ЖАҢАҚОРҒАНДА ЖАСАЛҒАН аяқ киім сұранысқа ие болуда

ЖАҢАҚОРҒАНДА ЖАСАЛҒАН аяқ киім сұранысқа ие болудаЖаңақорған ауданының орталығында аяқ киім тігетін цехтың өз өнімдерін шығара бастағанына бір айдың шамасы болды. Онда әзірге ер адамдарға арналған жеңіл аяқ киімдер тігілуде. Жоба авторы Оразай Сәрсенұлы Қалымбетов небәрі 23 жаста. Оған тәжірибелі аяқ киім тігу шебері Маметрайым Дадаев тәлімгерлік жасауда.

Аяқ киімдерді жергілікті жерлерде дайындау расында қолдайтын бастама. Қытай асып келген арзанқол аяқ киімдер айналдырған бірер айдың ішінде жарамсызданып, қайтадан жаңасын алуға тура келеді. Сондықтан аталмыш тың бастама көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны рас. Цех жұмысымен танысып, өнімнің сапалы екендігін аңғардық. Бастысы таза былғарыдан дайындалады екен. Шымқай қарасы да, қоңыры мен сұр түстілері де тұтынушының қалауына қарай саудаға ұсынылады. Әзірге цех қондырғылары бұрын қолданыста болған тігін машиналарынан құралған секілді. Сондықтан да аяқ киім тігудің басым шаруасын қолмен атқаруға тура келсе де, бұған мойып отырған етікшілер жоқ. Өйткені, ә дегеннен жұртшылықтың назарын аудартқаны бар, және де алдағы күндерге деген сенімділік олардың ынтасын арттыра түскендей. Тәлімгер әрі осындағы бас тігінші Маметрайым жастарды жігерлендіріп, бұл істің баянды болуына барын салуда. Мұнда күніне 10-ға жуық аяқ-киім тігіліп, жергілікті сауда орындарына жөнелтіліп жатады.

– Түркістан мен Шымкент қалаларындағы сауда нүктелеріне де өзіміз тіккен аяқ киімдерді жіберіп отырмыз. Тұтынушылардың жылы қабылдауы бізге серпін беріп, жаздық жеңіл аяқ киімдердің өкшесі барын және жайдақ табандысын да шығара бастадық, – дейді жоба жетекшісі Оразай Қалымбетов.

Президентіміздің отандық өнімге мән беру керектігі туралы көңіліне қонған Оразай осы қадамға батыл барыпты. «Әкем 3-топ мүгедегі. Бір жағы сол кісіге жұмыс болсын деп осы істі қолға алып едім, шығарған өнімдеріміз жұртшылықтың сұранысына ие болған соң жоба ауқымын ұлғайтуды ойластыра бастадық», –деген ол алдағы жоспарларынан да хабардар етті.

Қажетті шикізаттар Шымкент қаласынан, Ресейден келісім бойынша әкелінуде.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2016 г. 1 107 0