« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Теміржол вокзалының алды таңсәріден жұртшылыққа лық толды. Аумақты алаңға жиналғандардың жүзінен мерекелік көңіл күй аңғарылады. Көкбайрағымызды асқақтата көтерген нар тұлғалы жігіттер, қолдарына шар, жалауша ұстаған жастар, көктемгі қызғалдақтай құлпырған қырмызы қыздар айтулы шараның жақын қалғанын сездіргендей. Міне, тағатсыздана тосқан сәт те келіп жетті. Қабырғасына айшықты әріптермен «Мәңгілік ел» деп жазылған пойыз ортаға жеңіл сырғып тоқтады. Шалқыған әуен құйқылжыта төгілген еді. Қадірменді қонақтарды ақ кимешекті әжелер қауымы ұлттық дәстүрімізге сай шашу шашып қарсы алды.
Жиналғандар алдында құттықтау лебізін білдірген Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында жасақталған «Мәңгілік ел» пойызының ауданда болуы өңір тұрғындарына зор мәртебе екендігін атап өтті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов тұргындар атынан делегация мүшелеріне ақ жол тіледі.
«Мәңгілік ел» пойызының делегация басшысы, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісов аталған сапардың мақсаты қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, қазақстандықтарды Елбасының бейбітшілік пен келісім саясаты төңірегіне топтастыру екенін айтып, пойыз сапарын республикамыздың 33 елді мекенінде өткізу жоспарланғанына тоқталды. Сыр өңіріндегі сапар тарихы терең Қазалыдан басталғанын, делегация құрамындағы Ауыл шаруашылығы, Денсаулық, Әділет министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өзге де салалардың білікті мамандары, басшылары жұртшылыққа ақыл-кеңес беріп, арнайы қабылдау жасайтынын жеткізді. Қарсы алу рәсімінің соңында аудан өнерпаздары орындаған «Қазалы вальсі» әнін қонақтар аса қошеметпен қабылдады.
«Мәңгілік ел» пойызының делегация мүшелері Мәдениет орталығында тұрғындармен жүздесті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап ашты. Делегация басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әміржан Әлпейісовтің нақты деректермен шұрайлы тілде жеткізген әңгімесі мәнді болды.
– Тәуелсіздік – асыл мұратымыз. Біздің егеменді елімізде ширек ғасыр аралығында іргелі істер атқарылғаны, төрткүл әлемге танылғаны баршаға аян. Достықты ту көтерген сан ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешуде. Баршасы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатының нақты жемісі – деді белгілі ғалым.
Сондай-ақ делегация мүшелері «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Талғат Жақиянов пен Астана қалалық «Ахыска» түрік мәдени орталығының төрағасы Аскер Пириевтің лебіздері де көпшіліктің көңілінен табылды. Мұнан соң Қазалы ауданының тұрғындары Светлана Крюгер мен Жұма Нафисаөздерінің қазақ ұлтына арналған жүрекжарды ризашылықтарын мемлекеттік тілде мүлтіксіз жеткізгенде соғылған шапалақ үні кең залды кернеді. Жиын соңында құрметті қонақтар аудандық кітапхана ұжымына құнды кітаптарды сыйға тартты.
Келесі кезекте «Мәңгілік ел» пойызындағы білікті дәрігерлердің науқастарды қабылдаған сәтінің куәсі болдық. Аудандық емхананың іші-сырты адамға лық толы екен. Бәрінің өңінен үміт нышаны байқалады. Әсіресе кардиолог, бала дәрігері деген атау ілінген кабинет алдында кісі қарасы мол.Солардың бірнешеуін әңгімеге тарттық. Жанқожа батыр ауылының тұрғыны М.Қоспан дәрігерге немересі Мадиярды тексеруден өткізуге әкеліпті. Сүп-сүйкімді балақанды бүйрек сырқаты мазалайды екен. Бұған дейін ауданда, облыс орталығында емделген Мадиярға астаналық дәрігерлер ақыл-кеңестерін айтып, қуантса керек.
Қазалы қаласының тұрғыны Гүлнар Пірімбетова Айару атты кішкентайын тексерген пульмонолог-дәрігер Шамшагүл Наурызалиеваның тарапына алғысын жеткізсе, Пірімов ауылындағы дәрігерлік емхананың фельдшері Бақыткүл Ысмайлдан елді мекеннен бірнеше адам келгенін естідік. Ал аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ләйла Ахмет санаулы уақытта көптеген адамның тексерілуге тіркелгенін, дәрігерлік қызметтің жоғары деңгейде екенін айтты.
«Мәңгілік ел» пойызының мүшелері бірнеше жерде кездесулер, жеке қабылдаулар жасады. Жанқожа батырдың кесенесінде болып, баба рухына тағзым етті. «СПК Қызылорда балық», «Қазалы конфеті» ЖШС, «Рза» АҚ-ның жұмысымен танысты. Ауданның көрікті жерлерін аралады. Сапар соңы Тәуелсіздігіміздің торқалы мерекесіне арналған «Мәңгілік ел» акциясының гала концертіне, жастардың флешмобына ұласты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |