ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЖАНДАР

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЖАНДАР«Ел арасындағы жарастығы мол отбасыларды дәріптейтін "Мерейлі отбасы” сайысына қатысуды мәртебе деп есептеймін. Олардың өнегелі өмір жолдары мен ұрпақ тәрбиесіндегі жетістіктерін жастар арасында насихаттау шаралары үздіксіз жүргізілуі керек». Бұл Жалағаш ауданының тұрғыны, өткен жылғы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жүлдегері, Нұрманбетовтер отбасының отағасы Бақытбек ағаның пікірі.

Б.Нұрманбетов Жалағаш ауданы қазіргі Мақпалкөл ауылында дүниеге келіп, сонда өсіп, сонда еңбек етті. Еңбекпен есейіп, өркен жайып, үлгілі отбасы болды.

Өзінің жастық шағы туралы «Ата-анамыз – зейнеткер, 46 сом зейнетақы алатын. Біріне жетсе, біріне жетпейді. Осы жағдай мені еңбекке ерте араласып, ерте есеюіме әсер етті» дейді. 1964 жылы сол ауылда өскен қызбен отбасын құрды. Әуелгі мақсат – қаржы мәселесі, оны адал еңбекпен тауып, отбасын ел қатарлы өмір сүруге жеткізу болатын. Еңбекке ерте 17 жасынан араласқандықтан, қиыннан қашпады, ауырдан саспады. Ең алғашқыда жүк таситын көлік жүргізді. Кейіннен механизатор-комбайнер болды. Одан кейінгі жылдары совхозда елмен бірге тер төкті. Осы еңбектің арқасында 1968 жылы 23 жасында Қазақстан Орталық комитетінде ерекше еңбек еткен озаттардың есімі жазылатын «Алтын құрмет» кітабына енді. Бұл марапат оны қанаттандырып, еңбекке құлшынысын одан сайын арттырды.

Отбасында жұбайымен бірге 6 бала тәрбиелеп өсірді. Балалар өсіп, алды орта мектепті бітіргесін, жағдай күрделеніп, олардың жоғары білім алуына жағдай жасау керек болды.

– Балаларымының анасы Үмітай Оспанова он саусағынан өнер тамған іскер тігінші еді. Күндіз жұмысында, түнде үйде киім тігіп, екі жақты қатар алып жүруіне тура келді. Бала тәрбиесіне де үлгеріп жүрді. «Отбасы – шағын мемлекет» дейтін болсақ, оның ішкі тәртібі, бюджеті анасының міндетінде болды, – дейді ол.

Бақытбек пен Үмітайдың алты баласы да мектепті ойдағыдай бітіріп, Қазақстандағы ең таңдаулы жоғары оқу орындарынан әртүрлі мамандықтар алып шықты. Осы кезде жоғары оқу орындары бітірушілердің дипломын қолына беріп, «жұмысты өзің тауып ал» дейтін кезең басталды. Әкенің ақылы осы тұста балаға өте қажет болды.

– Менің ауыл шаруашылығының механизациясы саласында арнаулы орта білімім, оған қоса өмірлік тәжірибем балаларымның ауыл шаруашылығының білікті маманы болуына септігін тигізді. Кешегі Кеңес үкіметі ыдырап, бұрынғы жүйе бұзылып, ауыл шаруашылығы өте қиын жағдайға тап болған 1994 жылдары біздің де отбасымыз ел қатарлы қиындықтарға тап болды. Айлап-жылдап ақша ұстамадық, еткен еңбегің қағаз жүзінде бар, аларға ақша жоқ. Қайта құрылған шаруашылықтар қарызға батып, алды банкрот бола бастады.

Отбасымызды қиындықтан алып шығу үшін, жаңа жағдайды тез түсініп, әрекет ету қажеттілігі туды. «Жеке кәсіп жасау керек» деген ойға бекініп, тәуекел еттік. Өнімділігі жоғары әрі сапалы күріш ақтайтын диірмен құрастырып іске қостым. Күріші барлардың ықыласын өзіме аудардым. Бұл кәсібім оңынан туып, отбасымызда қайта өрлеу дәуірі басталды. Қолдағы бар малымыздың өнімін қалаға әкеліп сатып, табысымыз еселене түсті. Бұл жұмысты отанасы атқарды. Үш ұрпақтың бір-біріне жалғасып келе жатқан дәстүрі бар. Ол – отбасында үлкеннің ақылын тыңдау, алдыңа айқын мақсат қою, – дейді ол.

Адал еңбектің арқасында үйі жанға, қорасы малға толды. Кең пейілі мен мол дастарқаны әр уақытта жаюлы. Осындай қасиеттер әр азаматтың басында болса, сөз жоқ, мемлекетіміз мерейлі, еліміз қуатты болатыны анық.

Қазір үш қыз тұрмыс құрды. Жағдайлары өте жақсы, ата-анаға да керегі осы. Немеренің алды мектепті «Алтын белгімен», қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің туризм саласын үздік дипломмен бітірді. Үлкен ұлы Ербол 2013 жылы «Сарықасқа жылқы» фермер қожалығын құрып, қазір өз алдына шаруашылығын жүргізіп отыр. Ортаншы бала Әліби «Ер-Әлі» шаруа қожалығын 2003 жылы отбасылық пай үлесімен 20 гектардан құрды. Қазіргі уақытта жалпы егіс көлемін 2000 гектарға жеткізіп, екі елді мекенді жұмыспен қамтып отыр. Соңғы жылдары қарамағындағы жерді Италияның лазерлік жер тегістейтін құралымен толық қайта өңдеді. Соның нәтижесімен биылғы жылы гектарына 80 центнерден өнім алып, облыста озат шаруашылық атанды. «Құрмет» орденінің иегері Әліби бір отбасының ғана емес, бүкіл аудан мақтанышы.

Кенже ұлы Еркін басқаратын «Құрманбай ата» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылды. Қазіргі уақытта жалпы егіс көлемін 900 гектарға жеткізіп, 40-50 отбасын жұмыспен қамтып отыр. Жыл қорытындысымен ауданның озат шаруашылығы атанды. Құдайға шүкір, балалары сенімін ақтады. Солардың арқасында елдің ортасында берекелі ғұмыр кешіп келеді.

Отбасында әркім өз міндетін біліп, ортақ игілік үшін жұмылып жұмыс атқарғанда ғана жарастық салтанат құратынын айтқан Бақытбек аға өз әңгімесін:

– Қазір еліміздің алдында сындарлы сәт туып отыр. Қалыптасып отырған қиын кезеңде жергілікті кәсіпкерлер Елбасы үндеген үдеден шығуы тиіс. Ауыл шаруашылығында белсенді қызмет атқарып жүрген шаруашылықтар ел-халықтың еңсесін тіктеуіне қолдау көрсетуі жөн болады деп есептеймін, – деп қорытындылады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2016 г. 1 189 0