МЕРЕКЕДЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ

МЕРЕКЕДЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ«Қос тойың қабат болсын» деген игі тілек бар. Осынау қанатты сөз ағайынның бір-біріне алғаусыз пейілін білдіртетіні анық. Қашанда жағымды жаңалыққа жаны құштар Қазалы жұртшылығы Жеңіс мерекесін ерекше тартумен қарсы алды. Бұл күні ауданда бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарының әкімдері Нажмадин Шамұратов, Сұлтан Мақашов, Абзал Мұхимовтың қатысуы «Қуаныш бөліссе көбейеді» деген халық даналығының шынайы көрінісін

тағы да паш етті.

Облыс әкімі бастаған қонақтар ең алдымен жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтің «Балық өнімдерін өндіру, өңдеу» цехының ашылу рәсіміне қатысты. Қазалыда кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқаны баршаға аян. Әсіресе, өнеркәсіп өндірісі көлемін арттыру, жаңадан жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту аудан тізгінін ұстаған азаматтардың, кәсіпкерлер қауымының ортақ мүддесіне айналды. Осы цехтың іске қосылуы соның айғағы.«Т.Игіліков» шаруа қожалығы біршама жылдан бері балық аулау­мен шұғылданып жүр. Кәсіппен айналысқаннан бастап жаңаша тәсілмен еңбек етуді мұраттаған ұжымның тоңазыту қоймаларында қатырылған, арнайы қаптамаларға салынған балық өнімдері елімізбен қатарРесей нарығында саудалануда. Жеке кәсіпкердің «Балық өнімдерін өңдеу цехын іске асыру» жобасы бойынша «Банк центр кредит» АҚ арқылы алынған қомақты несиеге балық өңдеу, сақтау ғимараттары салынды. Тоңазытқыштар мен қосымша қондырғылар орнатылды. Өткен жылдан бастап ауқымын кеңейткен цех сүбе дайындауға кіріскен еді. Жоба аясында тағы да ірі көлемде несие алынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 5 тонна балық сүбесін әзірлеуге есептелген. Нақты кезеңде шаруа қожалығында көптеген адам еңбек етуде. Өнімдерді экспорттау мақсатында еурокод алуға жұмыстар жүргізілуде.

Пайдалануға берілген цех жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі бәсекеге қабілетті болу, кәсіпкерлікті дамыту бүгінгі күннің басты талабы екендігіне, бұл тұрғыда Қазалыда оңды жұмыстар барынатоқталды.

Серғазы Нұржановтың есімі жеке кәсіпкер ретінде қазалылықтарға жақсы таныс. Кәсіпкерліктің қыр-сырын жете меңгерген Серғазы Есқалиұлы өзінің төзімділігі, еңбексүйгіштігі, біліктілігімен бірсыпыра биіктерді бағындырды. Шаруасын дөңгеленткен жігерлі жігіт ең алдымен«Электрон» тұрмыстық заттар дүкенін ашты. Аудан тұрғындарын қажетті бұйымдармен қамтамасыз етті. Мұнан соң автожуу бекетін іске қосты. Енді кент орталығынан ойып тұрып еңселі сау­да үйін салды. Бұл үшін «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алды. Ғимараттың алғашқы екі қабаты үй жиһаздарын, үшінші қабаты тұрмыстық заттар сатуға арналады. Сауда үйінің ашылу рәсіміндегі көпшіліктің қуанышына ортақтасқан аймақ басшысы бастаған меймандар осыдан кейін «Жеңіс» бағын бетке алды.

«Жеңіс» бағы – Қазалы халқының мақтанышы. Табиғаты қытымыр өңірде дәл осындай желегі жайқалған бақ кездесе бермейді.

Көпшіліктің көз қуанышына айналған бақ кезінде Қазалы ауданының тізгінін ұстаған Елеу Көшербаевтың бастамасымен ұйымдастырылған еді. Қайраткердің игі жолын онан кейін ел басқарған азаматтар жалғастырды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аудандық бюджеттен бөлінген қар­жыға толымды тірліктер атқарылды. Осылайша «Тағзым» алаңы қайта жаңғыртылды. Осын­дағы тоғыз мыңға жуық жауынгерлердің есімдері жазылған мәр­мәр тақтайшаларды тұр­ғындар көзінің қара­шығындай қастер тұтады. Мұнда өткізі­летін әрбір мағы­налы шаралар жұрт­шы­лықтың жадына Отан­сүйгіштік сезімді терең ұялатады. Мінсіз төселген брусчатка жолдар, әсем безендірілген аллеялар, түнгі жарықтар, мұнтаздайалаңдар, жайқалған алуан гүлдер, сыңсыған көлеңкелі талдар қабырғалы қауымның ауызбіршілігі, ат арқасындағы азаматтардың ұйымдастырушылық қабілетінің жемісі екені даусыз. Сүйсіне түсіп «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» дегенді ойға аласың.

Бүгін «Жеңіс» бағына жиналғандардың қарасы өте мол болды.Олай болатын реті бар. Даңқты перзенттерін мәңгі есте қалдыру мақсатында қазалылықтар тағы бір тағылымды қадам жасаған-ды. Бақта «Даңқ» аллеясын ашуға облыстық бюджеттен қаралған қаражатқа ауданнан шыққан бес Кеңес Одағының батыры, бес Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бюсттері орнатылды. Ұрпаққа өнегелі шараның ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі елі үшін жанын қиған, телегей тер төккен, жақсылықтың ұйытқысы болған перзенттерін туған халқы жадында берік сақтайтынын тебірене жеткізді. Мұнан соң есімдері Сыр өңіріне мәлім азаматтар Жарылқасын Шәріпов, Самұрат Имандосов өздерінің жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында жалғасты. Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов аймақ басшысына сауықтыру орталығы құрылысының жобасын, аудандық білім бөлімінің басшысы Ақзира Қасымова ҰБТ-ға әзірлік барысын таныстырды. Мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар қауымымен жүздескен Қырымбек Көшербаев білім сапасын арттыру, білікті де жан-жақты шәкірт тәрбиелеу замана талабы екендігін баса айтты.

Аймақ басшысының Қазалы ауданына жасаған жұмыс сапары осылайша түйінделді.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 мамыр 2016 г. 931 0