КӘСІПКЕРДІҢ ЖЕМІСТІ БАСТАМАСЫ

КӘСІПКЕРДІҢ ЖЕМІСТІ БАСТАМАСЫШиелі кентіндегі кондитерлік цехының өнімдері үлкен сұранысқа ие. Онда тәттілерден бөлек нан өнімдерінің бірнеше түрлері күнделікті дайындалып, сауда орындарына жөнелтіліп жатады. Тандыр нан және де тапсырысқа сай тоқаштар мен бөлкелердің бірнеше түрі тұтынушылар талабынан шығып келеді. Отандық өнім өндіру мекемесінде ашылған күннен бері еңбек ететін Мәдина Исмайлова, Гүлнар Мұқашева, Фарида Тәшімова, Ұлжан Әбішбаевалар ауысым арқылы өндірісті жұмысын тоқтатпай, шеберліктерін шыңдау үстінде. Оларға қажет кезде Ақерке есімді және бір шебер көмеккке келеді. Өйткені, күнделікті өндірілетін өнімнің сыртында мейрамханалар мен дәмханалардан щұғыл тапсырыстар түсіп жатады. Сондай-ақ, жеке отбасылар немесе мекемелерден де аталған кондитерлік цехының өнімдеріне құштарлық танытатындар табылып жатады.

– Тәтті печеньелердің де бірнеше түрінің қалыптары бар, оларды да сұранысқа сай, сапалы етіп дайындап береміз. Ал адам көп еңбек ететін өндіріс орындары да біздің жапқан бөлкелер мен таба нандарымызды, тәуір көреді. Өйткені, баға оншалықты қымбат емес бастысы – сапасы мен тазалығы. Тұтынушы алдында ұятқа қатып, сенімсіз болмасақ екен деймін, – деп ағынан жарылды кондитерлік цехын ашу жобасының авторы және ақылшы ұстазы Ғалия Сүлейменова. Цех 2004 жылдан бері жұмыс істеп, тұтынушыларына өз өнімдерін ұсынып келеді. Бұрын жалға алып жұмыс істеп келсе, соңғы екі жылдан бері өз ғимараттарына қол жеткізді. Ғимаратта шикізатты, нанды сақтайтын қойма, жұмысшылардың демалыс бөлмесі, жуынатын орындары тазалыққа сай қалыптастырылған. Нақты кезеңде кондитерлік цех жанынан бағасы арзан дәмхана да жұмыс істейді. Оған қызы Гүлжан жетекшілік етсе, жалпы кәсіптің тізгіні ұлы Алмастың қолында. Осылайша Елбасы назарындағы отбасылық бизнесті жандандыру барысында байырғы сауда саласының есеп қызметкері Ғалия Сүлейменова өзгеге үлгі боларлық қызмет саласын ұйымдастырып, жолға қойып отыр. Онда айына 600 мың теңгеден астам нан өнімдері дайындалып, халықтың тұтынуына ұсынылып келеді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 сәуір 2016 г. 822 0