ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

 

ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯНЫҢ  ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІҚазақстан тағы бір абыройлы белестен асты. Кешегі өткен сайлауда Бірлік-Тұрақтылық-Жасампаздықты ту еткен партия жеңіске жетті. Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Нұр Отан» партиясының жеңісіне арналған «Жеңімпаздар форумы» өтті.

Форум басталар алдында экраннан экзит пул зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижелері көрсетілді. Онда «Сіз қай партияға дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сұрақ қойылған. Сауалнама кездейсоқ таңдап алынғанеліміздің 110 сайлау учаскесінде жүргізілді. Дауыс беріп шыққан әрбір бесінші сайлаушыдан сауалнама алынған. Сауалнамаға барлығы 30 мың адам қатысты. Таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жүргізілген сауалнама нәтижесі «Нұр Отан» партиясына 82 пайыз дауыс бергенін көрсетті.

Форумды «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашты.

– Бүгін біз Тәуелсіз еліміздің тарихына енер тағы бір зор қуаныштың, бірлік пен ынтымақтың арқасында келген кезекті жеңістің куәсіміз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтті. Ұлы Далаға қоныстанған төрткүл дүниеге мызғымаз тұтастығын тағы бір паш етті. Қазақстан халқы бір ауыздан келіп, Елбасы төңірегіне топтасқан «Нұр Отан» партиясын қолдады. Экзит пулдың мәліметтері бойынша кешегі сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 77,1 пайызы қатысты. Сайлаушылардың 82 пайызы «Нұр Отанға»дауыс берді. Соның ішінде, қызылордалықтардың 81,75 пайызы сайлауға қатысып, бұл жолы да ерекше белсенділік көрсетті. Сайлауға келген халқымыздың 82 пайыздан астамы өз сенімін Сіз бен Біздің партияға аманат етіп тапсырды. Бұл нәтиже Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің, мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер болған халықтық партияның, елдік мүдде үшін біріге білген халқымыздың ортақ жеңісі.

Осыдан кейін сайлауда жеңіске жеткен жерлестерін құттықтаған аймақ басшысы елге абыроймен қызмет етуге тілектестігін жеткізді. Ол алтыншы шақырылған мәслихаттар құрамы мен құрылымына қатысты жаңалықтарды да атап өтті. Депутаттық құрамның 65 пайызы жаңарып отыр. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға сайланған 147 депутаттың 23-і әйелдер қауымының өкілдері. Яғни, алдыңғы құраммен салыстырғанда әйелдер үлесі 9-дан 17 пайызға дейін, ал жастар үлесі бес есе өсті. «Нұр Отан­мен» қатар «Ақжол» және «Ауыл» партияларының өкілдері де өтті. Облыс басшысы жаңарып, жасарған құрамдағы халық қалаулылары белсенді жұмыс істеп, өңір экономикасы мен әлеуметтік дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мұнан кейін форумда Қазақстан Рес­­публикасы Пар­ла­­менті Мә­жі­лі­­­­сінің депутаттығына «Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша кандидат Балайым Кесебаева, жас депутаттар арасынан Тәуелсіздік құрдасы Ержан Жақупов, Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты Зағипа Әбжәлелова сөз сөйлеп, жерлестерін сайлаудағы айқын жеңістерімен құттықтап, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында мағыналы мақсаттарды жүзеге асыруға күш- жігерлерін аямайтынын жеткізді. Форум қатысушылар шырқаған «Атамекен» әнімен түйінделді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2016 г. 646 0