ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫОблыс орталығындағы ин­дустриялық аймақта салынып жатқан шы­ны зауытының құрылысы қазір қарқынды жүруде. Зауыт ғи­мара­ты­ның эскиздік жобасы өткен жылдың сәуір айында облыс әкімінің төр­ағалығымен болған қала құрылысы кеңесінде мақұлданған еді.

Алдымен индустриялық аймақтан аталған зауытқа арнайылап 50 гектар жер бөлінген-ді. Бұған қоса, оған бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Осылайша, соңғы бірнеше жылдан бері аталған аймақта өндіріске қажетті инфрақұрылымдар жасақталды. Былтыр көктемде кәсіпорынның негізгі ғимараты саналатын қойманың іргетасы қаланғанына куә болғанбыз. Сонымен, «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасының инвесторы болып «STEWART Engineers» атты танымал американдық компаниясы танылды. Осылайша, озық технологиялы америкалықтар біздің «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ және "Қазақстанның Инвестициялық қорымен” бірге өңірдегі ірі индустриалдық жобаны жүзеге асыруда.

Бас мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС – күрделі құрылыс салуда тәжірибесі мол компания. Бұған дейін Шымкент қаласындағы фосфор, қорғасын зауыттарын, Жаңақорған ауданында күкірт қышқылы зауытын мерзімінде бітіріп, қолданысқа берген осы серіктестік. Құрылыс жұмыстарына бас мердігерден өзге қызылордалық «Мұнай құрылыс», «Қарақұм констракшн», «Қазстроймонтаж» және «НСК» серіктестіктері тартылған.

– Құрылыс жұмыстарына 200-ге жуық адам мен 33 техника жұмылдырылып отыр. Жұмысшыларға бар жағдай жасалған. Дайын өнім қоймасына қажетті металлоконструкция толық көлемде алынып, монтаждау жұмыстарының 77 пайызы жүргізілді, – дейді «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның құрылыс жөніндегі директоры Б.Тоқаев.

Бүгінде зауыт бой көтеретін аумақ қызу құрылыс алаңына айналған. Мұндағы 500 орындық вахталық қалашық алыстан «менмұндалап» тұр. Маманның айтуынша, 25 вагоннан тұратын қалашықтың 18-і жұмысшыларға арналған тұрғын үй. Өзгелері кеңсе, асхана және монша. Жыл бедерінде зауыт алаңына уақытша қоршау онатылып, 25 гектар жердің беткі қабатын өсімдіктерден тазалау және тегістеу жұмыстары жүргізілген. Дайын өнімқоймасының ұзындығы 300 метр, ені 150 метрді құрайды. Қазір осы дайын өнім қоймасының іргетасын құю және гидроизоляциялау жұмыстары аяқталған. Бұған қоса, итальяндық және қытайлық бетон жасау қондырғылары орнатылды. Оның алғашқысының қуаттылығы сағатына 65 тонна текше метр бетон болса, екіншісі – 25 тонналық. Жалпы, игерілген қаржының көлемі –11,7 млрд теңге.

Бұл зауыттың бір ерекшелігі, мұнда энергия үнемдейтін де шыны шығарылады. Бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізаттың басым бөлігі жергілікті жерден. Яғни, кварц құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Ал сырттан әкелінетін кальцийлендірілген сода шикізатын таяу уақытта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып өңірімізде өндіру жоспарлануда.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 ақпан 2016 г. 995 0