ТАЗАЛЫҚ АЙЛЫҒЫ: ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕНДЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

ТАЗАЛЫҚ АЙЛЫҒЫ: ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕНДЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫКеше Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйі жанындағы өңірлік коммуникациялық орталығында облыстағы тазалық мәселесіне қатысты арнайы жиын болып өтті. Онда облыс әкімінің өкіміне сай 10 наурыздан басталған тазалық айлығының барысы туралы баяндалды. Екі айға созылатын шара барысында облыс аумағындағы елді мекендердің санитарлық тазалығына, көркейту, көгалдандыру жұмыстарына аса мән берілмек. Оны ұйымдастыру және үйлестіру арнайы құрылған жұмысшы тобына жүктелген.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжановтың айтуынша, осы мақсатта бүгінде арнайы мобильді топ құрылып, рейд шаралары басталып кеткен. Ол жұмыстар барлық елді мекендерді, теміржол және "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралінің аумағын қамтымақ. Ал көпшілікті тазалық айлығына жұмылдыру мақсатында "Таза аула”, "Таза көше”, "Ауылына қарап, әкімін таны” деген сынды байқаулар жарияланған.

– Тазалық айлығы жарияланған алғашқы екі аптада барлық аумақты аралап тұрғындарға, кәсіпкерлерге ескерту жасадық. Ал енді одан нәтиже шығармағандарға заңға сай айыппұл салынатын болады. Сонымен қатар арнайы билборд жасатып, көшелерге ең таза және лас елді мекендердің суреттерін шығаратын боламыз, – дейді Еркебұлан Бекжанов.

Ал жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Амангелді Бақытжановтың айтуынша, қоғамдық орындарды ластаудың өзі заң бойынша ұсақ бұзақылық фактілеріне жатады екен. Соған сай белгіленбеген жерге қоқыс тастаған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. Алайда мұны қаперіне алмай кез келген жерде шемішке шағып, темекі тұқылын тастайтындар көп көрінеді. Сондықтан бұл ретте тазалық мәдениетін қалыптастыруға отбасында және оқу орындарында күш салған жөн болар. Жиын барысында қалада шағын қоқыс жәшіктерінің аздығы мен егілген көшеттердің күтімсіз қалатындығын сынға алған тілшілер сауалына орай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов:

– Сын-ескертпелеріңіз орынды. Біз осыған сай ағаш отырғызу, оны күтіп-баптау жайында мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мұндай ақцияларға біздің де мамандардың қатысуын қадағалау туралы құзырлы орындарға ұсыныс жолдадық. Сонымен қатар қаланы ая қсумен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоба әзірледік. Ол қыруар қаржыны "Ислам банкі” арқылы несиеге алсақ деген жоспар бар, – деді.

Осылайша тазалық айлығының алғашқы онбес күндігін баяндаған мамандар алда атқарылар жұмыстың көптігін жеткізді. Айтуларынша, бұл жолғы шара әдеттегіден жүйелі, әрі қарқынды жүргізілмек. Алайда оның қала орталығын ғана емес, шет аймақтарда үйіліп қалған қоқыстарды тазалауға қаншалықты қауқарлы екендігін уақыт көрсетеді.

 

М.ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 наурыз 2016 г. 1 071 0