« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен сенбі күні Шиелі ауданында егіншілердің облыстық семинар-кеңесі болды. Онда дәстүрлі «Дала күні» мерекесі атап өтіліп, биылғы күріш егу науқаны бастау алды. Аталған жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және барлық ауданның әкімдері, шаруашылық төрағалары қатысып, ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы туралы ойларын ортаға салды.
Семинар-кеңес Шиелі ауданы орталығындағы екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы саябақта даңғайыр диқан ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алды. «Дала күні» мерекесінің ашылу рәсімінде дала еңбеккерлерінің дән атасы атанған қайратты жанның құрметіне бас иіп, ізет білдіруі жарасымды еді. Биыл Ыбырай Жақаевтың туғанына 125 жыл толады. Оны облыс жұртшылығы күз айында кең көлемде тойлауға дайындық үстінде. Осы шара барысында аймақ басшысының тоқсанның алтауына шығып отырған Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаевамен сәлемдесіп, батасын алуы да топыраққа дән тастар алдындағы жақсы ырымның біріне баланды.
Шара «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында күріш дақылының биылғы алғашқы дәнін себуден бастау алды. Облыс басшысы мен ардагер диқандар бастаған осы рәсімнен кейін тұрған дән сепкіш техникалар егіс алқаптарын бойлай жөнелді. Аталған егіс алқабы шаруашылықтың №2 бригадасының қарауындағы жер. Оның бригадирі Сейілбай Сембеков облыста үздік атанып жүрген майталмандардың бірі. Дән сепкіш трактордағы Ермекбай Ибрагимов, Нұрлан Абдрахмановтар өз әріптестерімен қапталдаса еңбек көрігін қыздырып бара жатты. Агротехникаға сай іле-шала тырмалау мен басқа да шаралардың жүргізілетіндігі алғашқы сәттен қатаң сақталды. Бұл ертеңгі мол өнімнің бастауы екендігі анық.
Өткен жылғы егін жинау қорытындысында облыста алғашқы үштіктен көріне білген шаруашылықтың биылғы жылғы дайындығы да зор. Ауыл диқандары үстіміздегі жылы жалпы екі мың гектардың үстінде егін салса, оның ішіндегі дәнді дақылдарының үлесі 1426 гектар болады. Ал осындағы Сыр салысының көлемі 1110 гектар. Қазіргі талапқа сай суды аз қажет ететін көкөніс пен бақша дақылдарын да молынан орналастыру өз межелерінде бар.
Күріш дәнін себу рәсімі кезінде еңбек ардагері, кезінде ауданның ірі шаруашылықтарын басқарған ақсақал Төлес Аппасов жерлестері атынан өткен жылы банкінің кепілдігінде тұрған бес шаруашылықтың 22 мың гектар жерін қайтарып беруге араласып, орынды шешімін табуына көмектескен облыс басшысына алғысын жеткізді. «Бұрындары шаруашылықтар жалтақтап, қажетті орындармен өздері келісім жүргізе алмайтын еді, міне, сіздің көмегіңіздің нәтижесінде қазір еркін қимылдауларына жол ашылды. Түрлі орындармен келісім-шарт жасасып, қажетті техникаларын, минералды тыңайтқыштарын алуларына мүмкіндік туды», - деді ол ризашылық сезіммен. Саладағы тәжірибелі мамандардың бірі Асқар Жұмәділ Шиелі каналының сағасынан үрлемелі су тоспасының салынуы нәтижесінде бұрындары шықпайтын алқапқа су көтерілетіндігін айтты.
Алқалы жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды.
– Көктемнің бір күні жылға азық екендігін данагөй бабаларымыз айтып кеткен. Сондықтан дала жұмысында жүрген азаматтардың бір сәт те босаңсуына жол жоқ. Талапқа сай еңбек етіп, агротехникалық шараларды өз кезегінде атқарып отыруға тиіспіз. Бұл- әлемдік дағдарыс кезіндегі елдің әлеуметтік ахуалын төмендетпеудің бірден-бір шарасы.
Су мәселесін шешу үшін тиісті министрліктермен жұмыс жасаймыз. Шаруалар судан қиындық көрмеулері керек. Агроөнеркәсіп саласын дамытып, инвесторлар тарту, өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру ең негізгі міндет. Сондықтан 1-шілдеге дейін облыстың «Агрокартасын» әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, жылда түлектерге бөлінетін облыс әкімінің 365 білім грантының жүзін агроөнеркәсіпке қажет мамандарды даярлауға бөлетін боламыз, – дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Семинар-кеңес барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов ауыл шаруашылығы саласы бойынша хабарлама жасап, тиянақты жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс бойынша биыл 160 мың гектардың үстінде түрлі дақыл егілетін болса, олардың арасындағы дәнді дақылдармен қатар техникалық дақылдардың, көкөніс пен бақшаның да үлес салмағы теңдей қарастырылған. Мемлекет тарапынан субсидия беру жүйесімен атқарылып отыруға мүмкіншілік бар. Суға байланысты да тиімді келісімдер жүргізіліп жатыр.
Сонан соң сөз алған Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев хабарламасында аудан биылғы жылы 26631 гектар жерге түрлі дақылдар орналастыратынын, тиісті жұмыстар алдын ала жоспарланып, кезегімен жүргізілетінін айтып өтті. МТС құру арқылы ауылшаруашылық құрылымдары жұмысының бір жүйеге түскендігі, осы ұйымдастыру шарасының зор серпін бергендігі аталып өтілді. «Даңқты диқанның 125 жылдығы қарсаңында Шиелі ауданының халқы биіктен көрінуге бар күш-жігерін жұмсайды», –деп сендірді ол жиналғандарды.
Семинар-кеңесте Жалағаш ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев, Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов және облыстық су шаруашылығының басшысы Болат Арыстанбаевтар өз жұмыстары жөнінде хабарламалар жасады. Аяқ суға қатысты облыстық су шаруашылығының басшысына сауалдар да қойылды.
«Дала күні» мерекесінде өткізілген егіншілердің облыстық семинар-кеңесін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қорытып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |