МАҚСАТ – СУ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІН БОЛДЫРМАУ

МАҚСАТ – СУ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІН БОЛДЫРМАУ Кеше облыстық әкімдікте өңірдің су шаруашылығы мәселелеріне арналған селекторлық мәжіліс өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен мәжіліске ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, облыс әкімінің орынбасарлары, салалық құрылымдар басшылары, аудан әкімдері және шаруашылық төрағалары қатысты.

Облыс ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігін сусыз елестету мүмкін емес. Оның жетіспеушілігі соңғы жылдары анық байқалуда, ол өз кезегінде егістік көлемдерінің қысқаруына әкеліп соғуда. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметтері бойынша бүгінгі таңда 227 мың гектар суармалы жерлердің 54 мың гектары пайдаланылмайды.

Жыл өткен сайына судың жетіспеушілігі көбірек сезіле түсуде. Биылғы жылы «Шардара» су қоймасынан су жіберу кестесі бұзылуы себепті «Көксарай» су реттегішіне қажетті көлемді толтыру мүмкін болмады. Нәтижесінде ондағы су көлемі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 769 млн текше метрге аз болып отыр. Ал мұның өзі алдағы кезеңде егістіктерді суландырудакері әсерін тигізетіні белгілі.

Мемлекет басшысы тапсырмасына сай қабылданған Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысында су шаруашылығын жақсарту және су тапшылығын болдырмау мақсатында біршама жұмыстар атқару жоспарланған. Мемлекеттік бағдарламаға облыс бойынша 100,1 млрд теңге болатын 127 жоба ұсынылған. Солардың ішінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС-2) және «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ИДЖЖ-2) жобалары енгізілгенін атап өту керек.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметтері бойынша 227 мың гектар суармалы жерлердің 179 мың гектары инженерлік жүйемен тегістелген. Суармалы жерлерде ұзындығы 10,2 мың шақырым сумен қамтамасыз ететін және 3,7 мың шақырым болатын қашыртқы-дренаждық жүйелер бар. Басқарма басшысы Еркебұлан Бекжанов бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету жөнінде Комитет төрағасы И.Әбішевке ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, «Қызылорда» сол жақ жағалау магистральды каналының гидротехникалық қондырғыларын қайта құру. Жаңақорған ауданы аумағындағы «Бесарық» және «Жиделі» су қоймаларында күрделі жөндеу жүргізілмеген. «Бесарық» су қоймасы 3,1 мың гектар суармалы алқапты сумен қамтамасыз етеді.

1956 жылы салынған «Қызылорда» су торабының техникалық жағдайы айрықша бақылауды қажет етеді. 2014 жылдың қараша айынан бастап онда автокөліктердің жүруіне тыйым салынған. Мамандар зерттеулері ондағы бетон құрамы өзгергенін және беріктігінің кемігенін көрсетіп отыр. Мамандар алпыс жылдай үздіксіз жұмыс істеген су торабына жедел түрде күрделі жөндеу жасалуы қажеттігін айтуда.

Басқарма басшысының ұсыныстарына облыс әкімі де қолдау білдірді. Қырымбек Елеуұлы сол жақ жағалау магистральды каналын күрделі жөндеуге 286 млн теңге қажеттігін атап өтті. Канал Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының 90 мың гектар суармалы алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қараөзек каналы бойында бірқатар учаскелерде гидроқондырғылар орнату қажет.

– САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды бастау бір жарым жылға созылып кетті. Бұған әрі қарай төзуге болмайды. Жақын аралықта жоба құрамындағы алты компоненттің төртеуі бойынша жұмысты бастай беру керек, – деді аймақ басшысы осы орайда.

Сондай-ақ, «Қызылорда» су торабының апатты жағдайда тұрғанын еске салып өтті. Облыс алдында осы нысан бойынша шұғыл түрде «Казгипроводхоз» институты мамандарының қорытындыларын алу міндеті тұр. Осыған байланыс­ты облыс басшылығы Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне өзінің ұсынысын жолдады.

Ислам Әбішев өз кезегінде аталған жобалар бойынша келісімін білдірді. Ол әрбір нысан бойынша жағдайды тағыжете зерттеп алу қажеттігін жеткізді. Жобаларды жүзеге асыруға республика бюджетінің мүмкіндігіне орай кезең-кезеңімен кірісу керек болады.

Мәжілісте облыс елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету барысын облыстық энергетика және тұрғын-үй шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов хабарлады.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 мамыр 2016 г. 839 0