БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТ

БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТМемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысты.

Биылғы сессияның негізгі тақырыбы – «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт».

Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Ассамблеяның елдің барлық өңірінен келген ардагерлері, рес­публикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы орган­дардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссиялары, ғылыми-шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.

Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті.

– Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ұлт жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары туралы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекеттік қызметшілер кор­пусында Қазақстанның 45 этносының өкілдерібар екенін айтты.

– Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этникалық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәселесін ескере отырып, елорданың, Алматы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жұмысын жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету тіпті әлемдік дағдарыстың күшті ықпалына қарамастан бизнестің дамуына кеңінен жол ашатынына назар аударды.

– Мұны әлемнің мейлінше перспективалы 60 елінде жүргізілетін Жаһандық бизнес мониторинг мәліметтері көрсетіп отыр. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтардың кәсіпкерлік белсенділік деңгейі жөнінен 29-орынды иеленді. Жұмыс орындарын ашу перспективасы бойынша – 6-орында. Жалпы, еңбек нарығының тиімділігі рейтингінде біздің рес­пуб­лика 140 елдің ішінде 18-орынға жайғасқан. Бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасаудың жаһандық рейтингінде біз 189 елдің ішінде 41-орынды иелендік. 2016 жылға арналған экономикалық еркіндік индексінде Қазақстан 178 мемлекеттің ішінде 68-орында тұр. Біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, бизнесті дамыту және жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асырып, фермерлерге көмектесіп келеміз. Бұның бәрі азаматтарымыздың болашағына, лайықты жұмыс және жоғары өмір сапасы тұрғысынан сенімді болуы үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бес институционалдық реформаның тағы бір бағыты – есеп беруші мемлекет пен ашық үкімет қалыптастыру аясында қазақстандықтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылау, қабылдау және орындау барысына қатысу мүмкіндіктері кеңейе түсетінін айтты.

Қазақстан Президенті халыққа мемлекет жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін, соның салдарынан соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың тарап, жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейгенін айтты.

– Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алып-қашты әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке меншігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын рәсімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа функционалдық бағыттарды өз мойнына алғанына тоқталды.

Қазақстан Президенті тәуелсіздік, келісім, Болашағы біртұтас ұлт ұғымдарының қазақстандық арманды жүзеге асыратын бір-бірімен өзара байланысты ұғымдар екеніне назар аударды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі.

Сондай-ақ сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, сондай-ақ бюджеттік және жас­тар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері сөз сөйледі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 сәуір 2016 г. 1 057 0