« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Кеше
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев «Байқоңыр Инвест» VIІ
Инвестициялық форумын ұйымдастыру және өткізу» тақырыбында журналистерге арнап
баспасөз мәслихатын өткізді.
2013 жылы аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған, жылына екі рет ұйымдастырылатын «Байқоңыр» инвестициялық форумы өңірге инвестиция тартудың тиімді жолына айналды. Яғни, дәстүрлі басқосу бүгінде ел игілігін нығайта түсудің дәнекері болып отыр. Ғалым Әміреевтің айтуынша, осыған дейін өткізілген 6 форумның нәтижесінде 70-ке жуық меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып, ферроқорытпа, машина жасау, цемент зауыты секілді жобаларға инвестор тартуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, форум аясындағы үлкен жетістік – облыс орталығында шыны зауытын салу жобасына қол жеткізілді. Мұнан бөлек, 321 қызылордалық түлек Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына жол ашылды.
Кезекті жетінші форум 27-28 мамыр күндері болады. Бұл жолғы форумға қазақстандық 140-тан астам бизнес қауымдастық пен қаржы институттарының өкілі қатысады. Сондай-ақ, 12 шет ел мемлекетінен инвесторлар келмек және олармен 10-ға жуық мемарандумға қол қою жоспарланған.
Форумның алғашқы күні «Қызылорда облысының инвестициялық жобалары» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, онда облыстағы 26 инвестициялық жоба таныстырылады. Әрі қарай форумның пленарлық отырысы өтеді. Басқосудың соңы екіжақты меморандумдарға қол қоюға ұласады. Одан кейін секциялық жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, 1-секцияда «Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті дамытудың келешегі», 2-секцияда «Ауылшаруашылық өнеркәсібінің кооперациядағы болашағы», 3-секцияда «Жаңа жағдайдағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің даму келешегі» және 4-секцияда «Қызылорда облысында туризмді дамытудың келешегі» тақырыптары талқыланады.
Ал екінші күні, 28 мамырда форум қатысушылары «Қорқыт ата» кешені мен «Байқоңыр» ғарыш мұражайлық кешенін тамашалауға барады. Мұнан бөлек, «Қамыстыбас» сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысады.
– Бұл жолғы форумның бір ерекшелігі, Қорқыт ата кешенінде этноауыл ұйымдастырылады. Онда қолөнермен айналысып жатқан кәсіпкерлер және шеберлер өз бұйымдарын қояды, ұлттық ойын түрлері, салт-дәстүр көрсетіледі, ұлттық тағамдарымыз да ұсынылады. Бұларды тек қонақтарға көрсетіп қана қоймай, қызылордалық кәсіпкерлерді, БАҚ өкілдерін және басқа қызығушылық танытқан жергілікті азаматтарды автобустармен алып бармақпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, форум аясында туризм саласымен байланысты кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше назар аударылады. Әсіресе, әлемге әйгілі «Байқоңыр» брендін ілгерілетуге жерлесіміз, «Caspian Services» (Монако) компаниясының құрылтайшысы Андрей Кашечкин мүдделілік танытуда. Кәсіпкер Қызылорда облысы үшін жасалған автобустың бірінші үлгісін әкеледі. Ол автобус форумға қатысушыларды Байқоңырға тасымалдайтын болады.
– Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, инвесторлар нақты жобалармен келетін болады. Мысалы, ресейлік компания Жаңақорған ауданында цемент зауытын салуға қызығушылық білдірген болатын. Оның құрылысы 28 мамыр күні басталады, – деген облыс әкімінің орынбасары бұл форум да жаңа инвесторлармен байланыс орнатуға зор көмегі тиетініне сенім білдірді.
Дәурен ОМАРОВ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |