КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ЕЛ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ЕЛ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІЕлбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру басым бағыттардың бірі болып белгіленген. Өткен жылдың соңына таман құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі, оның құрамындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мемлекеттік аппаратты жаңғыртудағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыс бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жазира Жылқышиевамен болған сұхбат осы саладағы реформаларды түсіндіруге бағытталды.

– Жазира Жақсылыққызы, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру реформасының қоғамға пайдасын, жаңадан құрылған министрліктің мақсатын айтып өтсеңіз...

– Ұлт жоспарының ең басты алғышарты экономикалық бағдарламалар мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапалы іске асырылуын қамтамасыз ететін, халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арналады. Мұндай мемлекеттік аппарат мемлекет пен ұлттың ұзақмерзімді мүдделерін басшылыққа алады.

Елбасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігін, оның құрамында – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлтық бюросын құру турасында «осылайша мемлекеттік қызметтің ғана емес, сонымен қатар барынша сыбайлас жемқорлық көріністерін ескертуге бағдарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі де жаңғыртылды» деп атап өтті.

– Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң бекіткен өзгерістер қандай?

– «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Бұл елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру кезеңі бастау алғанын білдіреді. Заңдарды әзірлеу кезінде Германия, Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея және т.б. сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі ескерілді. Заң ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, біліктілік негізінде мансаптық өсуге, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауға бағытталған. Мемлекеттік қызмет жүйесінде тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық және қамқоршылыққа жол беретін шарттарды барынша жоюға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қоғам талаптарына толық сәйкес келеді.

– Мемлекеттік қызметке алғаш рет келгендер қандай кезеңдерден өтуі қажет?

– Мансаптық модель аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушылар кәсіби қызметтерін тек төменгі сатыдан бастайтын болады. Бұл үшін олар мынадай айналым сатыларынан өтеді: заңнаманы білуден тестілеу; жеке қасиеттері мен негізгі құзыреттерін бағалаған уәкілетті органның қорытындысы; мемлекеттік органда бейінді білімі бойынша конкурстық әңгімелесу.

Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген азаматтарды, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілерді олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру үшін сынақ мерзімі белгіленеді, яғни алғаш рет қабылданушылар үшін міндетті сынақ мерзімі белгіленеді.

Олар үшін белгілі бір дағдыларды білу талаптары мен сынақ тапсырмаларын қамтитын 3 айға жеке бейімделу жоспары жасалатын болады. Жеке бейімделу жоспарын орындаушыға көмектесу мақсатында тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгер бекітіледі. Жоспарды орындау нәтижелері жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшінің басшылығымен бағаланады.

Егер жоспар орындалмаса, мемлекеттік орган басшысы бейімделу жоспарын қайтадан орындауға мүмкіндік беріп, оны тағы үш айға ұзарту не болмаса босату туралы шешім қабылдауға құқылы болады. Ұзартылған үш ай сынақ мерзімінде де теріс нәтиже көрсетсе, мемлекеттік қызметші міндетті түрде босатылады. Бұл ретте, жұмыстан босату Министрлікпен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен келісіледі.

– Мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі қалай жүзеге асырылады?

– Мемлекеттік қызметшінің қызметтік жоғарылауы оңтайландырылған тәртіппен және қысқа мерзімде ішкі конкурс арқылы жүргізіледі. Ішкі конкурс екі кезеңді қамтиды. Біріншісі бос қызмет орнын толықтыратын мемлекеттік орган ішінде қызметкерлер арасында іріктеуді көздейді. Мемлекеттік орган ішінде ыңғайлы үміткер болмаған жағдайда, екінші кезең жарияланып, онда барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында іріктеу жүргізіледі. Конкурстарға төменгі қызметтерде жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілер қатысуға құқылы болады.

Ішкі конкурс өткізу туралы хабарландырулар мемлекеттік органның және Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің интернет-ресурстарында ғана жарияланатын болады. Оларды өткізу мерзімі екі еседен астам қысқартылады (бұрын ол кем дегенде 25 жұмыс болса, қазір 7-ден 10 жұмыс күніне дейін). Ішкі конкурста да кандидатура анықталмаса, Министрлікпен немесе оның аумақтық департаменттерімен келісіп, жеке немесе квазимемлекеттік секторда салыстыруға келетін еңбек өтілі бар азаматтардың арасында жалпы конкурс өткізілуі мүмкін. Бұл дегеніміз, енді әрбір мемлекеттік қызметші үшін өзін көрсетуге барлық мүмкіндік бар және сәйкес құзыреттілігі болған жағдайда талаптанған лауазымға тағайындала алады.

Жаңа Заңға сәйкес «Б» корпусының кадрлық резерві институты және саяси қызмет хатшылығы – көмекшілер, кеңесшілер, баспасөз хатшыларынан бөлек, ағымды ауыстыру тетігі жойылды. Өткен жылы, яғни жаңа Заң қолданысқа енгізілгенге дейін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтары қызметке бір жылдық мерзімі өткенге дейін конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.

– Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау тәртібінде қандай өзгерістер бар?

– Бүгінде «Б» корпусының басшылық құрамын ротациялау институты енгізілуде. Ротациялаудың тәртібі мен шарттары Президент Жарлығымен айқындалатын болады. Басқа өңірге ротацияланған мемлекеттік қызметшілер жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

– Өзгертілген тестілеу форматының ерек­шеліктеріне тоқталсаңыз...

– Мемлекеттік қызметке іріктеуде білім, дағды және іскерлік маңызды. Бірінші бағдарлама – 135 сұрақтың кем дегенде 95-не, екінші бағдарлама – 120 сұрақтың кем дегенде 72-не, үшінші бағдарлама - 90 сұрақтың кем дегенде 45-не, әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша кем дегенде 5-іне дұрыс жауап беру керек.

Заңнаманы білуге арналған тестілеуден өту барысында шекті мәннен жоғары нәтиже көрсеткен кандидат 20 минуттың ішінде автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне жіберіледі. Автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау шеңберінде кандидаттардың даму деңгейлері, атап айтқанда, жігерлілігі, коммуникативтілігі, талдамалылығы, ұйымдастырушылығы, мінез-құлқы, сапаға бағдарлануы, тұтынушыға бағдарлануы және сыбайлас жемқорлыққа шыдамсыздығы анықталады.

Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі. Олар бір жыл ішінде қолданылады және мемлекеттік органдармен әңгімелесу нысанында өткізілетін үшінші сатыға – жалпы конкурсқа қатысу құжаттарының ажырамас бөлігі болып табылады.

– Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалып­тастыру үшін басқа қандай шаралар қолданылады?

– Мансаптық модельдің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда көрсетілген іріктеу тетіктерімен қатар, шетелдік менеджерлерді тарту да ұсынылды. Олар Кадрлық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның шешімімен келісім-шарттық негізде жалданып жұмыс істейді және арнайы тексеруден өтетін болады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін дамыту үшін кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыру заңды түрде бекітіледі.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілерді өзекті және тиімді оқытуды қамтамасыз ету үшін қайта даяр­лау және біліктілігін арттыру бағдарламалары тәжірибеге енгізіледі.

– Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі туралы айтып берсеңіз...

– Мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбекақыны белгілеу тәртібі де өзгереді. Еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласына көшу жобалануда. Факторлы-балдық жүйе мемлекеттік қызметшілерге еңбегіне сай әділ жалақы алуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілерді жұмыста ынталандыру үшін, яғни мемлекеттік қызметшілердің нәтижелі жұмысын тұрақты бағалап, бонустар төлеп отыру енгізіледі. «Б» корпусы қызметшілерінің жұмыс сапасы олардың жылдық жеке жоспарлары негізінде бағаланады. Осындай бағалаудың нәтижесі бонустар төлеуге негіз болады.

Бұл үшін міндетті түрдегі саралау тәсілі, яғни бағалау қорытындысына байланысты топтарға бөлінген қызметшілердің тізімін жасау қолданылады. Аталған тәсілдерді жүзеге асыру 2018 жылға қалдырылды. Бұл шаралардың бәрі мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын әділ және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілеттігін күшейтуге бағытталған.

Зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғаларды саяси қызметке қабылдауға шектеу және аяқтау тәртібі қатаңдатылуда. Бұл ретте өкілет мерзімі Конституция мен заңдарда айқындалған саяси қызметшілерге жас мөлшері бойынша шектеу таралмайды (мысалға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің және т.б. төрағасы мен мүшелері).

Өзге жағдайларда, зейнет жасына жеткен тұлғаларды саяси лауазымға тек Президент қана тағайындайды. Президент тағайындайтын сая­си қызметшілер зейнет жасына толғанда өз өкілеттіктерін атқаруды Президенттің шешімі бойынша бес жылға дейінгі мерзімге созады.

Зейнеткерлік жасқа жеткен мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік қызмет атқару мерзімі бір жылға ғана ұзартыла алады. Бұл ретте, 2015 жылдың соңына дейін келісім-шарт жасасқан зейнеткерлер, мемлекеттік қызметтегі жұмысын мұндай шарттардың мерзімі аяқталғанға дейін атқаруға құқылы.

Аттестаттау тәсілдері де қайта қаралды. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттау тәртібін, оның мерзімдерін және аттестатталатын мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі. Ұлттық комиссия жасаған тәсілдерге сәйкес аттестаттау 2016 жылдан кейін жүргізіледі.

– Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі туралы әңгіме қозғасақ. Елімізде қабылданған жаңа Әдеп кодексінің талаптары күшейтілді ме? Мемлекеттік қызметшілер әдебі қандай болуы қажет?

– Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаларын бекітетін, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы мінез-құлық стандарттарын айқындайтын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты ескертудегі басты құрамдас болып табылатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» қабылданды.

«Әдеп кодексінде» «Ар-намыс кодексіне» қарағанда мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы, қызметтік қатынастардағы, сондай-ақ, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары кеңінен айқындалған және талаптары күшейтілген.

– Бұған дейін қызмет атқарған Тәртіптік кеңестердің жұмысы одан әрі жалғаса ма?

– Тәртіптік кеңестердің орнына енді Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс жасайтын болады. Кеңестердің негізгі қағидалары мен міндеттері сақталған. Кеңестер мемлекеттік қызметшілерді жазалауға ғана емес, сонымен қатар алдын алуға және құқықтық тәрбиелеуге бағытталған. Мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi, мемлекеттiк органдардың басшылары мен өзге де адамдар Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері бола алады.

Әдеп жөніндегі кеңестер қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың әкімдеріне, облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдеріне қатысты тәртiптiк iстердi қарайды.

Атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнау­лы мемлекеттік органдарды қоспағанда), облыс әкімдерінің аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіледі. Оның функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі. Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші атқара алады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гүлжазира Жалғасова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2016 г. 2 052 0