« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Бейсенбі күні
облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті
3-сессиясы өтті. Сессия төрағасы, депутат Райхан Ысқақова күн тәртібін
жариялағаннан кейін алғашқы мәселе «Облыс бойынша мектеп алдындағы даярлық және
балабақшалардың жағдайы және оларды жақсарту шаралары туралы» Қызылорда
облыстық мәслихатының 2012 жылғы 6 желтоқсандағы №62 шешімінің орындалу барысы
туралы облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы баяндама жасады.
Р.Кенжеханұлы балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту мәселесі соңғы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде күрт өскенін атап өтті. Қазіргі таңда облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 2012 жылмен салыстырғанда 259 бірлікке артып, 708-ге жетті, онда тәрбиеленетін балалар саны 17504-тен 46899-ға дейін көбейді. Жалпы жүйедегі жекеменшік балабақшалардың үлесі 65,1 пайызды құрады. 2015 жылдың өзінде жаңадан 97 балабақша ашылса, оның 91-і жекеменшік. Осының нәтижесінде 2015-жылы облыс көлемінде 3-6жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтуға қол жеткізілді. Республикалық көрсеткіш 81,6 пайыз. 2012 жылы бұл көрсеткіш бізде 75,2 пайыз болатын.
Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қабылданған 3-6 жас аралығындағы 28 399 балаға қажетті 8,3 млрд теңге қаржының 4,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Қалған 3,5 млрд теңге қаржыны бөлу туралы Білім және ғылым министрлігімен келісім бар.
2012 жылы облыс көлеміндегі күрделі жөндеуді қажет ететін 43 балабақшаның 2013 жылы 6 балабақшаға, 2014 жылы 11 балабақшаға, 2015 жылы 5 балабақшаға, барлығы 22 балабақшаға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, оларға облыстық және жергілікті бюджеттен 622,9 млн теңге қаржы бөлінді.2016 жылы 7 балабақшаның күрделі жөндеу жұмысына республикалық бюджетте 293,3 млн теңге қаржы қаралып отыр. Қалған балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Мүмкіндігі шектеулі балалар мектепалды даярлықпенотбасында, балабақшада және мектеп жанындағы шағын орталықтарда қамтамасыз етілген. Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ата-аналарға арналған консультативтік пункттер, психолого-педагогикалық түзету кабинеттерінде арнайы мамандар жұмыс жасайды.
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес, жаңадан пайдалануға берілген балабақшалар тиісті штаттық бірліктермен және материалдық-техникалық құралдармен жарақтандыруға қажетті қаржымен қамтамасыз етілген. Осылайша, облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 6 желтоқсандағы «Облыс бойынша мектеп алдындағы даярлық пен балабақшалардың жағдайы және оларды жақсарту шаралары туралы» шешімінің негізгі бағыттары орындалып, облыстағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі айтарлықтай алға басты.
Облыс әкімінің орынбасары сонымен қатар, жаңа уақыт біздің алдымызға бұл салада да жаңа міндеттер қойып отырғанын жеткізді. Мәселен, облыстағы қарқынды демографиялық өсім алдағы 3 жылдың өзінде тек 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған балабақшалар желісін кеңейтіп, қосымша 10 300 орын ашуды талап етеді. Соның ішінде, 2016-2017 оқу жылында 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі ұйымға болжаммен қамтылуға тиісті бала саны 46 714. Ал 2017-2018 оқу жылында 3-6 жас аралығындағы бала саны 50 171. Мұнан соң 2018-2019 жылы бұл көрсеткіш 55 436-ға жетеді. Осылайша болжам бойынша барлығы алдағы 3 жылда тек 3-6 жас аралығындағы балаларға қосымша 10 330 орын қажет болады.
Мұнан кейін депутат Шәкизада Әбдікәрімов балабақшаларға қатысты атқарылған жұмыстарды саралаған уақытша комиссияның атқарған жұмыстары жөнінде хабарлама жасады.
Күн тәртібінде белгіленген мәселелер толықтай талқыланып, тиісті шешімдер шығарылған соң аймақ басшысы сөз алды. Ол білім саласына қатысты Елбасы қойып отырған негізгі ерекше үш мәселені атап кетті. Оның біріншісі үш ауысымды мектептерді жою. Екінші апаттық мектептер мәселесін шешу. Үшіншісі 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту. 2020 жылға дейін Үкімет пен әкімдіктер осы мәселелерді толықтай шешуі тиіс.
Облыс әкімі жасалған жүйелі жұмыстар нәтижесінде өңірде 2013 жылдан бері үш ауысымдық мектептер жоқ екенін мәлімдеді. Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарындағы апатты жағдайдағы 11 мектепті мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде шешу жоспарланған-ды. Алайда, экономикалық жағдайдың күрт өзгеруі, теңге бағамының төмендеуі салдарынан инвесторлардың бұл жобаларды бастауы кешікпейтіндіктен биыл жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырып, барлық 11 апатты мектеп құрылысын өз күшімізбен бастай береміз. Өйткені, апатты жағдайдағы мектептерде жұмыс істеу уақыт өткен сайын қауіпті бола түспек.
Ал балабақша мәселесі 2012 жылы жоспарланған жұмыстарға сай жүргізілді. Олардың ішіндегі ең күрделісі апатты жағдайдағы 18 балабақша болатын. Оның ішінде төртеуі жаңадан салынды. Қалғандарын мемлекеттік-жеке әріптестік келісім негізінде кәсіпкерлер көмегімен шешу бағытындағы жұмыстар жүргізеді. Оны іске асырудың экономикалық тетіктері дайын. Мемлекеттік тапсырыс беру арқылы кәсіпкерлерді ынталандыруға толық мүмкіндік бар. Аудан әкімдері осы бағытта жұмыс жүргізетін болады.
Қазір облыста мектепке дейінгі 708 ұйым жұмыс істейтін болса, оның 68 пайызы жеке меншік балабақшалар. Бұлардың барлығында 47 мыңдай бала тәрбиеленуде. Облыстағы 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі ұйымдарда 100 пайыз қамтылып отыр.
– Бұл – біздің ортақ табысымыз. Бұл көрсеткіш бойынша Сыр өңірі республикаға үлгі болды. Біздің тәжірибемізді насихаттауға арналған республикалық семинар өтті. Ашылған балабақша саны бойынша республикада көш алдындамыз. Бұл көрсеткіш Сыр елінің өскелең ұрпаққа деген айрықша көзқарасын білдіреді, – деді осы орайда облыс әкімі.
Мұнан соң Қырымбек Елеуұлы биылғы мектеп бітірушілер жайына да тоқталып өтіп, ҰБТ қорытындысы бойынша өткен жылғы нәтижеден төмендемеу маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, балаларды жазғы сауықтыру көрсеткіші де өткен жылғы деңгейден төмендемейтін болады. Алдағы кезеңдері жазғы демалыс лагерьлерін жыл бойы пайдалану қолға алынады. Аймақ басшысы сөзінің соңында Елбасымен өткен соңғы басқосуда облыс бюджетінің атқарылуы мен мемлекеттік бағдарламалардың өңірде орындалуына қатысты жақсы баға берілгенін атап өтті.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |