ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫКеше Қызылорда қаласында 180 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.

Жаппасбай батыр көшесіндегі апаттық жағдайдағы үйдің орнына салынған баспана табалдырығын 60 отбасы аттады. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанған жандарға арнаған сөзінде:

– 2014 жылдың қорытындысымен 264 пәтердің кілтін тапсырған болсақ, былтыр 2684 отбасы баспаналы болды. Нәтижесінде бір жылдың ішінде қалада пәтер кезегінде тұрғандардың 17%-ы үй алды. 53 көпқабатты үй салдық, биыл 67 тұрғын үй салып, пайдалануға береміз. Кезегін күтіп жүрген халықтың 24,3%-ы осы жылы пәтер алғалы отыр. 2 жылда үй кезегінде тұрғандардың 41%-н баспанамен қамтамасыз ететін боламыз. Бұл – үлкен жетістік. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, жиналғандарға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов батасын беріп, мерекелік лебізін жеткізді.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында пайдалануға берілген тұрғын үй облыс әкімінің апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін шешу тапсырмасына орай бой көтерді. Нақтылай түссек, 2013 жылы 25 апаттық үй тіркелген болатын. Олардың орнына жаңа нысан салу үшін 60 пәтерлік 5 үйдің, 100 пәтерлік 1 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бүгінде 144 пәтер тұрғындар игілігіне беріліп үлгерілді. Биыл 100 пәтерлік 1 үйдің және 60 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталмақ. Демек, апатты үйлер мәселесі келер жылы толығымен шешіледі.

Жаңа қонысқа қолы жеткен тұрғындар облыс әкіміне өз ризашылықтарын жеткізді. Солардың бірі – Әмина Ғаниева.

– Отбасымызбен 12 жыл апатты үйде тұрдық. Бүгінгі қуанышымды айтып жеткізе алар емеспін. Жаңа баспанадан үміттенгенімізбен, қолымыз жетпей қалады ма деген күмәннің басым болғанын жасырмаймын. Елбасының қолдауымен арманымыз орындалып жатыр. Барлық үйлі болып жатқандарды қуаныштарымен құттықтаймын, – деді ол ағынан жарылып.

Сондай-ақ, осы күні Титов шағын ауданында 120 жас отбасы пәтер иесі атанды. Аймақ басшысы жас отбасыларды жаңа қоныстарымен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол облыстың даму қарқыны өскендігін құрылыс жұмыстары еселенуінен байқауға болатынын айтып, құрылысшыларға алғысын білдірді.

Соңғы жылдары облыстағы тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып отыр. Мемлекет қаржысы есебінен салынатын тұрғын үй көлемі облыс бойынша 2015 жылы 3,5 есеге, ал Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысы 8 есеге артқан. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында игілікті іс, шаңырақ егелерінің шат-шадыман көңілі осынау жетістіктің тағы бір дәлеліндей болды.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2016 г. 1 001 0