КИЕЛІ ЖЕРІМІЗДІҢ ИЕСІ ХАЛЫҚ

КИЕЛІ ЖЕРІМІЗДІҢ ИЕСІ ХАЛЫҚБиылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енуі тиіс «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң төңірегінде талқылаулар қызып тұр, сонымен қатар түсінбеушілік те жоқ емес. Осыған орай біз Парламент Сенатының депутаты Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

– Мұрат Бақтиярұлы,қазір ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату мәселесіне қатысты пікірлер екіге жарылып тұр. Көпшілігі Кодекстегі өзгерістерге үрке қарайды. Сіздің осы мәселеге қатысты айтар ойыңыз қандай?

Бұрын Кеңес одағының кезінде бізде жерге жекеменшік деген ұғым болған жоқ. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, нақтырақ айтсақ, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияда алғаш рет жерге жекеменшік туралы айтылды. Бұл нарықтық экономиканың басты талаптарының бірі болатын. Ал ауылшаруашылық жерлеріне жекеменшік институты 2003 жылдың 20 маусымында қабылданған Жер кодексінде қарастырылды. Енді мына дерекке назар аударайық: еліміз бойынша 216 мың шаруа қожалығы бар екен. Олардың игеріп отырған жері 58, 4 млн гектар. Және жалпы саны 12,5 мың заңды тұлғалар, фермерлік шаруашылықтар, серіктестіктер 42,5 млн гектарды пайдаланып отыр. Осылардың ішінде 1,3 млн гектар ғана жекеменшікте тұр.

Осы 2003 жылы қабылданған кодексте жер шетелдіктерге 10 жылға жалға берілетіні айқындалған. Бірақ, бұл мерзім сырттан инвестиция тарту үшін өте аз болды.

Мұның себебін де айтайық. Біздің еліміз шұғыл континенталды аймақ қатарына жатады. Ішінара кейбір облыстар болмаса көп бөлігінде қысы қатал, жазы аптап болып келеді. Мұндай аймақтың ауыл шаруашылығына инвестиция салу өте тәуекелді іс. Осыдан да бізге шетелдіктердің қызығушылығы аз болды. Ал жаңа кодексте шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімін 25 жылға ұзарту қарастырылып отыр. Бірақ, басы ашық бір нәрсе – шетелдіктерге жер ешуақытта сатылмайды. Ол Жер кодексінде анық жазылған. Тек, шетелдіктер, Қазақстанның азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, шетелдіктердің, азаматтығы жоқтардың, шетелдік заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жерді пайдалану құқығына ие бола алады. Сонымен қатар бұл кодекс бойынша, ауылшаруашылық жерлерін жекеменшік құқығымен беру тек еліміздің азаматтары мен заңды тұлғаларға ғана тиесілі екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген.

– Жұртшылықтың түсінбеушілік танытып отырғаны да осы бап қой. Жалпы оларға жерді жалға беру қалай жүргізілмек сонда?

Шетелдіктерге жерді жалға беруді облыстық атқарушы билік жер саласы бойынша орталық уәкілетті органның келісімі негізінде ғана жүзеге асырады. Бұл шетелдіктерге белгілі көлемдегі жерді жалға беру барысында да, одан кейін де қадағалауды бәсеңдетпеу үшін тиімді. Осы арада мына мәселені де айта кетелік. Осыдан 8 жыл бұрын Қытай азаматтарына Тәжікстан үкіметі жалға жер бере бастаған болатын. Шетел диқандары бірте-бірте жалға алған жерге гендік модификацияланған өнімдерді көбейте берген ғой. Осының салдарынан қазір Тәжікстан сол аймақтың топырағы құнарсызданып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл бізге сабақ болуы тиіс. Біз шетелдіктерді өзіміздің тыңайтқышымызды алуға міндеттеп жатырмыз. Бізде кездеспейтін түрін ғана шет елден алуға рұқсат, оның өзінде оның сапасы арнайы зертханада сараптамадан өтуі қажет. Олардың өз елінен арнайы квота бойынша біздің елге алдыратын жұмысшылар санын да барынша шектеудеміз. Біз осыдан үш жыл бұрын шетелдік жұмыс күші мен жергілікті жұмысшылардың арасындағы теңсіздікті жою мәселесін қолға алдық. Бүгінгі күні мұндай диспропорция жойылған. Алаңдауға негіз жоқ.

Мысалға алсақ, өңірімізде 2016 жылдың 1 сәуіріне шетелдік қатысуы бар 14 кәсіпорын тіркелсе, ондағы жұмысшылардың саны 5411 адам, оның ішінде 132-ғана шетелдік мамандар. Енді салыстыратын болсақ, аталған кәсіпорындарда қазақстандықтар – 97,6 %, ал шетелдіктер – 2,4%. Ал, ауылшаруашылық секторында шетелдік қатысуы бар кәсіпорындар мүлдем жоқ.

– Халықты толғандырып отырған тағы бір мәселе – ол сатылған немесе жалға берілген жерлердің күтіп-ұсталуы...

Негізінде жұртшылықтың бұл қаупінің де себебі бар. Бұған дейін жалға берілген жерлердің біршама бөлігі игерілмей, қараусыз, күтімсіз жатқанын көпшілік біледі. Әрине, бұл халықты түрлі ойларға жетелемей қоймайды. Жақында жердің пайдалануын бақылау қызметі мамандарының 2012-2014 жылға жасаған сараптамасын оқыдым. Олардың айтуы бойынша қазір елімізде 7,5 млн гектар бос жатыр екен. Ал қараусыз жатқан жердің құнары қаша берері белгілі жайт қой. Сондықтан қазір осы жерлердің жартысына жуығы мемлекетке қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы жерлерін күтіп-баптап, құнарлылығын арттырып, оны тиімді пайдаланатын азаматтардың иеленгені дұрыс. Халықтың да тілегі осы. Жаңа кодекс бойынша жердің құнарын жоғалтқан немесе өз мақсатына пайдаланбаған иеленушіге бәрін қалыпқа келтіруге уақыт береді. Егер осы мерзім ішінде ол қалыпқа келмесе, жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Жерді жалға алушыларға жүктелер жауапкершілік, талап етілер міндеттер бар. Олар мемлекеттік органдар тарапынан қадағаланып отырады.

Ел көкейінде «Жер иесі атанған қазақстандық оны шетелдікке сатып жібермей ме?» деген қауіптің тұрғанын да білемін. Бұған заң жүзінде мүлде рұқсат етілмейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің меншік иелері шетелдіктерге сата алмайды.

–Осыған дейін жерді жалға алып, егін егіп, мал бағып отырғандардың да көкейінде көп сауал тұр...

– Бұл мәселенің мән-жайы былай. Ауылшаруашылық өндірісіндегі субъектілерінің басым бөлігінің уақытша жалдау құқығы 2050 жылы аяқталады. Сондықтан, қазіргі уақытша пайдаланушылар жерлерінен айырылып қалады деген уайым болмауы керек. Осы жалға берген мерзім ішінде шаруалар өз жерлерін сатып аламын десе, ол жердің кадастрлық бағасын 50 пайызға арзандатып, 10 жыл көлемінде қаржысын бөліп төлеп сатып ала алады.

– Осыған дейін жерді жалға алып, өнім өндіріп келген азаматтарымыз да бар ғой. Ертең осылар үшін өндірген өнімін өткізу қиындық туғызбай ма?

«Жерді сату немесе жалға беру ұлан-ғайыр жері бар латуфиндистердің жаңа толқынын туғызып, олардың осы саладағы монополиске айналауына жол бермей ме?» деген қауіпті мен де естіп қаламын. Бұл дұрыс та. Біз бір адамның қолына көп жердің кетіп қалмауын қадағалап отырмыз. Бұл тұрғыда, Үкіметпен бекітілген жердің болуы мүмкін ең жоғары шекті мөлшері белгіленген. Нақтырақ айтқанда, жердің бір азамат немесе заңды тұлғаның қолына шамадан тыс шоғырлануына жол берілмеуі үшін арнайы шектеулер бар. Әр облыстың, әр ауданның жер алу бойынша өз мөлшері айқындалған. Бұл жерде де ел азаматының шетел азаматына қарағанда үлкен басымшылығын атап өткен жөн.

Тағы бір мәселе, елді мекендер маңайындағы жерлер туралы болып отыр. Ауылда екінің бірі мал ұстайды, демек аумағы белгіленген жайылым қажет. Егер ол ауыл халқының саны көбейіп жатса, оның көлемін де ұлғайту қажет болады. Және бұл жерлер мемлекет меншігінде болуы керек.

Көп мемлекеттерде жерді жалға беру тәжірибесі бұрыннан бар. Бірақ біз үшін қазіргі жерге мемлекеттік меншік және жеке меншік нысандары заң жүзінде танылған өз тәжірибеміз тиімді. Мысалы, жердің қойнауы, өзендер мен көлдер, басқа да стратегиялық маңызы бар нысандар мемлекет меншігінде болады. Мысалы, сатып алынған немесе жалға алған жер астынан кен қоры табылса, ол мемлекет меншігі саналады.

Халықтың өз еркін білдіріп, шеруге шығуы бұл демократиялық мемлекетке тән көрініс. Бірақ, оның арты бей-берекетсіздікке ұласып кетпеуі қажет. Біздің елде осындай болуын тілеп отырғандар да аз емес. Ондай пиғылдыларды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Олардың жетегінде кетсек, біз ел дамуын кемінде 50 жылға дейін тежейміз. Сондықтан сезімді ақылға жеңдіріп, мәселеге байыппен қараған жөн деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Мұрат АҚЫНҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 мамыр 2016 г. 1 058 0