ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТКеше облыс әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның оты­рысы өтті. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен отырыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және аймақты тасқын судан қорғау мақсатында су шаруашылығы нысандарын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілу барысы туралы мәселелер қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, департамент, басқарма басшылары және селекторлық байланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 292 адам жалпы кене шағу жағдайымен тіркелсе, Конго-Қырым геморрагиялық қанды безгегіне күдікті 2 адам тіркеліп, оның біреуінің диагнозы анықталмай үйіне шығарылған, ал екіншісі әзірге тиісті ем-шара алуда.

Жалпы облыстық бюджеттен жылма-жыл қомақты қаржы бөлініп, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы да бөлінген қаржыға бірінші кезектегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Облыста 100 елді мекен қолайсыз аймақ ретінде белгіленсе, олардың қатарына биылғы жылы тағы 21 елді мекен қосылып отыр. Сала басшыларының айтуынша, биылғы маусым жылы әрі жауын-шашынды болғандықтан кене таралу қаупі жоғары, соған орай жұмыстар көлемі де 2 есеге ұлғаяды.

– Қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген мақал бар. Залалсыздандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуі тек тапсырыс берген мекеме емес, осы бағытта жұмыс атқарып отырған барлық тиісті сала басшыларының, аудан және қала әкімдерінің тікелей міндеті. «Маған қатысы жоқ» - дегенді қою керек. Халқымыздың бірқалыпты тыныс-тіршілігіне бәріміз де жауаптымыз, – деді облыс әкімі.

Осы мәселелерге орай аймақ басшысы тиісті сала мамандарына тапсырма берді.

Жаз маусымы басталысымен адамдардың суға кету деректері жиілей бастады. Былтыр облыста 43 адамның қазасы тілсіз жаудан келсе, оның 15-ін балалар құрады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 4 суға кету оқиғасы тіркелді, оның 3-і балалар.

– Жазғы маусымда су айдындарындағы қауіптің алдын алу жоғары деңгейде жүргізілуі қажет. Биыл шомылу мезгілі басталмай жатып, 4 адамның суға кету оқиғасы орын алды. Бұған дейін де барлық аудан әкімдеріне өз аймақтарында көпшіліктің суға шомылу жерлерін анықтап, талаптарға сай жағажайлар ұйымдастыру және оларды суда құтқару құралдарымен жабдықтау тапсырылған. Бұл тапсырманы тек Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласы әкімдіктері ғана орындап отыр, – деген аймақ басшысы аудандар әкімдеріне берілген тапсырмаларға қатаң жауапкершілікпен қарауды міндеттеді. Сонымен қатар, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін су қоймаларында, демалу аймақтары мен балалар лагерьлерінде адамдар өмірінің қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды айқындауды, демалыс орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша ерте көктемде дария арнасындағы мол судан Сырдария өзені бойындағы бұзылған қорғаныс бөгеттеріне жөндеу жұмыстары жалғастырылып жатқандығы айтылды.

– Биылғы жыл басында Арал және Қазалы аудандарында су тасқыны бойынша орын алған жағдайлар бәрімізге белгілі. Барлық тиісті сала қызметтері мен аудан әкімдіктерінің бірлесіп шұғыл қабылдаған шаралары арқасында дария бойы орналасқан елді мекен тұрғындары мен стратегиялық маңыздағы нысандар қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, - деген облыс әкімі алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті сала басшыларына біршама тапсырмалар берді.

Отырыс соңында «Ақлақ» су торабына дейінгі «Баян», «Сағымбай» және «Тәуір» каналдарына шлюз орнату және «Ақлақтағы» су астында жатқан ескі понтон көпірін шығару мәселесі пысықталды.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2016 г. 900 0