« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Аймақ басшысы баспасөз мәслихатын әлемдегі саяси-экономикалық ахуалды талдаудан бастады.
Бұл ретте техиника мен технологиядағыөзгерістердің еліміз бен аймақтардың да дамуына тікелей әсер ететіндігін айтты.
– Мәселен, американдық өнертапқыш, кәсіпкер Илон Масктың компаниясы шығаратын ТЭСЛО атты электромобильдері әлемдік автомобиль өндірісін түбегейлі түрде өзгертіп жатыр. Бұл автокөліктің қазіргі модельдері бір толтырылған батареямен 350 шақырым жүрсе, жақын арада шығатын жаңа моделі 1000-1500 шақырымға дейін жүретін болады. Автомобиль саласының мұнай өндірісінің 40 пайызын тұтынатынын ескерсек, бұл жаңалық біз секілді мұнай өндіруші аймақтардың экономикасына қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Сол секілді бүгінде көпқабатты үйлерді бағасы арзан, күн қуаты генераторларымен қамтитын жобалар энергетика саласын адам танымастай етіп өзгертті. Мемлекет емес жекелеген компанияның бастамасымен ғарыш ракеталары вертикальді ұшып, сол күйінде жерге және су Платформаларына қонып жатыр. Мұндай жаңалық Байқоңыр секілді ғарыш айлағының болашағы туралы да түрлі ойларға жетелейді. Қаржы нарығында алтынмен де, шығарушы банкпен де, тіпті мемлекетпен де, кепілдендірілмеген виртуалды ақшалар пайда болып, кең қолданысқа ие болуда. Осының барлығы экономикамен адамдардың күнделікті өмірін жылдам өзгертіп, мемлекеттерге қауіп төндіруде. Елбасы ұсынған 5 институтционалды реформа және оны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспары Қазақстанның осындай ғаламдық өзгерістерге, сырттан келген сынға берген жауабы деп түсіну керек. Ұлт жоспары Қазақстанның сырттағы өзгерістерге бейімделу амалы ғана емес, бұл елімізді осындай өзгерістерге төтеп бере алатын, экономикасы мықты, мемлекеттері тегеруінді, қоғамдары ілгері, озық 30 ел қатарына қосудың негізі, - деді облыс әкімі.
Заманауи инновацияны игергендер озады. Ұлт жоспарының мәні осыған үндейді. Осы ретте, аймақ басшысы Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербургтің маңдайалды техникалық университеттерінде оқып жүрген сырбойылық жастардан үміт күтетінін айтты. Оларды ғылымға бейімдеу бағытында да іс-шаралар атқарылып жатыр екен.
Содан соң аймақ басшысы бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінде Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, болашақта қолға алынатын іс-шаралардың жай-жапсарын егжей-тегжейлі баяндады.
Сөз соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Облыс әкімі
Қ.Е.Көшербаевтың «100 нақты қадам» Ұлт
жоспарын жүзеге асыру барысына арналған баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзі
Бүгінгі арнайы баспасөз мәслихаты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Сыр өңірінде іске асу барысына арналады.
Алдымен Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыс пен қолға алынған шаралар туралы ақпарат беруге рұқсат етіңіздер. Содан кейін Сіздердің сұрақтарыңызға жауап берейін.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Тәуелсіздік жылдары біздің еліміз шын мәнінде ғасырға бергісіз ұлы жолдан өтті. Талай қиыншылық, экономикалық дағдарыс пен саяси сын да болды. Байқасақ, ол қиыншылық пен сынның қай-қайсысы да бізге сырттан келді, ал оны жеңіп, ілгері жылжу үшін ішкі қуат қажет еді. Ішкі қуат дегеніміз – заманға сай, тегеуірінді мемлекет, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған экономика, ынтымақ пен бірлікті ту еткен, еңбекқор қоғам.
Осындай ішкі қуатты күшейтудің, оны бұрынғыдан да биік деңгейге шығарудың жаңа кезеңі туды. Өйткені сырттан келіп жатқан саяси қауіп-қатерлер, экономикалық дағдарыстар мен бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда. Біздің міндетіміз – осындай жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, XXI ғасырдағы ең озық деген 30 елдің қатарына кіру.
Бұл мақсат Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясының өзегіне айналды. Стратегияны іске асыруға бағытталған көп салалы жұмыс негізгі 5 бағытқа топтастырылып, «5 институционалды реформа» дүниеге келді.
Аталған реформа аясында жасалатын "100 нақты қадамнан тұратын «Ұлт жоспары» бекітілді.
Еліміздің басты стратегиялық құжаттарына арқа сүйейтін «Ұлт жоспары» экономиканың нақты салаларындағы өзгерістерге бағытталған «Нұрлы жол» және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларымен сабақтас құжат.
Сондықтан да «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекеттік басқару мен экономиканы жаңа деңгейге көтеретін, қоғамдық қатынастарды заман талабына сай жетілдіруді көздейтін аса ауқымды, мәні мен мазмұны терең реформа. Оның баршаға түсінікті де, нәтижесін нақты бағалауға болатын қадамдардан құралуы – реформаның шынайы халықтық сипатын білдіреді.
Елбасы бұл реформаны 90-жылдарда еліміздегі қоғамдық құрлыстың ауысуына байланысты жүргізілген түбегейлі өзгерістермен бір қатарға қойды.
Қысқа мерзімде қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтитын 60-қа тарта жаңа заңның қабылданып, лезде күшіне енуі соның дәлелі.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аталған реформа аясында қалыптасқан жаңа құқықтық ортада өмір сүруде. Осы уақыттан «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды.
Ұлт жоспарын Қызылорда облысында жүзеге асыру қалай жүріп жатыр?
Біріншіден, Ұлт жоспарын орындауды үйлестіретін арнайы жұмыс тобы құрылып, аймақтық іс-шаралар жоспары бекітілді (136 тармақтан тұрады). Жыл басында Ұлт жоспарын нақты жүзеге асыру жөнінде орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы семинар-кеңес өткізілді.
Ұлт жоспарының бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған қадамдар негізінде 44 адам сынақ мерзімімен мемлекеттік қызметке тағайындалды. Этика жөнінде жауапты өкілетті тұлғалар анықталды. Арнайы семинарлар өткізіліп, жемқорлыққа қарсы шаралар жөнінде құқықтық оқулар ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметкерлердің имиджін жақсарту және қоғамдағы беделін көтеру шаралары анықталды.
Мемлекеттік аппарат құрамының сапасын көтеру мақсатында мемлекеттік қызметке тұңғыш кіріскен кадрларды үшсатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Жыл басынан бері 20 жалпы конкурс жарияланды.
Заман талабына сай, кәсіби мемлекетттік аппарат құру шараларының аясында біз республикадағы алғашқы аймақ болып облыс әкімдігінің ахуалдық орталығын (Ситуационный центр) құрдық. Ахуалдық орталық – қазіргі ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы басқару және шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ол жоспарлау, ұйымдастыру және қадағалауға қатысты көптеген қызметті автоматтандыра отырып, аталған қызмет түрлерінің сапасын едәуір жақсартуға жол ашты. Өткен жылы Қызылорда облысының ахуалдық орталығы Амстердам қаласында өткен халықаралық технологиялар байқауында мемлекеттік басқарудағы инновациялар номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Республиканың қауіпсіздік кеңесі, бас прокуратура және басқа да орталық мемлекеттік органдар мен аймақтардағы әріптестеріміз біздің ахуалдық орталық құру тәжірибемізді зерттеп, үлгі ретінде пайдалануда. Қазіргі уақытта ахуалдық орталықтың экономикалық модельдеу, экономикалық-әлеуметтік саланы бақылау модульдеріне қосымша білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған бағыттары дамытылуда.
Конкурстық процедураларды өткізу барысында құқық бұзушылықтарды, әсіресе жемқорлықты азайту мақсатында Қызылорда облысында республикада алғаш 2014 жылдың наурыз айында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылды.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік сатып алу мониторинг жүйесі жасалды. Бұл жүйе үлестес компанияларды (аффилированность), тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы туыстық байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Мұның барлығын ахуалды орталықта және планшет арқылы кез келген жерден бақылауға болады. Мұның барлығы үлкен заманауи жұмыстың басы.
Ұлт жоспарының екінші бағыты – заңның үстемділігін қамтамасыз ету мақсатында облыс, қала және аудандар бойынша жергілікті полиция қызметі құрылды. Жаңадан тағайындалған аудандық және қалалық жергілікті полицейлер өз қызметі туралы халық алдында алғашқы есептерін де беріп үлгерді (жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен қосымша 140 млн теңге бөлінді. Ішкі істер департаментіне соңғы 3 жылда 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді).
Бұл бастаманың алғашқы оң нәтижесі де көрінді. Биылғы жылдың алғашқы үш айдағы қылмыс деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға төмендеді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің аппаратында құқық қорғау органдарымен жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімі жұмыс жасайды. Мұндай тәжірибе біздің аймақта бірінші болып қолға алынды.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Ұлт жоспарында сотталғандарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету мәселелерін шешуге айрықша мән берді.
Осыған орай, үстіміздегі жылдың наурызында «Ресоциализация (ортаға оралу). Сен қоғамға керексің» атты аймақтық форум өткізіліп, онда жазасын өтеп келіп, есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, оларды жұмысқа орналастыру, қоғамға бейімдеуге арналған мемлекеттік органдардың өзара ықпалдастығы қаралды.
Облыс әкімі орынбасары жанында сотталғандар мен жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істейді.
Ұлт жоспарының үшінші бағыты – индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі аймақтық кеңес құрылды.
Ал келер айда инвесторларды тарту мақсатында дәстүрлі түрде жылына екі рет өткізілетін «Байқоңыр-Инвест» форумын VІІ мәрте өткізу жоспарланған. Бұл – пікір алмасуға зор мүмкіндік алаңы. Осыған дейін өткізілген 6 форумның нәтижесінде облыс экономикасына 100 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды.
Сонымен қатар, шетелдік әріптестерімізбен бірлескен жоба – шыны зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы мамыр айынан бастап зауытқа құрал-жабдықтар жеткізіле бастайды.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Арал тұз» АҚ кальцийлендірілген сода шығару зауытының құрылысын салуға инвестор тарту мәселесімен айналасып жатыр (жобаның ТЭН дайын). Бұл компонент тек шыны өндірісіне ғана емес, сондай-ақ көптеген өнеркәсіп салаларына қажетті теңдесі жоқ реагент (құрылыс индустриясы, металлургия, мұнай өндірісі, т.б.)
Ферроқорытпа зауыты құрылысының жобасы мен «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру жұмыстары жалғасуда. Тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстар аяқталды. Жақын арада өндірістік өңдеу жұмыстары басталады.
«Самұрық-Қазына» қорымен бірге қазір «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игеру жұмыстары жүріп жатыр. Кен байыту комбинатының құрылысын жақын арада бастаймыз. Одан кейін жақын келешекте гидрометаллургиялық зауытты салу да жоспарда. (жобаның ТЭН дайындалуда).
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында қытайлық әріптестермен бірлесе отырып Шиелі ауданында тампонажды цемент өндірісі зауытының құрылысын (жылдық қуаты 1 млн тонна цемент) және Жаңақорған ауданында ресейлік әріптестермен бірге тағы бір цемент өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз (оның жылдық қуаты 560 мың тонна цемент).
Сондай-ақ, асфальт-бетон, силикат кірпішін шығаратын зауыт және басқа да индустриалды жобаларды жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда Иран, Қытай, Чехия, Ұлыбритания, Польша, Германия, Жапония, АҚШ, Украина, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде.
Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 15 жобаға инвесторларды тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Олардың қатарында 500 орындық емхана, кәсіптік-техникалық колледж құрылыстарының, жаңа әуежай терминалы құрылысының концессиялық жобалары бар.
Сонымен бірге, жеке инвестор есебінен заманауи онкологиялық орталық құру жобасы қаралуда.
Ауыл шаруашылығына келер болсақ, биыл облыс аусыл дерті бойынша буферлік аймақтан шықты. Бұл бізге мал шаруашылығын дамытып, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеудің өрісін кеңейтуге, ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді.
Облыс орталығында тәулігіне 3 тонна ет өнімдерін өндіретін фабрика құрылысы, Сырдария ауданында 5 мың бас қой өсіруге арналған кешен және 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 250 тонна болатын ет комбинатының құрылысы жүруде. Бұл нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Қытай инвесторларымен бірге Қызылорда қаласында түйе сүтін өңдейтін зауыт құрылысын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Нысанның құрылысына қажетті құжаттар дайын.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде Жаңақорған ауданында томат пастасын өндіру кешенін құру жобасы жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда, қызанақтың оңтайлы түрін анықтау үшін қытайлық инвесторлармен («Сofco» компаниясы) бірлесе отырып 2 гектар жерге томаттың түрлі сорттары егіліп, эксперимент жұмыстары басталып кетті. Ал келер жылдан бастап бұл тәжірибе 4 мың гектар жерге дейін ұлғайып, бұйырса, жылдық қуаты 15 мың тонна болатын томат өндіру зауыты іске қосылады.
«Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды жүзеге асыру мақсатында облыста 26 ауылшаруашылық кооперативтері құрылды.
Жер қатынастары мәселелеріне келетін болсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға қажетті рәсімдер жасалып, саудаға шығарылды (жалпы аумағы 72 мың гектар болатын 451 жер телімі анықталып, оларды саудаға шығару үшін 3,4 млн теңге бөлінді. Осы жылдың 3 айында 13 сауда-саттық рәсімдері жасалып, 18,3 мың гектар болатын 88 телім сатылды).
Құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету үшін тиісті регламенттер жасалып, бекітілді. Осылайша, бұрын мәселен, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын алуға 1 айдан астам уақыт кетсе, қазір бұл 17 жұмыс күніне дейін қысқарып отыр.
Осы орайда «Нұрлы жол», «Аумақтарды дамыту» бағдарламалары аясында облысмызда тұрғын үй құрылысы жыл сайын қарқын алып келе жатқанын ерекше айтқым келеді.
2015 жылдың өзінде тек мемлекет қаражаты есебінен 138,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 1740 пәтерлі 53 көпқабатты үй құрылысы басталып 42 үй пайдалануға берілді. Осылайша мемлекет қорындағы тұрғын үй көлемі 2014 жылға қарағанда облыста 3,5 есеге, ал Қызылорда қаласында салынған тұрғын үй көлемі 8 есеге артты. Тек қана облыс орталығында пәтердің кезегі бір жылда 17 пайызға қысқарды.
Биыл да осы қарқынды сақтап қалу үшін «Қазақстанның ипотекалық компаниясы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» тығыз жұмыс жасаудамыз. Биыл да былтырғыдан кем болмайтын көлемде құрылыс жүреді. Дәлірек айтқанда, жалпы алаңы 212,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй немесе 3170 пәтерлік 63 тұрғын үй салынады. Бұл үлкен жұмыстың басы деп есептеймін. Айтпақшы, қазір баспасөз конференциясынан кейін 5 көпқабатты үй құрылысының басталу рәсіміне қатысамыз.
Электр энергетикасы бойынша электр желілерін аумақтық орналасуына қарай электр тарату ұйымдарын ірілендіру механизмін айқындау үшін облыстың барлық электр жүйелерін, оның ішінде иесіз қалған жүйелерді толық түгендеу жұмыстары аяқталуда.
Газдандыру мәселесіне келетін болсақ, 2014-2015 жылдары «Өңірлерді дамытудың 2020» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп, Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі газдандырылды.
Сонымен қатар, 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының 23 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасы арқылы облыстың 4 аудан орталығы (Арал қаласы, Әйтеке би кенті, Шиелі кенті, Жаңақорған кенті) және Байқоңыр қаласы көгілдір отынға қосылып, облыс халқының табиғи газбен қамтылуы 63 пайызға жетті (400 мыңнан аса адам). Биыл 10,5 млрд теңге тұратын инвестициялық жобаны іске асыру арқылы көгілдір отын Жосалы, Жалағаш Тереңөзек және Қызылорда маңындағы қамтылмаған елді мекендерге жетеді деп күтілуде.
2016 жылға Қызылорда қаласына қарасты Талсуат ауылдық округін және 3 әлеуметтік нысанды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен қосымша 271,2 млн теңге қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының аумағында орналасқан №2 автоматтандырылған газ тарату стансасынан құрылысы жүріп жатқан шыны зауытына дейін газ құбырын тартуға республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 1,7 млрд теңге қаржы қарастырылды. Аталған жобалар жыл аяғына дейін аяқталады.
Жекешелендіру шаралары аясында 5 коммуналдық кәсіпорын мен «Байқоңыр» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясына қарасты 6 ұйым анықталып, оның біреуі жекешелендірілді («Жан Арай Жем» ЖШС жобасындағы корпорация үлесі).
Мүлікті жария етуге қатысты, 2016 жылдың 11 сәуіріндегі мәлімет бойынша облыста жалпы сомасы 11,4 млрд теңгені құрайтын 1369 мүлік жария етілді.
Әлеуметтік жаңғырту және масылдықты еңсеру мақсатында «Өрлеу» қаржылай көмек көрсету жобасы жалғасып, бұл тәжірибе облыстың барлық аудандарына таратылды.
Бүгінде 509 азаматқа (94 отбасы) 4,8 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілді (2016 жылға қаралған қаржы көлемі - 36,7 млн теңге). Жоба аясында 131 адам жұмысқа орналасты, оның 64-і тұрақты жұмыс орындары.
2016 жылдың қыркүйегінен бастап, 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты облыстың екі мектебі бастапқы білім берудің 1+11 үлгісі бойынша жаңа оқыту мазмұны негізінде тәжірибеден өтуде. Сонымен бірге әр сыныпта 17 баланы қамтитын мектепке дейінгі дайындықтың бір сыныбы және бірінші сыныптағы 450 оқушыны қамтитын 18 бастапқы сынып тәжірибе үшін іріктеп алынды.
Барлық экспериментальды сыныптар тиісті оқу жабдықтармен, оқулықтармен, оқу-методикалық құралдармен қамтамасыз етілген. 54 педагог Назарбаев зияткерлік мектебінің арнайы семинар-тренингтерінен өтті.
Жаңа оқу бағдарламасын игеру деңгейін айқындау мақсатында Назарбаев зияткерлік мектебі және Алтынсарин атындағы білім академиясы өкілдерінің қатысуымен мониторинг жүргізілуде.
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу әдістемесін облыста енгізу мақсатында облыс әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектебі» ұйымы арасында екіжақты меморандумға қол қойылып,тәрбие жұмыстарының бағыттары мен іс-тәжірибесі аймағымыздың 2 пилоттық және 22 инновациялық мектептеріне енгізілді. (Атап айтқанда, биылдың өзінде 720 мектеп мұғалімдері мен кітапхана қызметкерлері 80-нен астам семинар-тренингтер, ашық сабақтарға қатысып, біліктілігін арттыруда. Сонымен қатар, 6 әдістемелік нұсқаулық, оқушыларға арналған 2 оқу құралы шығарылып, халықаралық конференцияға қатысқан 17 баяндама арнайы жинаққа енді).
2016 жылдың қыркүйек айынан бастап тағы 41 мектеп-лицей базасында Назарбаев зияткерлік мектептері мен Қазақ-түрік лицейлерінің әдістемесі мен технологиялары бойынша ағылшын тілін үйрету жобасын жүзеге асыра бастаймыз.
Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 125 млн теңге қаралып отыр. (Педагогтар құрамына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша тренинг ұйымдастыру, информатика және ағылшын тілі пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, мектептерді онлайн білім беру ресурстарына қосу).
Бұдан бөлек, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі базасында негізгі мектептегі пән және бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілерін ағылшын тіліне оқыту мақсатында «KATEV» халықаралық қорымен меморандумға қол қойылды.
2019-2020 оқу жылында аталған 41 мектеп-лицейдің 11-сыныптарында, ал 2020-2021 оқу жылында 10-сыныптарында оқу пәндерінің бірі ағылшын тілінде үйретілетін болады.
Сонымен қатар, облыстағы 71 мектепті «E-Learning» электронды оқыту жүйесіне қосу үшін материалды-техникалық базасын қажетті жабдықтармен жарақтандыруға облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінді (Осыған дейін бұл жүйеге аудан және қала бюджеттері есебінен 52 мектеп қосылып, жұмыс жасауда. Осылайша «E-Learning» бағдарламасымен облыстың 123 мектебі қамтылды).
Құрметті брифингке қатысушылар!
Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Осыған орай тұрғындар арасындағы ақпараттық және аймақтық денсаулық сақтау жүйесіндегі дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Тиісті медиа-жоспар бекітілді. Бұл жұмысқа Сіздердің де, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуын сұраймын.
Тұтастай алғанда, біз денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктердің орнын толтыруға және саланы қарқынды дамытуға айрықша мән беріп отырмыз.
Медициналық қызмет сапасын жақсарту, соның ішінде, әсіресе ана мен бала денсаулығын оңалту, онкологиялық қызметті жетілдіру, жарақаттан, жүрек және қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту және жедел жәрдем мен санитарлық авиацияны дамытуды көздейтін арнайы жол карталары бекітілді.
Нақтылай түссек, ана мен сәби өлімін төмендету мақсатында биыл облыстық перинаталды орталықта 30 төсекке арналған сауықтыру бөлімшесі ашылды;
мидың қан айналымы бұзылуынан өлімді төмендету үшін нейроинсульт орталығы құрылды;
сондай-ақ, онкодиспансер базасында 15 төсекке арналған хоспис ашылды.
Облыс халқының денсаулығын қамтамасыз етуге арналған жұмыстың қарқыны бәсеңдемейді.
Ұлт жоспарының төртінші бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты жалпыұлттық жобасы аясындағы жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып «Тәуелсіз елім, ұлы далам менің!» атты акция өтті. Бұл жұмысқа облыс орталығынан ашылған «Достық үйінің» септігі мол.
Осы бағыттағы ақпараттық жұмыс аясында «Болашаққа 100 қадам» атты медиа-жоспар бекітілді. БАҚ арқылы мемлекеттік органдар және әкімдердің қатысуымен 400-ден астам материалдар жарияланды, 33 брифинг ұйымдастырылды.
Бесінші бағыт – қоғам алдында жауапты және транспарентті мемлекет қалыптастыру шаралары аясында 2016 жылға Республика Үкіметімен бекітілген меморандумға сәйкес 11 аса маңызды мақсатты индикаторлар бойынша мониторинг жүргізілуде.
Арнайы қабылданған заңға сәйкес қоғамдық кеңестер құрылды, жыл басынан бері облыстық кеңестің 2 мәжілісі өтті.
Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында 6 салықтық түсімді жергілікті деңгейге алу құқығы берілді. Бұл қаражатты жұмсау бағыттары жергілікті қауымдастықпен анықталады. Қазір ауыл әкімдері қауымдастықтың қажеттілігі үшін есепшоттағы қаржыны қосымша толықтыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізуде.
Жинақтап айтқанда, жыл басынан бері Ұлт жоспары шеңберінде атқарылған жұмыстар осындай. Әрине, бұл алда жасалатын көлемді жұмыстың бастамасы ғана.
Елімізді, соның ішінде Сыр өңірін саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа сатысына шағаратын, қоғамға жаңа өмір сапасын әкеліп, әр адамға жаңа елдік түсінік, отаншыл көзқарас, азаматтық ұстаным беруі тиіс «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру – бір ғана әкімшіліктің, тек мемлекеттің жұмысымен бітпейді. Елбасының бұл бастамасы да барлық отаншыл ұйымдардың, жасампаз азаматтардың күш біріктіруін талап етеді. Соның ішінде қалам мен микрофон ұстаған Өздеріңіз бен Сіздердің әріптестеріңізге артылар аса жауапты міндет бар. Қадамдарымыздың оң, істеріміздің берекелі болуы халқымызды жан-жақты және қатесіз ақпараттандыруға байланысты.
Сіздер де өз міндеттеріңіздің биігінен көрінеді деп сенемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |