ҮШЕМНІҢ АТА-АНАСЫНА ТОЛЫМДЫ ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

ҮШЕМНІҢ АТА-АНАСЫНА  ТОЛЫМДЫ ТАРТУ ЖАСАЛДЫНаурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда Қызылорда қаласында дүниеге келген үшемнің ата-анасын қабылдап, автокөлік кілтін табыс етті.

 

Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің 23 жастағы тұрғыны Ботагөз Байкен еліміздегі ең жас көпбалалы ана атанды. Айша, Хадиша, Райана атты қызғалдақтардың 3 және 1 жастан асқан екі ағасы бар.

– Үшемнің бауы берік болсын. Еліміздің демографиялық дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Ең бастысы, сәбилердің дені сау болып өссін. Ал біз аймақтағы ана мен баланың денсаулығын жақсартуға жағдай жасау үшін бар күшімізді саламыз, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кездесуде.

Өз кезегінде үшемнің ата-анасы да жылы лебіздерін жеткізді.

– Үшем дүниеге келгенде қатты қуандық. Ерекше сезімге бөленгеніміз рас. Қазір қыздарымыздың денсаулығы жақсы. Дәрігерлер де үнемі хабарласып, бақылап отыр. Біздің қуанышымызға ортақтасып, сый-сияпат көрсетіп жатқан облыс басшылығына, дәрігерлерге алғысымызды айтамыз. Облыс әкімі тұрғын үйлердің көп салынып жатқандығын айтып, үй кезегіне тұрсақ, баспана алуға мүмкіндігіміз бар екенін жеткізді, – дейді үшемнің анасы Ботагөз.

Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде төрт мыңнан астам сәби өмірге келсе, оның 28-і егіз екен. Ал Айша, Хадиша, Райана есімін иемденген бұл қызғалдақтар облыс бойынша жыл басынан бері туылған ең алғашқы үшем екенін айта кету керек.

 

 Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2016 г. 812 0