МАМАНДАНҒАН ОРТАЛЫҚ қалтқысыз қызмет етеді

МАМАНДАНҒАН ОРТАЛЫҚ қалтқысыз қызмет етедіБылтыр наурыз айында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Қызылорда облысы филиалы жанынан Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған еді. Әуежайға барар жолда 5 гектар жерге орын тепкен орталықтың жұмысымен жуырда танысып қайтқан болатынбыз.

Жасыратыны жоқ, бұрын жүргізуші куәлігін алудың машақаты көп еді. Тамыр-таныс іздеген былай тұрсын, тапқанның өзінде өліп-талатын жұрт. Қазір қалай? Қазір автокөлік жүргізуді үйрететін мектеп курсын тәмамдап келсеңіз болды. Теориялық және тәжірибе жүзінде емтихан тапсырасыз, ойдағыдай баға алсаңыз, әрі кетсе екі сағаттың ішінде жүргізуші куәлігіңіз дайын. Осы айдың аяғына таман автомектепте оқуды міндеттемейтін заң күшіне енуі тиіс. Ол кезде А және В санаттары бойынша куәлік алғысы келгендердің жұмысы одан сайын жеңілдегелі тұр.

Жалпы, мұнда жүргізуші куәлігін беру және көлікті тіркеу-шығару төңірегіндегі қызметтер көрсетіледі. Айталық, сіз көлігіңізді сатқыңыз келіп, орталыққа кірдіңіз делік. Алдымен, анықтама бөліміндегілер сізді қажетті маманға жібереді. Сонан соң, сатып алушы және сатушы тараптардың берешек айыппұлдарының бар-жоқтығы анықталады. Одан кейін салық органына қарыз еместігі тексеріледі. Әрмен қарай кедендік рәсімдеудің жай-жапсары талапқа сай ма, сай емес пе, осы тұсы нақтыланады. Әрине, бұл қызметтер үшін тиісті органдардың қызметкерлері ұйымдастырылған. Сонан соң, барып фотосуретке түсесіз де, 2 сағат ішінде көліктің техникалық құжаты дайын болуын күтесіз. Арнайы күту залы бар, екінші қабатта асхана орналасқан. Бұл уақытта орталық ішіндегі «Лотон» фирмасы сіз күткен құжатты едел-жедел дайындау үстінде болады. Көлігіне VIP нөмір тағам деушілер болса, қалтаңызға кемінде 300 мың теңге салып келсе жетіп жатыр. Сатылымда тұрған «444 CBA 11» сериялы нөмірі, мәселенки, 290 577 теңге тұрады. «777», «001»-ге көңіліз ауса, 483 588 теңге төлейсіз. Мына деректі айта кетейік, былтыр жоғары сұранысқа ие 77 нөмір сатылып, орталық мемлекет бюджетіне 24 млн теңгеқаражат түсіріпті.

Жүргізуші куәлігін алу да осылайша рет-ретімен кете береді. Біз орталық меңгерушісінің міндетін атқарушы Бағдат Шахановпен тілдескенбіз.

– Ашылғалы бері орталық тұрғындарға 41 735 қызмет көрсетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 33 798 бол­ған еді. Оның 3 768-і жүр­гізуші куәлігін беруге қатысты. Егер де тұрғынның ав­томектепті бітіргендігі жөнінде куәлігі болса, келеді де іштен дәрігерлік тексеруден өтеді. Сосын теориялық, тәжірибелік сынақтар тапсырады. Сынақтан сүрінсе, ертеңіне қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Айта кетейін, куәлікті алғаш рет алуға талаптанғандар емтиханнан құлаған жағдайда, бір жетіден соң қайта бағын сынай алады. Сынақтан ойдағыдай өткендер 2 сағатқа жетпей куәлік алады, - дейді Бағдат Шаханов.

Сынақ демекші, мұнда сынақ тап­сыру­шының қарым-қабілетін компьютер анықтайды. Яғни, бәрі электронды түрде. Бармақбасты, көзқыстыға салып, тұтынушының құқығын таптауға жол жоқ. Жалпы, мекемеде 60-қа жуық қызметкер жұмыс жасайды. Материалдық- техникалық базасы толық­қанды жарақ­тан­­дырылған. 4 жеңіл көлік, 1 тіркемесімен жүк көлігі бар. Бұлар жүргізуші куәлігін алам, сынақ тапсырам дейтіндерге қызмет ететін темір тұлпарлар. Жәй ғана көлік айдап үйренгіңіз келсе, ақысын төлеп 1 сағат тізгіндеуіңізге де болады. Сондай-ақ, скутер да бар екен. Бірақ, әлі күнге бұл техника бойынша қызметке жүгінгендер кездеспепті.

Жуырда халыққа қызмет көрсететін бұл мекеме қайта құрылымдаудан өтті. Ендігі атауы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызметкөрсету орталығы» департаменті болып өзгерді. Осы департаменттің №4 бөлімі – мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. Әрине, аты өзгергенмен, заты өзгерген жоқ. Қай кезде де халыққа қалтқысыз қызмет етеді.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2016 г. 764 0