ДИҚАНДАР НАУҚАНҒА КІРІСТІ

ДИҚАНДАР НАУҚАНҒА КІРІСТІСыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына толық­тай дайын. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 162,6 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде дәндi дақылдар 81,4 мың, мал азықтық дақылдар 59,1 мың, картоп, көкөнiс, бақша 16,7 мың, майлы дақылдар 5,4 мың гектарды құрауы тиіс.

Негізгі дақыл – күрiштің көлемі 76,3 мың гектар (былтырмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға аз). Биылғы жылдың егісіне облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өткен жылдың күз айларынан дайындалып, 2043 гектар күздік бидай егіліп, қазіргі уақытта егіс жағдайы жақсы деп бағаланып отыр.

Көктемгі егіске қажетті күріштің 23184 тоннасы қамбаларда сақтаулы тұр. Оның ішінде 4465,8 тоннасы "Маржан”, 9175,7 тоннасы "Янтарь”, 8728,5 тоннасы "Лидер”, 245 тоннасы "Анаит”, 535 тоннасы "КазЕр-6”, және 4 тоннасы "КазНИИР-5” сұрыптарын құрайды. Қазіргі таңда аудандарда тұқымдарды тазалау, себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, шаруа­шылық­тарға жоғары сұрыпты күріш тұқымы сатылымға шығарылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «Мағжан и К» ЖШС – 1800 тонна, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ» ЖШС – 970,2 тн, «Таң ЛТД» ЖШС – 1252 тн, «Рза Агро» ЖШС – 1000 тн, «Сыр маржаны» ЖШС - 597 тн және «Төңкеріс» ЖШС 597 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымын сатуға дайындап отыр.

Тұқым жаңарту жұмыс­тарында да жаңалықтар бар. «Байқоңыр ӘКК ҰК» АҚ-на қарасты «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС облыстық бюджеттен 75,5 млн қаржыға «Таң ЛТД» және «Төңкеріс» серіктестіктеріне Краснодар өлкесінен 334 тонна элита тұқымын әкелуге жұмыстар жүргізіп жатыр. Болашақта аталған тұқым шаруашылықтары элиталық күріш сорттарын көбейтіп өзге шаруашылықтардың тұқым сапасын көтеретін болады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп, баптап, оны өсіру жұмыстарына 50,9 мың тонна минералдық тыңайтқыштар бөлініп, қоймаларда сақтаулы тұр. Арамшөптерге қарсы қолданатын 11 165 литр гербицидтердің ішінде «Гулливер» – 820 литр, «Номини» – 1015 литр, «Солито» – 4560 литр, «2М4Х» – 600 литр, «Рейнбоу» – 3600 литр және 570 литр «Торнадо» диқандар қажетін толықтай өтейтін болады.

Техникалардың дайындығына тоқталар болсақ, қолда бар 1815 трактор, 475 соқа, 245 тұқым сепкіш, 365 автомашина және 905 трактор тіркемесі көктемгі дала жұмысына сақадай сай. Былтыр машина трактор паркін жаңалау мақсатында шаруашылық құрылымдары барлығы 266 дана техника сатып алды. Оның ішінде 181 данасы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы, 85 данасы шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен алынған. Бұл үрдіс биыл да дағдарысқа қарамастан, жалғасын табатын болады, дейді сала мамандары.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 30 мың тонна жеңілдетілген дизель отынының есебі жасалып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Бұл аймақ агроқұрылымдарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге жетеді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 наурыз 2016 г. 905 0