АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАҒЫТТА ДАМИДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполовтың қатысуымен мәжіліс өтті. Басқосуда агроөнеркәсіп кешенін ғылыми және инновациялық дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Меморандум аясында университет ғалымдары Сыр өңірінің агроөнеркәсіп кешенінің индустриялық-инновациялық даму әлеуетін көтереді. Бұл үшін олар аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі мен өнімділігін арттыруға негіз болатын жобаларды ендірумен айналысады.

Аймақ басшысы агросалаға қолдау білдіргені үшін ҚазҰАУ ғалымдарына алғысын жеткізді. Біздің өңірмен тығыз қарым-қатынас орнататынын атап өткен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.Есполов меморандум Елбасының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отырғандығын жеткізді. Яғни, ғалымдар оқу орнымен шектеліп қалмай, өңірлерді аралап, шаруа қожалықтарына барып, зерттеу жұмыстарын, тәжірибелерін жүргізуі тиіс. Осы меморандум аясында іс-шаралар жоспары бекітілді. Соның негізінде ауыл шаруашылығы саласындағы қызылордалық кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда біздің облыста университеттің 54 маманы жұмыс істеуде.

Ректордың мәлімдеуінше, білім ордасы индустриялық-инновациялық даму саласына қатысты 100 бағдарлама әзірлеген, оның жиырмасы Қызылорда облысының агроөнеркәсіп кешенінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, әр ауданда ҚазҰАУ ғалымдары мен мамандарының қатысуымен оқу-өндірістік орталықтар жұ­мыс істейді. Бұған қоса, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ҚазҰАУ-дың оқу орталықтары ашылады.

 

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 сәуір 2016 г. 800 0