СЫР САЙЛАУШЫЛАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

СЫР САЙЛАУШЫЛАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫҚызылорда қаласындағы №101 орта мектепте орналасқан №263 сайлау учаскесі ашыла салысымен сайлаушылар белсенділігі бірден байқалды. Сайлау комиссиясының хатшысы Гүлнұр Едігееваның айтуынша, сайлау учаскесінде 1854 сайлаушы тіркелген. Азанғы сағат 9-ға дейін электораттың 30 пайыздайы таңдауларын жасап үлгерді.

Сағат тілі 10-ға жақындағанда халықтың белсенділігі жоғарылап, келушілер кезекке тұрып, дауыс берді. Осы сайлау учаскесіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келіп, өз таңдауын жасады.

Сайлаушылар қатарынан Ильиндер отбасының мүшелерін жолықтырып, ел өміріндегі маңызды оқиға туралы пікірін білген едік.

– Әрбір қазақстандық сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы керек деп ойлаймын. Біздің отбасы мұндай маңызды науқаннан қалыс қалып көрген жоқ. Өйткені тәуелсіз еліміздің ертеңі, балаларымыздың болашағы біз қабылдаған шешім­дерге байланыс­ты, – деді екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің ағасы Алексей.

Сонымен бірге біз әңгімеге тартқан Ақнұр Қалымова сайлауға алғаш рет қатысуда. Ол кәмелет жасына жеткен азамат ретінде маңызды қадам жасайтынын айтты. Ақнұрдың құрбы-достары да дауыс беруге түгел қатысуға ниет танытыпты.

–Құрбыларыммен хабар­ласқанымда, барлығы да өз сайлау учаскелерінде екендерін айтты. Бүгін әлеуметтік желілерге дауыс берген сәтіміз бейнеленген суреттерді салуды жөн деп таптық. Ел болашағына қатысты үлкен науқанға қатысу арқылы ұлы істерге біздің де үлес қоса алатынымызды сезіндік, – деді ол.

 

Мемлекетіміз үшін маңызды саяси науқанға аймақ тұрғындары белсенділік танытты. Өңіріміздегі "Құрылыс және бизнес” колледжінде орналасқан №207 қалалық сайлау учаскесінде де тұрғындардың дауыс беру қарқыны жоғары болды. Таңғы сағат жетіден бастап сайлау­шылар дауыс беруді бастап кетті. Жұртшылықпен бірге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та өз таңдауын жасады.

Аталған сайлау учаскесіне 2151 сайлаушы тіркелсе, оның барлығы да белсенділік танытуда. Арасында алғаш рет сайлауға қатысып отырғандары да бар. Сайлаушылардың ең жасы 18 жаста болса, үлкені 77 жаста. Сондай-ақ, үйден дауыс беретін сайлаушылардың саны 30-ға жеткен. Сайлау учаскесінің төрағасы Орынбай Қуанышбаев дауыс берудің қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Наурыз мерекесімен қатар келген бұл науқанды ол жақсылыққа балап отыр. Ерте келіп бірінші дауыс берген Нина Сергейқызы мен алғаш дауыс беруші Мадина Жомартқа оқу орнының қолөнершілері әзірлеген жиһаздар сыйға тартылды.

***

Қала тұрғындары мен қоғам қай­раткерлері, түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтар Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттары сайлауына біркісідей қатысып, дауыстарын берді. Олар өздері дауыс беруге тиісті сайлау учаскелеріне ерте келушілер қатарынан табылды. Мәселен, қаладағы №198 мектепте орналасқан №206 сайлау учаскесіне тұрғындар таңғы жетіден бастап келе бастады. Ең алдымен 70 жастағы Асылбек Ақболаев та алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Жалпы мұнда сайлаушылардың саны 1970 адамды құраған. Сайлау учаскесінің төрайымы Анжелика Садықбекова:

– Бүгінгі дауыс беру барысында сайлаушылар белсенділігінің деңгейі өте жоғары болды. Кәмелет жасына толып, саяси науқанға тұңғыш рет қатысып жатқандарға мамандарымыз сайлау заңдылықтарын түсіндірді. Сағат 10-ға дейін сайлаушылардың 30 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Ал денсаулығына байланысты 21 адамның үйіне қызметкерлеріміз барып, дауыс беру жүргізілді, – дейді.

Сондай-ақ, №206 сайлау учаскесіне қоғам қайраткері Алмагүл Божанова келіп, дауыс берді.

– Бізде маңызды оқиға болып жатыр. Себебі еліміздің заң шығарушы органы Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Түптеп келгенде, осы арқылы өз болашағымыз бен тұрақтылығымызды басты орынға қойып, елдігімізді бекіте түсеміз, –деді.

Сайлау барысында бірінші болып алғашқы бес дауыс берушіге сый-сияпат көрсетілді.

***

Еліміз үшін маңызды саяси науқанға аймақ тұрғындары бірауыздан қатысты. Тіпті перзентханада жатқан аналар да өз таңдауларын жасап үлгерді. Таңғы сағат жетіден басталған жабық сайлау учаскесіндегі қарбалас сағат 10-ға дейін аяқталып үлгерді. Түнде ота жасатқан әйелдер де бұл саяси шарадан тыс қалмауды ұйғарыпты. Арасында алғаш рет сайлауға қатысып отырғандары да бар. Соның бірі – Назерке Тәңірбергенова. Тұңғышын бауырына басқан келіншек жақында ғана он тоғызға толыпты. Наурыз мерекесімен қатар келген мұндай жаңалықтарды ол жақсылыққа балап отыр.

– Перзентханада жатып таңдау жасау өмірімдегі ұмытылмас сәт болды. Бұл менің азаматтық міндетім деп білемін. Алғаш рет қатысып отырғандықтан аздап қобалжыдым. Дегенмен, еліміздің, балаларымыздың болашағы үшін ойланып шешімімді қабылдадым. Қасымда жатқан өзге аналар да оның жүгін сезініп, өз шешімдерін жасады, – дейді ол.

Ал қалалық перзентханадағы №214 жабық сайлау учаскесінің төрағасы Олег Ким сайлауға мұндағы қатысуға тиіс 132 сайлаушының барлығы келгендігін мәлімдеді. Бақылаушылар да ешқандай заңбұзушылықтың болмағандығын, барлық талаптардың сақталғандығын жеткізді. Осылайша, болашақ ел тұтқасын ұстар азаматтарды дүниеге әкелген аналарымыз бүгінгінің қалаулыларын таңдады.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,

Сара АДАЙБАЕВА,

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2016 г. 755 0