« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Күн мен түннің теңесіп, жаңа күйге енетін кезін асыға күткен жұртшылық ұлы мерекеге куә болу үшін жылдағы дәстүрмен Қызылорда қаласындағы орталық алаңға ағылды. Алаңда биыл мерекелік датаға орай 25 үй тігілген болатын.
Мерекелік шара Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театры алдында орнатылған жылжымалы сахна төрінде басталды. Театр алдындағы жылжымалы сахна үстінде «Ұлы даланың ұлыс күні» көпшілік сахналық қойылымында атаулары аймағымыздан тысқары жерлерде де жақсы белгілі «Томирис», «Дидар», «Нұргүл», «Сыр сұлуы», «Арайлы» би ұжымдары өздерінің өнерлерімен жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ театр артистері, түрлі этнос өкілдері сахна төрінің ажарын ашты. Ал әжелер ансамблі екінші мүшел – 25 жасқа толған жігітке жігеріне жігер берсін деген тілекпен кемер белбеу сыйлады. Осы кемер белбеудей халқымыздың ынтымағы берік, еліміздің бірлігі бекем болсын деген тілек тіледі. Сахнада сонымен қатар шашу салт- дәстүрлері жасалды. Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халыққа құттықтау сөзін арнады.
– Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Шуақты күні мен маужыраған түні теңескен Ұлы далаға нұрын шашып, жерге жылу, жанымызға жарқын үміт беретін, ырыс пен берекенің, ризық пен несібенің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Алаңдарымызға боз үйлер тігіліп, дастарханымызға ақ толатын, елге мерей, жұртқа мейір сыйлайтын бұл мерекені халқымыз қашанда еңсесі биік елдіктің,іргесі мығым бірліктің, тұтастық пен ынтымақтың салтанаты санаған. Наурыз – оң өзгерістердің, келер жаңалықтардың жаршысы. Табиғатпен үндес бұл күн әр шаңыраққа шаттық, әр адамның жүрегіне мейірім сыйлайды, қоғамды игілікті іске бастайды.
Сондықтан да бұл күні адамдар бұлақтың көзін ашып, тал еккен, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдескен. Бір кездері ұмыт болған Наурыз мейрамы Тәуелсіздігіміздің арқасында жаңа Қазақстан үшінде орны бөлек мерекеге айналды. Бүгінде Наурыз көпұлтты халқымыздың сүйікті мейрамы. Ендігі бірлік пен ынтымақтың нышаны деуге болады. Адамзатқа ортақ құндылықтар мен тіршіліктің заңына негізделген, дін мен ұлтқа бөлінуді білмейтін бұл мереке бар халықты біте қайнастырған, шынайы жалпы халықтық қуаныш. Наурыздың ізгі мұраты мен бейбіт болмысы әлемдік дәрежеде танылды. 2010 жылы БҰҰ Наурызды халықаралық мәртебесі бар мерекелер күнтізбесіне қосты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев сөзімен айтсақ, «Ұлыстың Ұлы күні – барлығының көңілінде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күні”. Расында бұл күні барша жұрт өкпе мен ренішті ұмытып, ағайынмен табысады. Бір-біріне бақыт пен береке тілеп, амандық айтысады. Халқымызды осы пейілінен айырмасын. Наурыз жылдан жылға әр әулеттегі берекеге демеу, ынтымаққа тірек бола берсін.
Бүгін қос тойың қабат, өмірің абат болсын деген қазақы тілек орындалған ақжолтай күн деп те айтуға болады. Кешегі өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттары сайлауында халқымыз Елбасы бастаған «Нұр Отан» партиясына сенім артып, елдік таңдау жасады. Барша қазақстандықтар мен бірге біздің де жерлестерміз Елбасы төңірегіне топтасып, тұтастық пен тұрақтылыққа, бірлік пен ынтымаққа, қарқынды даму менен экономикаға қолдау білдірді. Жасаған таңдауымыз табысқа жетелесін!
Саяси өмірімізде Наурызбен бірге келген жасару мен жаңару елімізді жаңа биіктерге бастағай. Біз үшін тәуелсіздіктен асқан мұрат, Мәңгілік елден асқан мақсат жоқ. Осынау биік жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген баршаңызға жақсылық тілеймін. Ұлыстың Ұлы күні барлық тілектеріңіз қабыл болып, Қорқыт атамыз қолдап, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай! Ақ мол болсын, құт қонсын, Қыдыр бақ дарысын!
Облыс басшысы құттықтауынан кейін сахнадағы салтанат жалғасын тапты. Облыстық филармония әншілері Наурыз туралы поппурилер шырқаса, 150 домбырашы орындаған Құрманғазының «Балбырауын» күйі ешкімді бей-жай қалдырмады. «Қамажай» биін мың бұралған 80 биші қыз орындап, «Қаражорға» биін 350 студент билеп берді. Концерттік бағдарлама аясында Махамбетов ауылының әжелер ансамблі мен «Сыр сандуғашы» балалар вокальды тобы өнеріне жұртшылық ықыласпен қол соқты.
Облыс әкімі бастаған топ мұнан кейін алаңға тігілген ақбоз үйлерді аралап, «Тұсаукесер» рәсіміне қатысты. Бұл рәсімде 25 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Рәсімді орындауға аймақ басшысымен қатар, ардагерлер Ыдырыс Қалиев, Бөрібай Құлманов, қоғам қайраткері Алма Ақдәулетова, Батыр ана Ханымкүл Оспанова, өнер қайраткері Үмігүлсім Бегімова, тағы басқа көптеген танымал тұлғалар қатысты. Рәсім орындалып болғаннан кейін ардагер Б.Құлманов бүлдіршіндерге өмірге басқан қадамдарына ақжолтай батасын берді.
Алаңға келген қала тұрғындары мен қонақтары осында ұйымдастырылған әртүрлі сайыстарға қатысып, мерекенің мерейін шығарды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |