдейтін жабдықтарды Ресейден алдыру үшін келісім шарт бойынша жұмыс жасалуда. Ал «Ақмая» шаруа қожалығы өздеріндегі шағын сүт цехының қызметін ауыл тұрғындарына ұсынып келеді. Тағы бір сүйсінерлігі – жеке кәсіпкер Сабыр Ермаханов «Аруана-шұбат» атты шағын түйе сүтін өңдейтін цехты жуырда іске қосып, алғашқы өнімдерін саудаға шығара бастады. Келешекте онда тәулігіне 400 литр шұбат өңделіп, 5 адам тұрақты еңбек ететін болады.
Иә, табиғаты шаруашылыққа қолайлы Шиелі ауданында мал басы өсіп, атакәсіп жаңа ауқымда дамып келеді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |