ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІК ТҰҒЫРЫ

ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІК ТҰҒЫРЫҚызылорда қаласының орталық алаңында 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар өтті. Өңірдегі достықтың дәнекері болып жүрген ұжымдар көрермендер алдында өнер көрсетіп, еліміздегі татулық пен тыныштықты дәріптеді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

– Қазақстан халқының жұмыла жасаған еңбегінің арқасында еліміз тәуелсіздігін нығайтып, көлденең шыққан сын сәттерден, сырттан қысқан дағдарыстан аман өтіп, буыны қатайып, ширап, ысылып келеді. Еліміздің қазіргі дағдарысқа дамыған елдер қатарына дайындықпен келуі – соның айғағы. Дәл осы тұста азаматтық жауапкершілікпен мемлекет жұмыстарын дамытып, асыл қазынамыз достық пен ынтымақ екенін терең сезіне білу баршамызға міндет. Себебі, біз бірлігі жоқ елдің тозатынына, бірлігі мықты елдің озатынына талай мәрте көзі жеткен текті халықтың ұрпағымыз. Бүгінгі татулық пен ынтымақтың төл мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күні елімізге тыныштық пен ауызбіршіліктен артық тілеріміз жоқ. Асқақ елдік мұраттарыңыз орындалып, өрелі істеріңіз жалғасын тапсын. Алаштың анасы, қазақтың киелі мекені – Сыр топырағында бірліктің бесігін бірге тербеткен ұлттар мен ұлыстардың татулығы әр шаңыраққа береке сыйлап, барша қазақстандықтарға алтын тұғыр болсын, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, «Гүлденген Қазақстан» әнін 150 бала хормен шырқап, «Тәуелсіздікке 25 жыл» деген жазуы бар бума шарлар мен 25 ақ көгершін ұшырылды. Әдемі безендірілген сахнада әртүрлі ұлттардың биі биленіп, ән шырқалды. Бұдан бөлек, орталық алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

 

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 мамыр 2016 г. 1 396 0