ҚЫЗЫЛОРДА ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Өткен сенбіде ҚР Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірімізге іссапармен келді. Сапар барысында «Кристалл-Менеджмент» ЖШС-да, «Арысқұм» кенішінде болған вице-министр Досан ауылында орналасқан АГРС-2 құрылысымен де танысты.
Жуырда пайдалануға берілетін екінші автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қолдауымен салынып жатқан болатын. Естеріңізде болса, Елбасының 2008 жылғы Жолдауын жүзеге асыру негізінде республиканың оңтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының І кезеңі аяқталып, іске қосылған. Бүгінде 1475 шақырымды құрайтын газ құбырының 846 шақырымының біздің өңірімізден өтуі облыстың барлық елді мекендерін газбен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Осы уақытқа дейін «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбыры арқылы газбен қамтылып келген Қызылорда қаласында газдың жетіспеуі секілді қиындықтар ендігі жерде орын алмайтын болады.
– Бүгін сапар барысында бірқатар нысандарда болдым. Өздеріңіз көріп отырғандай, екінші автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылса, қыс айларында газ қысымының  төмендеуі, шалғай аудандарға жетіспеуі секілді мәселелер шешімін табатын болады. Нысанның құрылысы 4,3 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы қаланың газ желілеріндегі газ қысымын бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік болады, – деді М.Мырзағалиев. 
Айта кету керек, аймақтың газбен қамтылуы кезең-кезеңімен жүзеге асырылса, 2014-2015 жылдары аймағымыз толығымен газбен қамтылады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 1 220 0