« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Көктем келісімен Сыр өңірінде тазалыққа көңіл бөлініп, ауыл-аймақ, елді мекендер мен облыс орталығында тынымсыз тіршілік басталып кетті. Яғни, санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп, туған шаһардың келбетін көріктендіруге күш салынып жатыр.
Тазалық – денсаулық кепілі. Ал ол жеке бас гигиенасынан бөлек қоршаған ортамен де тікелей байланысты. Сондықтан да табиғатты қорғау, айналаны таза ұстау кез келген адамның азаматтық борышы. Алайда, біздің қала тұрғындары оны қаншалықты сезініп жүр? Бұл сауалға тосылып қалатынымыз анық. Себебі жеке сектор тұрғындары қоқысты көшеге тастап кете беретінін көз көріп жүр. Ал оның бұрыстығын айта қалсаңыз, бар жауапкершілікті қоқыс тазалайтын мекемеге ысыра салады. Қала тазалығы өзіңнен бастау алып, өзіңді құрметтеуден басталатынын ескерсек, кез келген саналы адам жан-жағын ластамаған болар еді.
Бүгін осындай шырғалаңы көп, жауапкершілігі жоғары жұмысты жүйелеп, ұйымдастырып отырған «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Құлмағанбетов шаһар тазалығымен айналысатын мекемелердің бейнетін бағамдап берді.
– Талғат Бекмырзаұлы, әңгімені «Қызылорда тазалығының» негізгі жұмысы мен техникалық мүмкіндіктерінен бастасақ.
– «Қызылорда тазалығы» мекемесі облыс орталығының тазалығын түгел қамтиды. Жезқазған күре жолы бойындағы Досан ауылынан бері әл-Фараби шағын ауданын, Тасбөгеттен қалаға кіреберіс жағынан бастап көше тазалығына жауапты. Серіктестіктің «Тұрғын үй» ЖШС, «Ақсырым» ЖШС, «Зеленстрой» ЖШС мердігер мекемелері бар. Олар орталық алаң, Тұңғыш Президент паркі, «Ақмешіт» шағын ауданынан Тереңөзектің жолындағы облыстық туберкулез ауруханасына дейінгі аймақтардың тазалығын бөліп алған.
Өз жұмысын бастағалы облыс әкімінің қолдауымен серіктестікке 548 млн теңге бөлініп, заман талаптарына сай, соңғы үлгідегі 63 дана техника алынып берілді. Өткен жылы да облыстық бюджет қаржысына 12 түрлі қызметтер атқаратын көлік пен 22 шаңсорғыш алынды. Бұл техникалардың барлығы соңғы үлгіде жабдықталған. Мәселен, «бақша тракторы» деген көлік тұңғыш рет біздің өңірге 2013 жылы әкелінді. Швециядан шыққан онымен жазда шөп оруға, қыста қар тазалауға болады. Көгалдандыру жұмыстарына, қала тазалығына да пайдаланамыз. Ал қоқыс тазалайтын көліктердің көпшілігі көрші Ресейден әкелінген. Одан өзге жаяу жүргіншілерге арналған жолды тазалайтын арнайы шағын шаңсорғышымыз бар. Ал «ДНК» деген ресейлік құрылғы уақытты да, жұмыс күшін де үнемдеуге мол мүмкіндік берді. Бұрындары көше бойындағы темір қоршауларды жууға бірнеше адам жұмылатын. Қазір техниканың көмегімен, көше бойындағы темір шарбақтарды екі сағатта жуып шығуға болады.
Бүгінгі таңда 54 техника күнделікті таңғы алтыдан кешкі жетіге дейін орталық полигонға 300 текше метрден аса қоқыс шығарады. Бұдан бөлек түнгі кезекші көліктер жұмыс істейді. Олар коммерциялық нысандар мен жеке сектордағы қоқыстарды шығарады. Атап айтсақ, базарлар мен сауда орындарында, мекемелерде адам аяғы басылған уақытта жұмысқа кіріседі.
– Қала тазалығы мен оның санитарлық тазалығы, абаттандыру жұмыстарына техникадан бөлек адам санын қажет етеді. Жұмыс күші жеткілікті ме?
– Қазіргі таңда штат бойынша 367 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі – көше тазалайтын жұмысшылар, жүргізушілер, қоқыс тиеушілер, көгалдандырушылар. Олар негізінен қаланың санитарлық тазалығымен, абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Соған сай көшедегі талдарды, бордюрлерді және темір қоршауларды, айналма жолдарды, бағаналарды сырлап, әктейді. Сондай-ақ, келісімшарт негізінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, кіші және орта бизнес нысандары мен жеке сектордан шыққан қоқыстарды полигонға жеткізу де бізге жүктелген. Жұмыс күші жеткілікті деп те айта алмаймыз. Әрине, адам санының аздығы сезіледі. Жұмысшы санын көбейту мақсатында қалалық жұмыспен қамту мекемесінен жұмыссыздыққа тіркелген 70 азаматты қоғамдық жұмысқа алдық. Себебі қаланың санитарлық тазалығына, көркейту, абаттандыру жұмыстарына көктем, жаз мезгілінде қол күші қажет етеді.
– Жеке сектордағы тұрғын үйлермен келісімшарт негізінде жұмыс істейсіздер ма? Ақылы қызмет түрін тарқатып айтып берсеңіз.
– Қазіргі таңда 1323 жеке сектордағы тұрғын үймен келісімшарт негізінде жұмыс жасап жатырмыз. Бұл қызметті кез келген үй пайдалана алады. Көпқабатты үйде тұрғындарына адам басына 120 теңгеден есептелсе, жеке үйде тұрғындарына 204 теңге көлемінде. Ал жеке секторлар контейнер орнатса, айына 1080 теңге төлейді. Қоқысты алып кету уақыты екі жақты келісіліп, келісім-шартқа жазылады. Алайда, оған көпшілігі құлықсыздық танытып отыр. Тіпті қоқысты бір мезгілде шығаруға дағдыланбай отырғандар да бар. Осы арада бөле-жара айтарымыз бізге бөлінетін қаржы тек қаланың санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарына қаралған. Сондықтан айналасын таза ұстау, жеке үйінен шыққан қоқысты бей-берекет тастамау әр тұрғынның өзіне жүктелген міндет. Ендеше, туған қаласының тазалығына әр адам жауапкершілікпен қараса деген тілек бар. Сондай-ақ, өзі тұратын аудан, көше көркіне нұқсан келтіріп, автокөліктердің қозғалысына қауіп келтіріп отырған тұрғындармен кешкі мезгілде рейд жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Құрамында жергілікті полиция, қалалық әкімдік қызметкерлері кіретін топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізуде қоқысты орынсыз жерге тастаушыларға қарсы айыппұл салу шаралары да қарастырып жатыр. Сондай-ақ, темір жол жанындағы стихиялық тасталған қатты тұрмыстық қалдықтар, канал ішіндегі күл-қоқыстар іріп-шіріп, көзге көрінбегенімен сол жердің ауасын ластап, сасық қолаңса иісі тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Ал, бұндай жасырын тасталған тұрмыстық қалдық үйінділері қаншама.
«Тазалық – зор байлық» дегендей, тазалықты бүкіл халық болып сақтап, оны бұзушылардан тазалықты сақтауды талап етпесек, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып қоймақ. Сол себепті тазалықпен күреске бағытталған рейд шаралары алдағы уақытта белсенді жүргізілетін болады.
Сұхбаттасқан
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |