БЮДЖЕТ АШЫҚТЫҒЫ БҰҚАРАНЫҢ НАЗАРЫНДА НЕМЕСЕ АҚПАРАТ АШЫҚТЫҒЫМЕН ҚҰНДЫ

БЮДЖЕТ АШЫҚТЫҒЫ БҰҚАРАНЫҢ НАЗАРЫНДА НЕМЕСЕ АҚПАРАТ АШЫҚТЫҒЫМЕН ҚҰНДЫБүгінгі таңдағы әлемдік дағдарыс экономиканың барлық саласын қамтып отыр. Дамыған елдердің өзінде жұмыссыздық күшейіп, әлеуметтік шиеленістер тереңдей түсті. Осы жағдайлардың барлығы ел дамуына тікелей әсер етуде. Дегенмен дағдарысқа қарсы Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары мен оның алтын өзегі 100 нақты қадамнан тұратын реформаларды жүзеге асыру үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Осы бағытта экономиканы тұрақтандыру және әртараптандыру облыс көлемінде қарқынды түрде жүруде.

Ұлт жоспары мен Жолдауларда айтылған міндеттер мен тапсырмаларға орай, Қызылорда облысы әкімінің 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары дайындалып бекітілген болатын. Оның негізгі бес басымдығы қиын қыстау кезеніңде экономиканы әртараптандыруды негізге алады. Облыс әкімі бұл бағытта нәтижелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Өңірде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешу жолдары тыңғылықты қарастырылып, бюджет қаржысы тиімді бағытталып, аймақта халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салынып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар жүзеге асып, инвестициялық-индустриялық жобалар кезеңімен жүзеге асуда. Мұның барлығы бюджет қаржысын тиімді пайдалана білу мен ұсынықты есепке жүйеленген.

Үкімет қаулысына сәйкес биыл облысымызға республикалық бюджеттен және Ұлттық қор есебінен барлығы 20,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде трансферттер 3,9 млрд теңге, даму трансферттері 10,2 млрд теңге, кредиттер 6,3 млрд теңгені құраған. Бұл қаржылардың дені салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысына, инфрақұрылымды дамытуға, облыс орталығында Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысына, жергілікті бюджеттердің шығыстарын өтеу мен өңірлердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мақсатталады. Сонымен бірге республикалық бюджеттен аймаққа үлкен маңызы бар шығындарға, атап айтқанда кәсіпкерлікті қолдауға, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға және жылу, су және сумен қамтуды қайта жаңғырту жұмыстарына бағышталады. Қалған қаржылар басқа да трансферттер мен кредиттерге бөлінеді.

Негізінен облыстың жылдық бюджет көлемі 175,3 млрд теңгені құраса, әлеуметтік салаға 46% тиесілі болып отыр, яғни салмақты үлес әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Ал дағдарыс уақытында тек қана құрылысқа бөлінген қаржы көлемі жөнінен Астанадан кейінгі екінші орында тұрмыз.

2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет ҚР Бюджеттік кодексіне, «Қызылорда облысының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы» облыс әкімінің қаулысына сондай-ақ Елбасы Жолдауындағы бюджеттік параметрлеріне сәйкес әзірленген.

Биылғы жылға арналған облыстық бюджет саясатының басты бағыттары бұл қаржылық ресурстардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Яғни, бірінші кезекте әлеуметтік қамтамасыз ету, әлеуметтік салаға әсер ететін іс-шараларды қамти отырып жұмыссыздықтың қамтылуын қадағалау. Осыған сәйкес, бюджеттің әлеуметтік сала бағыты сақталып, мемлекеттік, салалық бағдарламалардың шараларын іске асыруға, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ауыз су және ауыл шаруашылығын қаржыландыруға қаржы қаралып отыр.

Жалпы облыстың бюджет ақпараттарының ашықтығы мен мөлдірлігі мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі. Аймақтың экономикалық дамуы, қаржылық-құқықтық және саяси мәдениеті облыс бюджетінің ашықтығымен қамтамасыз етілген.

Жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайында көптеген елдер әлеуметтік шығыстарды қысқартуға, жоспарлы жобаларды тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бірақ дағдарысты еңсеруге бағытталған нақты іс-қимыл жоспарлар Елбасы сөзінде атап көрсеткендей, халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді. Бұл жағынан облысымыз республика деңгейінде алдыңғы орындарда көрініп жүр. Экономикаға құйылатын, басталған жобаларды жеделдетуге, жаңаларын ашуға ынталандыратын қаржы жеткілікті. Ендігі бар міндет облыс бюджетіндегі қаржылардың көзделген мақсатқа сай тиімді жұмсалып, халық игілігіне қызмет етуі.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2016 г. 784 0